Меруерт ҚАЗБЕКОВА:«Ақ жол» партиясында депутат болуға лайықты адамдар бар

ф           Меруерт ҚАЗБЕКОВА, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Ақ жол» партиясы президиумының мүшесі:  – Меруерт апай, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз... – Қазақ даласының ең әсем жері Көкшетау қаласында дүниеге келіп, бойжеттім. Алғашқы еңбек жолымды туған өлкемнен бастадым – 1998 жылы Көкшетау қаласындағы «Тілектес» фирмасының директоры қызметін атқарумен қатар, қоғамдық жұмыстармен де айналыстым. Сол жылы «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының» Көкшетаудағы филиалын басқардым. Сонымен қатар, АҚШ-та САБИТ бағдар­лама­сымен оқып келгеннен кейін, 2001 жылы «Кәсіпкер әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық қорын құрдым. Дәл сол кезеңде «Ақ жол» партиясы құрылып жатқан еді. Осы партияның қатарына кіріп, содан бері партия жұмысында қоғамдық белсенділік танытып жүрмін. Осылай қоғамдық жұмыстармен айналысқаныма он жылға жуық уақыт болыпты. Негізінен, қоғамдық жұмыстармен араласуыма бизнес әлемінде жүргенде көптеген сұрақтардың туындауы әсер етті десем, қателеспеймін. Осы қоғамдық жұмыстардың арқасында көптеген өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік туды. Бір айта кетерлігі, «Ақ жол» партиясының Ақмола филиалын басқарып жүргенде де осы шағын және орта бизнестің дамуына көп көңіл аударатынбыз. Қазіргі уақытта да «Ақ жол» партиясының жоспарында да, сайлауалды бағдарламасында да шағын және орта бизнес басты назарда. Ал кәсіпкер әйелдер одағы осы шағын бизнестің қатарына кіреді. Бізде әйелдердің 70 пайызы шағын бизнеспен айналысады. Әрине, шағын бизнесте қаржы, салық, заң төңірегінде көптеген сұрақтар туындайды. Менің ойымша, бұл мәселелер әлі де маңызды болып отырғаны анық. – Қазіргі таңда қазақ әйелдерінің жағдайы қалай? – Бүгінгі таңда қазақ әйелдерінің жағдайы, жалпы, жаман емес дер едім. Еліміз тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде әйелдердің беделі мен имиджін көтеру үшін көптеген жұмыстар атқарылды және атқарылып та келеді. Орта және шағын бизнесте көбіне-көп әйелдер. Бірақ саяси билікте әйелдер аз. Халық санының 52 пайызын әйелдер құрағанына қарамастан, өкінішке қарай, облыс, қала, аудан әкімдерінен әйелдер шыға қоймады. Менің ойымша, қазіргі әйелдер бизнес пен экономикада ғана емес, саясатқа да дайын дер едім. – Меруерт апай, өмір бол­ғаннан кейін түрлі қиындықтар мен ауыртпалықтар болатыны заңдылық. Осындай үлкен жетіс­тіктерге қалай жеттіңіз? – Әрине, өмірімде көптеген қиыншылықтарды басымнан өткердім. Мен ата-анамның қолдауымен осындай дәрежеге жеттім деп айта аламын. Әкем Қазыбеков Айтқажы белгілі геолог, КСРО-ның алғашқы құрылтайшыларының бірі, Қазақ Ғылым Академиясының мүшесі, профессор және онға жуық кітаптың авторы. Көп жылдар бойы солтүстік гидролизді геологиялық экспедицияны басқарған жоғары білімді кісі болды. Бізді отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамдарға мейірімді болуға тәрбиеледі. Десе де, өмірде үлкен жетістіктерге жету үшін көп оқу керек. Негізгі мамандығым – экономист. Саясатқа қадам басқан сәттен бастап, осы салада білімімді жетілдіру керек екенін түсіндім. Сөйтіп, 2004 жылы Мәскеу қаласында, Ресей президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының саясаттану факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы үздік бітіріп шықтым. Және кандидаттық диссертациямды да осы оқу орнында 2010 жылы қорғадым. Бір түсінгенім, белгілі бір жетістікке жету үшін білім мен еңбек қажет екен адамға. – Тәуелсіздік алғанымызға 20 болды. Алайда, тіл мәселесі шешімін таппай келеді. Неліктен деп ойлайсыз? – Кез келген тіл – қатынас құралы болып табылады. Қазіргі менің ең басты мақсатым – қазақ тілін үйрену. Біздің уақытымызда қазақ мектептері де, не жоғары оқу орындары да жоқтың қасы еді. Оның үстіне, Солтүстіктің қызы болдым және Мәскеуде білім алдым. Әрине, бұл себеп бола алмайды. Негізі, өмірде бір жетістікке жету үшін адамға өзіндік талпыныс пен өзіңнің күшіңе сене білуің керек. Сонда ғана көздеген мақсатыңа жете аласың. Сондықтан да күніне екі сағат уақытымды бөліп, қазақ тілін үйренуге бар күшімді салудамын. Тіпті, соңғы уақыттары белсенді үйреніп жүрмін десем де болатын шығар. – Отбасылық жағдайыңыз қалай? – Алланың берген екі ұлы бар. Екі ұлым да жоғары білім алған. Қазіргі уақытта бірі бизнеспен айналысады, бірі компанияда жұмыс істейді. Екеуі де үйленген, екі немерем бар. Құдай қосқан қосағыммен бөлек тұрамыз. Әйтсе де бөлек кеттік екен деп араласпай қойған емеспіз, қарым-қатынасымыз өте жақсы. – Бүгінгі күні қоғамдағы қандай мәселелер толған­дырады? – Мені еліміздің қауіпсіздігі қатты алаңдатады. Қорқынышпен өмір сүру жақсы емес. Дегенмен алдағы уақытта барлығы өз орнына келеді деген сенімдемін. Бір жағынан мемлекетіміздің осындай биікке жеткені еліміздің тыныштығының арқасы деп білемін. Алдағы өткелі отырған сайлауда әділдіктің болғанын қалар едім. Негізі, елімізде көппартиялы Парламент және сөз бостандығы болуы тиіс. Алдағы сайлау көздеген мақсатымызға жетуге өз септігін тигізеді деп ойлаймын. – Алдағы өткелі отырған Парламент Мәжілісі сайлауынан қай партия жеңіске жетеді деп ойлайсыз? – Мен он жылдан бері, «Ақ жол» партиясы құрылған алғашқы күннен бастап осы партияның қатарындамын. Осы кезеңде байқағаным, «Ақ жол» партиясы мәселеге терең үңіліп қана қоймай, барлық іске белсене араласып келеді деп айта аламын. Біздің партиямызға келген адамдардың барлығы ел жағдайына бей-жәй қарамайтын жандар. Сол себепті «Ақ жол» партиясының Парламентке барғанын қалар едім. Өйткені, «Ақ жол» партиясында депутат болуға лайықты адамдар бар. – «Ақ жол» партиясына қалай келдіңіз? – Мен үнемі белсенді болатынмын. Басында осы «Ақ жол» партиясының мүшелері қатты әсер етті. Мәселен, О.Жандосов, Ә.Бәйменовтың идеялары қатты ұнады. Содан болар, кейіннен бірге жұмыс жасай бастадық. – Меруерт апай, осы уақытқа дейін өмірден қандай ой түйдіңіз? – Осы он жыл бойы саясатқа, экономикаға, қоғамдық жұмыстарға араласып жүріп, кез келген жеңілістің жеңіске апарар жол екенін түсіндім. Мен өзім де сайлауға түсіп көргенмін. Әрине, жеңілістің дәмі ащы. Мен көп еңбек еттім, сондықтан депутат болуға лайықтымын деп ойлайтынмын. Өзімнің бойымдағы біліміммен, жинаған тәжірбиеммен елге барынша көмектескім келетін. Әр сәтсіздіктерден кейін, енді бұл істермен айналыспаймын деп ойлайтынмын. Бірақ, мақсатқа жету үшін адамға қайтпас қайсарлық керек екен. Бірден ешнәрсеге жете алмайсың, сол үшін көп еңбек ету керек. Негізі, мен қызуқанды жанмын. Дегенмен, осы өткен жылдар мені шыдамдылыққа, сабырлы болуға үйретті. Жеке тұлға ретінде қалыптастым. Адамдарды түсінуді және кешіруді үйрендім. Тіпті, олардың орнында болып көруге де тырыстым. Бұл жетістікке жетуім осы партияның арқасы. Бүгінде ел ордасы Астана қаласына көшіп келдім. Осы жылдар аралығында менің өмірімде көптеген оқиғалар болды. Балаларым оқуды бітірді, шаңырық көтерді, маған тәп-тәтті немере сыйлады. Соған қарамастан әлі де болса жоспарларым көп. Дегенмен, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» көптеген жұмыстар атқарды. Мен осы бірлестіктің еліміз үшін атқарған істерімен мақтанамын. Мәселен, әйелдердің экономикалық және саяси өрлеуіне үлкен үлес қоса білді. – Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа көңіліңіз тола ма? – Өзім саясатпен айналыс­қан­дықтан, саясат үлкен мүмкіндіктердің өнері екенін баса айтқым келеді. Саясат – бірден бола қоятын дүние емес, бірте-бірте болатын процесс. Осы жиырма жылдың ішінде ақырындап өз жобаларымызды жүзеге асырып келе жатырмыз. Әрине, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер көп. Сондықтан да, саяси билікке келген партиялар осы сұрақтардың шешімін табады деген сенімдемін. – Осыдан бірнеше күн бұрын Астана қаласында «Ақ жол» пар­тиясының мүшелеріне Елбасының мерекелік медалі табысталды. Оның ішінде сіздің де еңбегіңіз бағаланды. Сол сәтте қандай күйде болдыңыз? – Әрине, біздің еңбегімізді бағалағаны үшін өзімді бақытты сезіндім. Бұл жерде менің ғана емес, бүкіл «Ақжолдықтардың» еңбегі бағаланды. Мен үшін күтпеген қуаныш, тосынсый болды. – Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңында қазақ халқына не тілер едіңіз? – Жиырма жыл деген тарихта аз ғана уақыт. Тәуелсіздік жолында қаншама ұрпақ опат болды. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан отандастарыма айтарым, ең алдымен осы Тәуелсіздікті бағалай білейік. Аллаға шүкір, еліміз өте бай. Менің әкем марқұм: « Еліміздегі байлықтарды игере алатын мамандықтарды оқу керек» деп айтатын. Сондықтан да айтарым, бүгінгі өскелең жастар экономика, заң салаларына қызыға бермей, еліміздегі байлықтарды игере алатын мамандықтарды оқыса деген арманым бар. Сонымен қатар, осы жиырма жыл еліміздің аяғынан тік тұруына арналса, енді жиырма жылдан кейін елімізді өркениетті, дамыған елдер қатарында көргім келеді. Сөз соңында қазақтың әрбір азаматы осындай мемлекетте тұрғанын мақтан тұтса дер едім. – Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Әсел РЗА