Астана мен Алматыда заңды митинг өтті
2019 ж. 01 шілде
2473
0
Жиналғандар түрлі ойларын ортаға салып, әсіресе әлеуметтік сала бойынша пікірлерін жеткізуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Жексенбінің таңында елордалық белсенділер Жерұйық саябағына жиналды. Ортаға шығып, ойларын айтты. Жиылған жұртпен ассамблея мүшелері, депутаттар тілдесті. Тілектерін тыңдады. Бастысы, арандатушылыққа бой алдырмау маңызды. Әйтпесе шетелде отырып халықты бір-біріне айдап салғысы келетіндер аз емес.
Юсуп Келигов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
– Кейбір жерлестеріміздің ақиқатты көрмейтіні қынжылтады. Ең бастысы, елдегі татулықты, тұрақтылықты қадірлеуіміз керек. Арандатушылар көп. Содан сақтану керек.
Жерұйық саябағынан соң дәл осындай жиын Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Александр Пушкин көшелерінің қиылысында өтті. Митингке көп адам жиналмаған. Шамамен 100 шақты азамат келді. Әрқайсысы ортаға шығып, бүкпесіз өз ойларын жеткізді.
Мереке Нәби, қала тұрғыны:
– Халықтың санасы кішкене өскен сияқты болып еді. Бірақ мына жерге жиналғандар өкпе айтып жатқан сияқты. Өкпе айтуға болмайды. Үкіметте отырған адамдар да біздің адамдар. Сондықтан мына жерде сөйлеп жатқандарға онша көңілім толып жатқан жоқ.
Данияр Шахайдар, қала тұрғыны:
– Аз жиналды. Таң қалып жатырмыз, әйтеуір рұқсат берген ғой деп. Үкімет бізге қарап жатыр. Заңды митинг Алматыда да өтті. Көшеге шыққандар байсалды. Ортаға өз ойларын жеткізді.
Гүлжан Ерғалиева, белсенді:
– Шетелде отырып, «ертең алаңға шығыңыздар» дейтіндер бар. Ол заңсыз. Ал мынадай жиындарға алдын ала рұқсат беріледі. Яғни адамдар өздерінің қауіпсіздігіне кепілдік ала отырып, өз ойларын айта алады.
Халықпен тілдесуге мәслихат депутаттары да шыққан. Тілектер, талаптар тыңдалды. Ойларын еркін жеткізген халық бұдан соң тарқады.