«Ақ жол» фракциясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы әкімдіктердің делдал-компанияларын жабуды талап етеді
2019 ж. 19 маусым
2348
0
«Ақ жол» фракциясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы әкімдіктердің делдал-компанияларын жабуды талап етеді – аталмыш сауалды бүгін Меруерт Қазбекова Ұлттық экономика министріне жолдады. Сауал Нұр-Сұлтан қаласының табиғи монополия қызметі тұтынушыларының өтініштеріне сәйкес жолданды.
«2017 жылдың қаңтарында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында экономикадағы мемлекет үлесін 15%-ға дейін азайтуды тапсырған болатын: «Бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың мамыр айындағы Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында да Үкіметке мемлекеттік компанияларға рұқсат етілген барлық қызмет түрлеріне тексеріс жүргізіп, оларды қысқартуға байланысты ұсыныстарды енгізу туралы тапсырмасын берген», - делінеді сауалда.
Қазбекованың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік кәсіпорындардың бірсыпырасын қысқарту қажет. Мысалы, Нұр-Сұлтан қ. әкімдігіне қарасты 1999 жылы құрылған «Астанаэнергосервис» АҚ қызметі – «Астана-энергия», «Астана-Теплотранзит», «Астана-РЭК» АҚ, «Астанинская энергосбытовая компания» ЖШС сынды т.б. энергетикалық кәсіпорындарды басқару болып отыр.
«Ақ жол» партиясы, өздігінен ешқандай қызмет атқармағанымен, құны тарифтелетін мұндай «басқарудың» кез келген түрін тұтынушыларға артық жүктеме деп есептейді.
Депутат Елбасының өткен жылдың 7 қарашасындағы Қауіпсіздік кеңесі отырысындағы коммуналдық қызметтегі негізсіз тарифтер – халыққа қарсы жасалған қылмыс деген сөзін еске түсірді.
Интернеттегі мәліметке сүйенсек, сыйлықақы мен бонусты есептемегенде, мемлекеттік делдалдық компания басшысының жалақысы 1,5 млн тг, оның төрт орынбасарынікі – 1 млн 300 мың тг. Өздігінен ештеңе өндірмейтін контораның жалақы қоры 600 млн тг құрайды. Бұған кеңсе, қызмет көлігі, жиһаз, кеңсе техникасы және т.б. жабдықтарды қосыңыз – сонда сөз қарапайым халықтан жасырын жиналған миллиардтар туралы болмақ.
Осыған байланысты фракция депутаттарында мынадай сұрақтар туындайды: Аталмыш делдал әкімдік пен өнеркәсіптік компания арасындағы қандай қызметтерді атқарады? Салалық қызмет пен әкімдік басқарма шенеуніктері мұндай жалақыны не үшін алып жүр?
Ашық деректерге сүйенсек, аталмыш «Астанаэнергосервис» АҚ құрамында күдік келтіретін тағы бір кәсіпорын бар. Ол қаланы электрмен жабдықтаумен айналысатын «Астана энергосбытовая компания» кәсіпорны.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласын 7 жекеменшік кәсіпорын электрмен жабдықтайды.
«Бәсекелестік нарықта мемлекет тарапынан тағы бір компания құрудың қажеттілігі неде? Не себепті не антимонопольді орган, не астана әкімдігі бұл ұйымның қызметі Үкіметтің электрмен жабдықтау саласында коммуналды кәсіпорындарды құрмау туралы 2015 жылдың 28 желтоқсанындағы №1095 қаулысына қайшы келетініне назар аудармаған?» - «ақжолдықтар» бұл сауалдың жауабын ала алмай отыр.
Сондай-ақ, депутаттардың ойынша, әкімшілік ресурстары бар мемлекеттік ұйымдардың қызметінен адал емес бәсекелестіктің нышандарын көруге болады. Мысалы, аталмыш серіктестіктің 2012 жылғы абоненттер саны 155 болса, 2016 жылы 4617 адамды құраған, 4 жылда 30 есе көбейді деген сөз. Бұл - нарықтың жекеменшіктен мемлекеттікке өткенінің айқын көрінісі, өз кезегінде ол тұтынушылар үшін де, жеке бизнес үшін де қызмет тарифінің өсуіне және монополизацияға әкеледі.
Осыған байланысты, партия фракциясы көрсетілген фактілерге тексеріс жүргізіп, аталмыш мемлекеттік компанияларды жабу туралы мәселені қарастыруды талап етеді. Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы осыған ұқсас жағдайлар бойынша еліміздің өзге де қалаларында сараптама өткізілуін, олар анықталған жағдайда – ол құрылымдардың жабылуын, адал бәсекелестіктің қайта орнатылуын және коммуналдық қызмет нарығындағы тариф құнының ашық жасалуын қажет деп есептейді.