Мәжіліс депутаты балаларды 6 жастан мектепке беруге қарсы шықты
2019 ж. 12 маусым
3564
3
Баланы мектепке алты жастан беру міндет! Еліміздің бас ұстазының бұл мәлімдемесі көп ата-ананың ашуына тиіп, мазасын қашырғаны белгілі. Жұрт балалар түгілі үлкендер түсінбейтін мектеп бағдарламасына жақсы дайындықпен бару керек деп қарсылықтарын білдіре бастаған. Бұл орайда мәжіліс депутаты да балаларды 6 жасынан мектепке беруге қарсы шықты.
Басы даудан арылмайтын білім және ғылым министрлігінің жаңа бастамасы тағы да қоғамның қызу талқысына түсті. Бұл жолы «әр ата-ана баласын алты жастан мектепке беруі міндет» деген Күләш Шәмшидинованың сөзіне бір топ ата-ана қарсылығын білдіре бастаған. Бұл уәжбен психологтар да келіседі. Өйткені тұлғалық жағынан бүлдіршін тек жеті жасында жетіледі екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.
«Заңда бала 6 жастан бастап мектепке бару керек деп нақты жазылған. Сондықтан әр ата-ана баласын 6 жастан кешіктірмей мектепке беруге міндетті. Десе де, өздеріңіз де білесіздер, бұл мәселе заңға таяуда ғана енгізілді. Сол себепті министрлік қазіргі уақытта оған мониторинг жүргізіп отыр», - дейді министр Күләш Шәмшидинова.
Білім және ғылым министрінің бұл мәлімдемесінен кейін көп ата-ана не істерін білмей қалғаны рас. Балабақшадан қуып, мектепке мәжбүрлі түрде жіберіп жатқан жағдайлар қаптап кетіпті. Мәселен, елордалық Ақмарал Тимирова тұңғышын алты жасында мектепке бергені үшін әлі күнге дейін өкінетінін айтады. Енді екінші қызымен мұндай қателікті жібергім келмейді, дейді. Осылайша сан соққан ата-ана әлі екі ойлы екен.
«Шағын орталыққа барайық десек, ол жақ заңды түрде бірінші сыныпқа баруларыңыз керек деп мәжбүрлеп жатыр. Мен оны дұрыс деп ойламаймын. Өйткені баламыз дайын емес. Ол биыл алты жасында бір жыл дайындық тобына барып үйренген жеті жасар балалармен бірге оқиды. Ол өзін-өзі қалай сезінеді? Білімі жетіспейді. Әріп білеміз, сандарды білеміз, бірақ оны санап, қосу әлі қолымыздан келмейді», - дейді қала тұрғыны Ақмарал Тимирова.
Десе де еліміздің бас ұстазы «уайымдайтындай еш себеп жоқ, мектеп бағдарламасы аталған жасқа толықтай лайықтап әзірленген» дейді. Ал қоғам белсенділері министрліктің кезекті бастамасына күмәнмен қарап, кесірі кейін балаларға тиіп қала ма деп алаңдайды.
«Сол тәжірибенің нәтижесі қандай болады? Ешкім оны зерттемеген. 6 жастан барғанның өзінде, ертең 6-7 сыныпқа барғанда жүйкесі сыр бермей ме? Оны ешкім зерттемеген!» - дейді қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова.
«Бұрын 0-сынып деген бар еді ғой. Ең бірінші кезекте соған беріп, мүмкін баланы талпындырған дұрыс шығар. Бірақ жетіде жетілген кезде барған дұрыс қой. Біз баланың болашағына әбден балта шауып біттік. Жасыратын ештеңесі жоқ. Мұғалімдердің өзі түсінбейтін дүниелерді ұсындық», - дейді парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.
Ал психологтардың уәжінше алты жастағы бала әлі тұлғалық, психологиялық, тіпті физиологиялық тұрғыдан толық қалыптаспаған. Болашақ оқушы болуға мүлдем дайын емес. Сондықтан....
«Нақты алғанда 7 жас дұрыс. Физиологиялық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да. Себебі бала алты жаста әлі де болса танымдық, физиологиялық жағынан да даму үстінде болады да, 7 жаста онда әлеуметтік статусқа деген бейімділік басталады. «Менің мектебім», «менің қоғамым» деген сияқты бейімделу 7 жаста икемдірек», - дейді психолог Жаңагүл Тұрманова.
Осылайша, мамандар балалығы қанбаған бүлдіршінді партаға мәжбүрлетіп отырғызса, оның болашақта сағы сынып, оқуға деген құштарлығы мүлдем жоғалуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан баласының қаншалықты дайын екендігін әр ата-ана өзі шешіп, оған үлкен мән бөлген дұрыс, дейді.