"Халық пікірін ескеру дегеніміз не? Бұл халық арасында сауалнама жүргізу немесе референдум өткізу. Сондықтан алаңдамаңыздар: егер АЭС салынса, міндетті түрде ол жайлы естисіздер, білесіздер. Халық өз пікірін айтады. Егер "жоқ" десе, ешкім ештеңе салмайды. Сіз бен біз Семей сынақ полигонын бастан өткердік, мұны жақсы түсінеміз. Қаншама адам зардап шекті. Бұл жады - оны "гендік жады" деп атаймыз. Бұл қоғамда АЭС-тің салынбауын қолдайтын көңіл-күйді қалыптастырып отыр. Қалай болғанда да, АЭС салу бойынша жоспар, шешім қабылданған жоқ" деді министр.
Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері "Қазақстанда АЭС салу бойынша тендер жарияланғанын", "бірқатар халықаралық компаниялардың оған қатысуды жоспарлап отырғанын" хабарлаған. Осы ақпаратты меңзеген министр егер қандай да бір шетел ұйымдары не компаниялар түсініктеме берсе, бұл олардың Қазақстанға өз өнімін сатқысы келгенінен хабар береді деген.
Сәуір айының басында Ресейге сапарлап барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде президент Владимир Путин Қазақстанда "ресейлік технология" бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар әртүрлі пікір білдірген.
Келесі күні энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев станция құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбағанын, алайда атом электр станциясы орналасуы мүмкін аумақ ретінде Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын атаған.
Елде мамыр айында болған наразылық шараларында өзге ұрандармен қатар "АЭС салынбасын!" деген талап та болған.
Дереккөз: Abai.kz