Жарылыс болған әскери бөлім Арыстан көшірілмейтін болды
2019 ж. 03 шілде
3115
0
Қорғаныс министрлігі бүгін осындай мәлдімдеме жасады. Яғни, қару-жарақ пен жарылғыш заттар түгел көшірілгенімен әскери бөлім осындағы шаңырағын сақтап қалады, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Осыған дейін қала аумағынан табылған жарылғыш зат пен оның бөлшектерінің жалпы саны 10 мыңға жетіп қалғанын айтқан едік. Бұл жұмыстар толық бітпейінше бүкіл жинақталған снарядтар, қол гранаталары, реактивті және ракеталық снарядтар Арыстағы әскери база аумағында болады.
Ермиян Биятов, Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары:
- Арыстағы гарнизонда әскери бөлім осында қала береді. Бірақ қалаға қауіпсіз болады. Жарылғыш заттар жиналып біткеннен кейін олар Арыстан 60 шақырым жердегі арнайы полигонға апарылып, түгел көзі жойылады.
Үрей құшағынан аман шығып, енді бой жаза бастаған Арыс халқы енді тұрмыс жағдайын жөндеуге кіріскен. Зардап шеккен үйлердің ішінде 27-сі жарамсыз болып қалған. Оның 21-і тіпті өртеніп кеткен. Ендігі мәселе жергілікті әкімдік тасымал қызметі, кәсіпкерлік нысандары мен коммуналдық қызметтер сынды халыққа ең қажетті нысандарды іске қосып жатыр.
Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:
- Су және электр энергиясы толығымен берілген. Барлық тасымалдаушы мекемелер жұмысына кірісті. Қаладағы үш наубайхана нанмен халықты қамтамасыз етіп отыр. Және қала аумағында 20-дан астам азық-түлік дүкендері толығымен жұмыс істеп жатыр.
Арысты қайта қалпына келтіру мәселесі бүгін Үкіметте тағы сөз болды. Өйткені, өңірлер қаланы 17 секторға бөліп алып, облыстық қорға жиылған қаражатқа жөндесе, Үкімет оған тағы қосымша қаражат бөлмек. Яғни, үйлерді, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруді әр облыс өзіндік қор есебінен жөндесе, оған республикалық бюджеттен тағы ақша қосылмақ.
Әлихан Смайылов, Қаржы министрі:
- Үкімет резервін 72,9 миллиард теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталатын болады.
Қазіргі уақытта жергілікті билік қалааралық көлік тасымалы қызметін жолға қоя бастаған. Арыстан қатынайтын Түркістан, Шымкент бағытындағы автобус бағыттары бүгіннен бастап жүріп жатыр.