ҮКІМЕТ ПАРЛАМЕНТТЕН ҚАШПАСЫН
2019 ж. 07 маусым
1975
0
Парламент Мәжілісінің кезекті отырысына салалық министрлерден тұратын Үкімет құрамы түгелге жуық қатысты. Бұл жолғы отырыс Үкімет мүшелері үшін жайсыздау болды. Бірнеше министр Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған депутаттардың сынына ұшырады.
Мәжілісте әсіресе, білім саласындағы мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау керектігі туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өзі айтты. «Осы саладағы мәселелерді ретке келтіру керек, себебі білім саласы халықты кеңінен қамтып отыр. Осы бағытқа қажетті қаржы бөлінді, барлық сұрақтар шешілді. Сондықтан, білім саласы жоғары деңгейде заман талабына сай болуы тиіс», – деді ол. Есеп комитетінің мәліметінше, мемлекеттік бюджетте білім беру саласының үлесі 17 пайызға жуығын құрап отыр екен. Бірақ бұл салаға қойылып жатқан сұрақтар әлі де баршылық, шешілмеген мәселе көп. Былтыр елімізде 6700 ұстазға ағылшын тілін үйренгені туралы арнайы сертификаттар берілген. Бірақ олардың небәрі 800-і ғана оқушыларға үш тілде сабақ беріп жүр. Қалғаны ағылшынша оқытпаса да, айлық алып келіпті. Ай сайын сертификаты бар мұғалімдердің барлығына бірдей жалақысына қосымша 35 мың теңгеден төленіп отырған.
Сала басшылары Мәжілістің «Үкімет сағатына» келіп есеп беруге келгенде қашқақтап тұратыны да айтылды. «Парламентке заң жобасын, Үкімет сағатын кейінге шегеру туралы өтініштеріңізді жолдағанды доғарыңыздар, осындай жағдай бірнеше мәрте қайталанды. Парламенттен қашудың қажеті бар ма? Білім және ғылым министрлігінің есебін Мәжілісте тыңдайық. Осы мәселелерді Үкімет сағатынан бөлек, білім тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауда қарастырған жөн. Күләш Ноғатайқызы, қыркүйекте сіздерді Мәжілістегі Үкімет сағатында күтеміз. Балалар қыркүйекте мектепке барса, сіз Мәжіліске келетін боласыз», – деді Н. Нығматулин ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға.
qazaquni.kz