Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақ барда қазақ тілі мәңгі жасай береді

е Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болды. – Тәуелсіз жылдары қазақ халқы ұлыстың ұйытқысына, қазақтың тілі тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды. Әрине, тіл мәселесі уақыттың еншісінде. Бұл орайда біздің басты байлығымыз ел бірлігі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалықты шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді,– деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиын барысында сөйлеген сөзінде. – Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал – ол біздің мемлекеттік тіліміз. Жойылудың алдында тұрған қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, Тәуелсіздікпен қайта түледі. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мыңнан астам мектеп тұрғыздық. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттердің саны 32 пайыз ғана болса, ол көрсеткіш бүгін 85 пайыздан асқанын, енді 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген отандастарымыздың үлесі 95 пайызға жеткізілетінін атап өтті. – Бұл межеге біз кезең-кезеңмен жетуді көздеп отырмыз. Қазір елдегі өзге этнос өкілдерінің 30 мыңнан астам балалары қазақ тілінде білім алуда,–деді Президент.