Сәбит Досанов: Еліміздің бүгіні бекем, ертеңі жарқын боларына сенеміз
2019 ж. 14 маусым
2415
2
Елдің басшысы қандай болса, болашағы да сондай болады. Сондықтан, халық бұл жолы өте дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Бұл жалғыз менің ғана пікірім емес, мен әңгімелескен ақсақалдардың, зиялы қауым өкілдерінің пікірі. Түптеп келгенде, бұл жалпы халықтың пікірі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүкіл дүниежүзі білетін өте парасатты, салмақты саясаткер. Оның соңынан ешқандай жаман сөз ермеген. Сондай-ақ, бірнеше шетел тілін білетін, өзге мемлекеттермен дұрыс қарым-қатынас жасай білетін, нағыз кемеліне келіп, толысып тұрған азамат. Ендігі біздің міндетіміз: басшы – біреу, қалғанымыз – тіреу болып ел дамуына әрқайсымыз мейлінше үлес қосу. Тағы бір жүректі жылытатын нәрсе – Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде өзінің бағдарламаларынан хабардар етті. Атап айтқанда, жемқорлықпен күрес, жастарды қолдау секілді тұстары көкейімізге қонды. Сондай-ақ, осынау маңызды шараны өткізу барысынан да кішіпейлділікті аңғардық. Шетелден ағылып қонақтар шақырылған жоқ, еліміздің өзге өңірлерінен де ары-бері сабылып келген кісілер болған жоқ.
Президентті ұлықтау рәсімі барысында халық өздерінің Мемлекет басшысының сөзі мен ісі сай адам екенін айқын аңғарды.
Ендеше, жаңа Президентіміздің қадамы құтты болып, еліміздің бүгіні бекем, ертеңі жарқын болсын деп тілеймін!
qazaquni.kz