Жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-дан кемінде қанша балл жинау керек?

"Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін емтиханнан қанша балл жинау керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Білім, ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыты бойынша ең төменгі шекті балл – 60. Ұлттық университеттерге түсу үшін 65 балл жинау керек, медицина бойынша да 65 балл қалады", — деді Әлімқұлов.

Оның айтуынша, биыл тест сұрақтарының 50 пайызы жаңартылған. Сонымен қатар сұрақ қоры да көбейіпті.

 "ҰБТ-ға дайындық қызу жүріп жатыр. Былтыр 40 мың сұрақ болса, биыл қорымызда 119 мың сұрақ бар. Оның 3 мыңдайы – ағылшын тілінде. 119 мың сұрақтың 11 пайызы функционалдық сауаттылыққа бағытталған, 37 пайызы бір немесе бірнеше дұрыс жауапқа арналған тест сұрақтары", — деді орталық директоры.

Айта кетсек, биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді 167 пункте өткізу жоспарланып отыр.  Оның ішінде 48 пункті жоғары оқу орындарында, қалғаны орта мектептерде орналасқан.