Дәурен Абаев митинг туралы: Қорқатындай ештеңе болған жоқ
2019 ж. 14 маусым
2298
1
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматы мен Нұр-Сұлтан көшелерінде болған митингтерді қалыпты жағдай деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Дәурен Абаев елдегі шерулерді қалыптан тыс ерекше жағдай деп қарамауға шақырды.
«Бүгін ғана бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі сайлау қарсаңындағы жағдайларға қатысты толық мәлімет берді. Алайда мен мынадай мәселе туралы айтқым келеді. Біз бәріміз сайлау деген қоғамның барлық қатпарының саяси белсенділігін көрсететін катализатор екенін түсінуіміз керек. Президентті таңдау арқылы адамдар өз болашағын таңдайды. Сондықтан да олар сайлау нәтижесіне бей-жай қарай алмайды. Осы энергия көбінесе дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін эмоциялар туғызып, пикеттер мен шеруге ұласып жатады», - деген министр мұндай жайттар әлемнің басқа да елдерінде жиі болатынын атады.
«Ресейде де, Францияда да, Түркияда да, АҚШ-та, Латын Америкасы елдерінде де ондаған мың адам көшеге шығып, полициямен қақтығысып жатады. Кейбір елдерде оның соңы тіпті қиратуларға дейін жетеді. Сондықтан, Нұр-Сұлтан мен Алматы көшелерінде бірнеше жүз адамның қатысуымен болған демонстрацияларды қалыптан тыс тосын дүние деп қарастырмау керек. Бұл қалыпты жағдай. Қорқатындай ештеңе болған жоқ», - деді ол.