Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

0
1810

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

***

Құрметті отандастар!

Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке.

Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді.

Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.

Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар – халқымызға тән игі қасиеттер.

Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз