Қызылордада қыз алып қашқандар жазаға тартылды
2019 ж. 31 мамыр
2362
2
Қызды еркінен тыс алып қашқан жігіттер жазаға тартылды. Оқиға 2018 жылы шілдеде болған. Жігіттердің бірі екі ауылдасымен кездесіп, өзінің үйлену жөнінде ойы бар екенін айтып, қыз алып қашу жайлы ойын білдіреді. Үшеуі осылайша ортақ шешімге келіп, Қызылорда қаласына келеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Қызылорда қаласының № 2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үйленуге бекінген жігіт өзінің бұрын жүрген қызының үйінің маңын торуылдайды. Таңертеңгілік уақытта жұмысына жаяу бара жатқан бойжеткенді үйленетін жігіт көлікпен алып баратынын айтады. Көлікке мінуіне өтініш жасайды. Оған қарсылық білдірген бойжеткенді екі қолынан қысып ұстап, көлікке отырғызады.
Осыдан кейін үшеуі бойжеткенмен бірге өздері тұратын ауданға қарай бет алады. Дегенмен жол бойында жылдамдығын асырған көлік жүргізушісін жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатады. Сол сәтте жәбірленуші полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Бойжеткенді еркінен тыс алып қашқан үш жігіт аудандық полиция бөліміне жеткізілген.
Қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен іс қозғалды. Сот үкімімен сотталушыларға 7 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалды.