«Ақ жолдықтар» мерекелік медальдармен марапатталды

с

2011 жылғы 7 желтоқсанда Астанадағы «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық офисінде партияның Орталық Кеңесінің отырсы өткен болатын. Жиын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдық мерейтойына арналды. Кеңесті «Ақ жол» партиясының Төрағасы А.Перуашев ашып, жүргізді. Онда «Ақ жол» партиясына мүше бірқатар азаматтарға Елбасының мерекелік медалін табыстады.

 Марапатталғандар ішінде белгілі саясаткер, «Ақ жол» партиясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Айталы, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры әрі партия құрылғалы бері оның мүшесі болып келе жатқан Қазбек Иса, «Ақ жол» партиясы Орталық аппараты идеология бөлімінің жетекшісі Сәбит Байдалы, «Меланж» АҚ президенті, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің мүшесі Шолпан Жарасова, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланова, «Ақ жол» партиясы төрғасаның Түркістан қаласындағы саяси кеңесшісі Мұса Пәтте, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Ақжол» партиясы президиумының мүшесі Меруерт Қазбекова, «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің хатшысы Әбдіразақ Сұлтановтар болды. Сонымен қатар, кеңесте «Ақ жол» партиясының Сайлауалды Тұғырнамасы бекітіліп, Орталық Кеңес құрамы өзгертілді. Кеңесте партияның сайлауалды ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ, марапатталғандар арасынан Амангелді Айталы, Людмила Жуланова, Әбдіразақ Сұлтанов және Қазыбек Иса мерекелік сөз сөйледі. Амангелді АЙТАЛЫ, «Ақ жол» партиясы Ақылдастар алқасы төрағасы: Тәуелсіздіктің медалін жыл сайын тағып жүретін боламын – Өте қуаныштымын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік медаль мен үшін өте қымбат. «Парасат» ордені бастаған біраз орден-медальдар баршылық, құдайға шүкір. Оларды кейін таққан емеспін. Ал «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалін мен енді жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі күндері жарқыратып тағып жүретін боламын. Бұның өзі жұртқа патриоттық ой салуы тиіс. Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газеті бас директоры: Тәуелсіздіктің мың жылдығы медалі да болса екен деп тілеймін... – Бұл марапат мен үшін күтпеген қуаныш болды. Азды-көпті еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымын. Өте қатты қуанып тұрмын. Өткен аптада да «Тіл жанашыры» Құрмет белгісін алып қуанышқа бөленіп едім. Мен үшін ешқандай баламасыз, бағасыз Тәуелсіздіктің 20 жылы деген мерекелік медаль баға жетпес мерей. Еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен, еңбек сіңірген әрбір азамат енді Тәуелсіздіктің 50, 100 жылдығы медалін, мың жылдық медалін ала берсе деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!