МАҚСАТ– ӘР ТЕҢГЕНІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ
2019 ж. 28 маусым
2051
0
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің шығыстарын қай бағыттар бойынша қысқарту жоспарланып отырғанын атады.
Осыған байланысты, «Атамекен» ҰКП-ның, мүдделі меморгандардың, қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен арнайы үш жұмыс тобы құрылған. Бірінші бағыт – мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шараларын қарастыруға негізделген. Ә.Смайылов елімізде 14 мемлекеттік бағдарлама бар екенін, оларға 2,3 трлн. теңге бөлінетінін еске салды. «Біз әрбір мембағдарлама аясында мемлекеттік қолдау шаралары қаншалықты тиімді әрі нәтижелі екенін көруіміз керек. Осы орайда тиімділігі төмендері бойынша шығыстарды қысқартып, оларды тиімділігі жоғары бағыттарға бұру іске асырылады», – деді ол. Елімізде 6200-ден астам ведомстволық бағынышты ұйымдар бар болса, оның ішінде 320-ға жуығы республикалық деңгейде. Оларға жыл сайын 400 млрд. теңгеден астам бөлінеді. «Осы орайда ведомствоға бағынышты ұйымдардың қай бөлігін жеке секторға беруге болатындығын немесе біріктіру жолымен қайта құруды, сондай-ақ тиімсіз шығыстарды қысқарту үшін олардың қайсысының жұмысын тоқтатуды пысықтауымыз керек», – деп түсіндірді министр. Үшінші бағыт инвестициялық жобаларға негізделген, оларға бюджетте 1 трлн. теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Осы орайда, жол, мектеп, аурухана, әлеуметтік нысандардың құрылысы ескерілген. Бұл тұрғыда, типтік жобалық-сметалық құжатнаманы пайдалануды тыңғылықты пысықтау қажет.
qazaquni.kz