ҚАЗАҚ ЕЛІ: АСҚАР АСУЛАР
2019 ж. 15 маусым
2480
0
Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жеке ұлттық тарихында тұңғыш рет халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекараға ие болды, соның нәтижесінде барлық шекаралық дау-дамайлар қаупіне тосқауыл қойылды. Бұл – келер ұрпаққа жасалған баға жетпес тарту.
Қазақстан тек қазақтардың ғана емес, 140 этнос пен 17 конфессия өкілінің ортақ шаңырағына, Қазақстан халқы Ассамблеясы Еуразия көлеміндегі мәдениеттер үйлесімділігінің үлгісіне айналды.
Қазақстан 2003 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ғаламдық дінаралық сұхбаттастықтың орталығы болды. Қазақ жерінде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының төрт бірдей съезі өткізілді. Елімізде азаматтық татулық пен тұрақтылық берік орнықты. Қазақстан халықаралық терроризмге берік қалқан орнатты.
Қазақстан ядролық сынақ алаңын жапқан әлемдегі бірінші ел болды, сол арқылы ұлт генофонына төнген қауіпке тосқауыл қойды.
Мемлекеттің жаңа елордасы – Астана салынып, қанатын кеңге жайды, жаңа Қазақстанның символы мен мақтанышына айналып, халықтың күш-жігерін тасытты.
Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында тұңғыш нарықтық экономика елі мәртебесін иеленді. Қазақстан өз дамуында қарышты экономикалық серпіліс жасап, әлемнің кенже дамыған елдері қатарынан сытылып алдыға шықты. Егер 1994 жылы ІЖӨ жан басына шаққанда 700 доллар болса, 2013 жылдың 1 қаңтарында ол 13 есеге артып, 12 мың долларға жетті,
Қазақстандықтардың өмір сапасы жақсарды. Соңғы он жыл ішінде тұрғын үй қоры (2006 ж, - 256,1 миллион шаршы метр, 2016 ж. - 342,6 миллион шаршы метр) 86,5 миллион шаршы метрге артты, 628 мыңнан астам отбасы немесе 1,8 миллион адам қоныстойын тойлады. Егер 1991 жылы тек әрбір алтыншы отбасының автокөлік иеленуге мүмкіндігі болса, 2017 жылы әрбір екінші отбасының жеке автокелігі болды.
Білімді ұлттар тобына қосылуға жағдай жасалды. Қазақстан кемел келешекке негіз қалай отырып, білім саласын реформалауда. Соңғы он жылда білімге салынған қаражат 4 есеге көбейді. 1018 жаңа мектеп салынды. Барлық жалпы білім беретін барлық мектептер компьютерлендірілді. Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. «Балапан» бағдарламасы жемісті жүзеге асуда. Халықаралық озық тәжірибелерді таратушы Президенттік «Болашақ» бағдарламасының түлектері көбеюде. Оқуға, тілдік мәдениет деңгейін көтеруге барлық әлеуметтік топтарға бірдей мүмкіндіктер жасалды.
Қазақстандықтардың өмір ұзақтығы мен балалы болу көрсеткіші ұлғайып келеді, тұтастай алғанда, ұлттың денсаулығы жақсарды. Соңғы екі он жылда 1300 денсаулық сақтау нысаны, 500 аурухана мен емхана салынды. Күнделікті емдеу тәжірибесіне жоғары медициналық технология саласьінан 43 жаңалық енгізілген. Көліктік медицина дамуда.
Қазақстан елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін кең көлемдегі инновациялық индустрияландыруды жүргізуде, Алғашқы бес жылдығында (2010-2014 жж.) Индустриаландыру картасы аясында 3 триллион теңге тұратын 770 жоба жүзеге асырылды. Екінші бесжылдықтан (2015-2019 жж.) бастап 2,5 триллион теңгенің 310 жобасы іске қосылды, 25,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды (2017ж. қыркүйек).
Елде азаматтық қоғам негізі қаланды: көппартиялы саяси жүйе қалыптасты, алуан түрлі бағыттағы 17 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде, 3 мыңнан астам (оның ішінде 80%-і үкіметтікемес) БАҚ жарыққа шығады. Қазақстан өзінің ұлттық тарихында тұңғыш рет жаңа қару-жарақпен жарақталған, құбылмалы әлем мен күрделі халықара-лықжағдайда сенімді қорған болатын,қуатты заманауи армиясын құрды.
Қазақстан өзінің жеке ғарыштық бағдарламасы бар державаға айналып келеді. Біртұтас бастамаға негізделген елдің ғарыштық инфрақұрылымы ұйымдастырылды, ғарыштық қызметті дамытудың барлық стратегиялық бағыттарын қамтитын кәсіпорындары бар. Білікті ғылыми және инженерлік кадрлар қалыптасты. Ғарыштық аппараттардың екі орбиталық тобы нәтижелі іске қосылды: Жерді қашықтықтан зерттеу мен спутниктік байланыс құрылғылары, «Бәйтерек» ғарыштық зымырандық кешенін құру жобасы жүзеге асуда.
Қазақстанның зор халықаралық беделге ие болды. Бұл Президент Н.Ә.Назарбаевтың табанды бейбіт саясатының және ядролық қарудан бас тарту, Еуразия экономикалық одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы сенімділік шаралары кеңесін құру сияқты сантүрлі ғаламдық халықаралық бастамаларының тікелей нәтижесі.
Бұрынғы Кеңестік мемлекеттер тарихында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына басшылық жасады. ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының жаңа ғасырдағы алғашқы саммиті Астанада өтті.
2011 жылы Қазақстан ислам әлеміндегі ең беделді бірлестік – Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік жасады. Оның құрамына 57 мұсылман мемлекеті кіреді.
Қазақстан жаңа халықаралық құрылымдағы ең ықпалды Шанхай ынтымақтастық Ұйымына - екі мәрте (2010-2011 жж., 2016-2017 жж.) төрағалық етті. Бұл ұйымды құрудың басында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет адамзаттың тең жартысы мекендейтін әлемнің ең үлкен құрлығының басты спорт бәсекесі – VІІ қысқы Азия ойындарын өткізді.
Қазақстан – мақсат-міндеттері айқын, 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы бар әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Бұл ұлттың өз болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Жалпыұлттық мақсат - 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену.
Президент Н.Ә.Назарбаев 2015 жылы мемлекеттік аппаратты, құқық қорғау жүйесін, индустриалық саясат пен орта таптың өсуін, ұлт бірегейлігі мен тұтастығын қалыптастыруды, мемлекетті демократияландыруды қамтыған 5 институцио-налдық реформалар бағдарын жариялады. Жарияланған бағдарды тиімді жүзеге асырудың тетігі ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды.
1994 жылдың наурызында Президент Н.Ә.Назарбаев алғаш рет Еуразия Одағын құру жөніндегі идеясын жария етті, кейіннен ол толық жүзеге асты. 2010 жылы Кеден одағының, 2011 жылы Біртұтас экономикалық кеңістіктің және 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы нәтижесінде біз қалыптасқан ірі аумақтықсауда-экононикалық блогына қол жеткіздік.
2015 жылы қарашада Қазақстан көп жылға созылған келіссөздердің нәтижесінде Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. ДСҰ-ға мүше болудың арқасында Қазақстан сыртқы сауда нарығына шығудың тең құқығына ие болды, сонымен қатар, сауда мәселесіндегі кемсітушілік сипаттағы ескертулер мен сауда-саттықдауларды реттеуге байланысты ДСҰ-ның қолдауына ие болды.
Жаңа 2050 стратегиялық бағдары жарияланғаннан бастап (2012 жыл) Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен жүйелі әріптестік қарым-қатынас орнатты. 2017 жылы Қазақстан 34 жұмысшы органның қызметіне қатысып, ұйымның 14 құқықтық реттеуіне қосылды, ЭЫДҰ-ның Инвестиция жөніндегі комитетінің «ассоциациялық мүшесі» болды. Әріптестіктің басты мақсаты – Президент Н.Ә. Назарбаевтың 5 институ-ционалдық реформасын жүргізу, заңнамаларды жетілдіру және мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау жүйелеріне, гендерлік саясат, урбанизация, шағын және орта бизнесті дамыту мен «жасыл» экономикаға ЭЫДҰ-ның стандарттарын, жұмыс істеу тетіктері мен құралдарын енгізу.
Қазақстан өз аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық көлік дәлізін салып шықты. Оның ел аумағындағы оның ұзындығы 2 737 киллометр. 1 036 шақырымға созылған Жезқазған – Бейнеу темір жолы құрылысының арқасында Қытайдан Еуропаға дейінгі арақашықтық 1 200 шақырымға қысқарды.
Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды (2016 жылдың 28 маусымы).
2017 жылы Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялады. Сонымен мемлекет пен қоғам жаңаруының үш бірдей: саяси (конституциялық реформа), экономикалық (2017 жылғы Жолдау) рухани жаңғыру (Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі) үдерісіне жол ашылды.
Қазақстан Түркия-Ресей арасындағы шиеленісті шешу арқылы әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың нағыз белсенді мүшесіне айналды. Сонымен қатар, кейіннен Астана процесі деген тарихи атауға ие болған Сирия дағдарысын реттеу алаңы бола білді.
2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматы қаласында Бүкіләлемдік 28-ші Қысқы Универсиада өтті. Халықаралық жарысқа әлемнің 57 елінің спортшылары қатысты.
Қазақстан бұрынғы кеңестік елдердің ішінде алғашқы болып өз аумағында ғаламдық ауқымдағы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізді. Еліміз тұңғыш рет әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымның өкілдерін қабылдады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары 2018 жылдағы алғаш шетелдік сапары болса, Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамп үшін де жыл басталғалы бергі шетелдік мәртебелі мейманды ресми резиденциясында алғаш қарсы алуы ретінде бағаланды. Алпауыт мемлекеттің президенті Қазақстанның Елбасына жылышырай танытқанын әлем жұртшылығы байқады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында АҚШ-тың іскер топтары өкілдерімен 7 млрд. доллардан асатын инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты экономикалық құжатқа осы кездесуде қол қойылды. Америкалық капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтитын болады. Мысалы, іс-шаралар барысында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы, авиациялық және ғарыштық өнеркәсіп саласында, ауылшаруашылығы, көлік және т.б. саласында жетекші америкалық компаниялармен - Chevron Overseas, W. R. Grace&Co, GE Transportation Parts, Pfizer, John Deere, Amity Technology, Global Beef Investments және басқаларымен коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес, республиканың экономикасын сандық бағытқа көшіруге бағытталған құжаттар рәсімделген. Атап айтқанда, «GE Digital» және «Самрұқ-Қазына» АҚ арасындағы теміржол көлігін, энергетиканы, мұнай өңдеуді және экономиканың басқа да секторларын сандандыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру бойынша стратегиялық әріптестік туралы келісім жасалды. Бұдан бөлек, Қазақстан-Америка сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ екі елдің іскерлік топтарын жақындастыруға арналған маңызды мәселелердің бірі АҚШ-тың ірі қаржылық институттарымен жалпы сомасы $3 млрд. бірлескен инвестициялық жобаларды және сауда операцияларын қаржыландыру туралы құжаттарға қол қоюы болды. Түйіндей айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары, Дональд Трамппен келіссөзінің экономикалық тиімділігі жоғары болды, бұл өз кезегінде елімізге «мұхиттың арғы жағынан» келетін инвестицияның жаңа ағымын қамтамасыз ететін болады.
Қазақстан тарихындағы екінші Президент ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. (2019 ж.).
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңадан сайланған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.
Баспасөз материалдары
бойынша әзірлеген: Г.Бақытжанқызы
qazaquni.kz