Жаңаөзендегі оқиғаны жан-жақты тексеруді талап етеміз

й Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:           Таяуда «Ақ жол» партиясының басшылығы ұлттық-патриоттық бірлестіктермен кездесу өткізді. Жиын барысында «Ұлы дала» қозғалысының төрағасы Айдос Сарым Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеруші Мемлекеттік Комиссияның құрамына оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғам өкілдерін қосуды ұсынды. «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев аталмыш комиссияны құру кезінде Мемлекет басшысының «...ақпараттың мейлінше ашықтығын қамтамасыз етуді, қорытындысы туралы халыққа хабарлауды, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды қатыстыруды» тапсырғандығын атап өтті. – Біз белгіленген тәртіп бойынша комиссияның жұмысына қатысу үшін өз өкілдерімізді жіберуге дайынбыз, – деді Азат Перуашев. – Желтоқсанның 17-сіне қараған түні қабылданған «Ақ жол» партиясының Мәлімдемесінде «Партия осы оқиғаға орай атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беруді қоса алғанда, оған тиісті дәрежеде құқықтық және саяси баға бере отырып, әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізуін талап етеміз» деп атап көрсетілген. Осыған орай, «Ақ жолдағылардың» пікірінше, ҚДП-ның беделді мүшелері қатарынан тәуелсіз сарапшыларды тарту Мемлекеттік комиссия жұмысының қоғам үшін шынайылығын, оның ашықтығын және транспаренттілігін қамтамасыз етеді.

Айгүл КЕРІМ