Арыс аумағында радиация қаупі жоқ - Нұрлан Ермекбаев
2019 ж. 24 маусым
2480
0
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылыс болған әскери қалашық туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Арыстағы әскери қалашықтар мен арсенал әскерилердің жіті бақылауында. Олардың бір бөлігі арнайы қорғалған бункерде сақтаулы, бір бөлігі тиісті қорғаныспен қамтылған. Сондықтан, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі (...) Бұл арсенал барлық күзет құралдарымен, дабыл қаққышпен жабдықталған. Қоймалардың айналасы топырақпен көмілген. Сондықтан, аталған оқиға себептерін арнайы құрылған тергеу тобы анықтайтын болады. Мұнда ешқандай радиактивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталған жоқ. Ешқандай радиация қаупі жоқ», - деді Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласында тікелей эфирде өткен брифингте.
Бұған дейін Қорғаныс министрі Арыс тұрғындарына жедел штабтың рұқсатынсыз баспаналарына қайтып келмеуді өтінді. Себебі Арыстың көшелерінде жарылмай қалған оқ-дәрілер болуы мүмкін.
Барлық үйлер мен кварталдар полиция мен қарулы күштердің жіті бақылауында. Сондықтан ешқандай тонаушылық пен ұрлық-қарлық болмайды.