«Аманат» азаматтық платформасы сайлау барысына қатысты алғашқы есебін жариялады
2019 ж. 09 маусым
2349
0
Сайлауға қатысты бүгін сағат 11:00-ге дейін 14 бұзушылық тіркелді. Олар негізінен болмашы сипаттағы техникалық және ұйымдастырушылық жағынан кеткен кемшіліктер. Бұл туралы әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде «Аманат» азаматтық платформасының өкілі Мұрат Әбенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін сағат 12:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанның барлық аумағындағы сайлау учаскелері «Аманат» азаматтық платформасының тәуесіз байқаушыларымен қамтылды. Қазіргі уақытта 10 мыңға жуық байқаушы мен 400-ден астам мобильді капитандар барлық облыстарда байқау шараларына қатысуда. «Аманат» тарапынан байқау шаралары уақтылы басталды.
«Жалпы, сағат 11:00-ге дейін 14 бұзушылық тіркелді. Сәйкесінше, олар бойынша актілер құрылды, бұлар күрделі емес, болмашы сипаттағы бұзушылықтар. Яғни, олар техникалық-ұйымдастырушылық сипаттағы кемшіліктер. Сонымен қатар 50-ге тарта ауызша ескерту жасалды және олар бойынша сайлау комиссиялары шұғыл шешім қабылдады», - деді «Аманат» азаматтық платформасының өкілі Мұрат Әбенов.
Осы орайда ол тұғырманама тарапынан байқаушылық қызметті атқарып жүрген әріптестерін Қазақстанның заңдары талаптарын қатаң ұстануға шақырды. М. Әбенов «Аманат» сайлауды барынша ашық өткізуге үлес қосатынын айта келе, «біздің байқаушылар бейтарап ұстанымда болады. Біз арнайы кодекс әзірледік. Онда біз мақсатымызды айқындап, бұзушылықтар анықталған кезде қандай іс-қимылдар жасау керектігін көрсеттік», - деді.
Айта кетейік, жаңадан құрылған «Аманат» азаматтық платформасы бүгінгі сайлауға қоғамдық мониторинг жүргізуде. Түрлі қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған топ саяси науқанға барынша белсенді қатысуда. Осылайша, еліміздегі әр сайлау учаскесіне «Аманаттың» атынан бір адамнан бекітілген.