ҰБТ, грант, шекті балл. Жас түлекке қажет ақпарат
2019 ж. 14 мамыр
16525
2
ҰБТ тапсырып, шекті балл алған соң білім беру грантын тағайындау байқауына қатыса аласыз. Өтінімдер 13-20 шілде аралығында қабылданады, - деп хабарлайды 24.kz.
Құжат тапсыру барысында ЖОО мен 4 білім беру тобын көрсетесіз (қалай таңдау керектігін жоғарыда түсіндірдік). Грант білім беру бағдарламасына бөлінеді. Ал білім беру бағдарламасының өзін сіз жоғары оқу орнына барған кезде таңдайсыз (бұрын ол «мамандық таңдау» деп аталатын).
Мысалы, «Химия пәні мұғалімдерін дайындау» білім беру бағдарламасы тобының грантын ұтып алған жағдайда жоғары оқу орнына қабылдану барысында оқу орнының білім беру бағдарламалары тізімін қарайсыз. Жоғары оқу орнында «Химия» немесе «Химия-Биология» пәндері болса, екеуінің бірін таңдайсыз. Оқуға қабылдау 10-20 тамыз аралығында өтеді. Оқуға түскені жайлы бұйрық нақты білім беру бағдарламасына орай шығады.
Оқу бітірген соң дипломды сол бойынша аласыз. Білім беру бағдарламалары топтары бойынша грант саны нақтыланған соң, тізім БжҒМ мен ҰТО сайтында жарияланады. ЖОО жүзеге асыратын білім беру бағдарламалары реестрі де сол жерде ілінеді.
Шекті балл:
Шекті балл деңгейі өзгеріссіз:
- Ұлттық ЖОО – кем дегенде 65 балл;
- Басқа жоғары оқу орындары – кем дегенде 50 балл.
Дей тұрғанмен, «Педагогика ғылымдары», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» — кем дегенде 60 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» — кем дегенде 65 балл.
Оның ішінде: - Қазақстан тарихынан, математикадан сауат, оқу сауатынан (қай тілде оқығанына байланысты) кем дегенде 5 балл; - Тиісті пәндердін әрқайсынан 5 балдан кем емес (бұдан тек шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларына түсушілер ғана босатылған).
Кешенді тест:
2019 жылы ҰБТ мен кешенді тест біріктірілді. Дегенмен әр санаттағы талапкерлер әр топқа бөлінеді және сынаұқты бір күнже тапсырмайды.
Тағы бір жаңалық: ТжКО түлектері Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ өз пәні бойынша қысқартылған бағдарламаға сәйкес ақылы бөлімге түсе алады. Ол үшін сол ЖОО сынағын ғана тапсырады.
Ұйымдастыру жұмыстары:
2017-2018 оқу жылында жоғары оқу орнына түсу сынағы мектеп бітіру емтихандарынан ажыратылды. Енді ҰБТ-ның мектеп бітіру сынағына қатысы жоқ. Тест нәтижесі мектеп рейтингіне әсер етпейді.
ҰБТ – талапкерлердің жеке жұмысы. Мектеп бітірушілер тест тапсыру үшін онлайн немесе жазбаша тіркеліп, ЖОО-ға сынаққа барады. Мектеп ҰБТ тапсыратын күні оқушыларды оқу орнына тасымайды, мұғалімдер тест тапсыратын бала санын өткізбейді.