ҚАЗАҚ РУХЫ АЛАСАРМАЙДЫ
2019 ж. 31 мамыр
2586
0
Тарих – өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек. «Алаш арыстарының атын ұлықтау, ашаршылық құрбандарын еске алу – біздің және келешек ұрпақтың қасиетті борышы», –деді Дәурен Абаев елордадағы Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ҚХА-ның «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық Х форумында.
Министр қолдан жасалған ашаршылықтың кесірінен елімізде миллиондаған адам қайтыс болғанын атап өтті. Жүз мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Арыстарымыз атылды, жер аударылды. Алайда қайсар қазақтың рухы аласарған жоқ. «Әлихан Бөкейхановтан бастап Халел, Әлімхан, Мұхамеджан, Міржақып, Сәкен, Бейімбет, Мағжан сияқты тағы да басқа арыстарымыздың артында өлмейтін сөзі, өшпейтін өнегесі қалды. Қазір қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында музейлер ашылып, ескерткіштер орнатылып, Алаш қайраткерлері туралы фильмдер түсіріліп, олардың еңбектері зерттеліп жатыр», – деді министр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық Х форумынан басқа елордадағы Ұлттық музейде «Кемел болашақ үшін өткенді тарихи-мәдени тұрғыда ұғыну» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды.
qazaquni.kz