Бесікке бөлеу бала денсаулығына қалай әсер етеді?
2017 ж. 02 желтоқсан
8035
5
«Бесік зиян» дегенді бабаларымыз естісе шалқасынан түсетін еді. Дегенмен, бүгінгі медицина мамандарының пікіріне сүйенетіндер осыла айтып жүр. Ал шындығында баланы бесікке қымтап, матаудың зияны бар ма? «Жетісу» газетінде осы мәселені көтерген мақала жарияланды. Мақала авторының жазуынша, бүгінгі күні бірді-екілі бесіктің қасиетін түсінген адам болмаса, көпшілік оның киелі мүлік екендігін ұмыта бастаған. Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-аналар да жоқтың қасы. Тіпті «бесік зиян» дейтіндер де баршылық. Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас.
«Шындығында, бүгінде бесікті өз дәрежесінде бағалай алмай отырғандығымыз белгілі бір отбасының ғана бас ауыртар мәселесі емес, ұлттың қасіреті десек болады. Өйткені, бесік - өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ержеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл заты емес пе?!...«Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүрмейді, аяқ-қолы қисық болады» дегеннің бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесік, керісінше, балаға әмбебап тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды» деп жазады автор. Жазуынша, бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетілетіндіктен, баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бұдан бөлек, мақалада бесіктің баланы бағудағы басқа да қасиеттері тізбектеліп, оның аясындағы көптеген дәстүрлерге тоқталыпты. Ал ондай дәстүрлердің қатары бүгін бала бесікке бөленбеген себепті ұмытылып барады екен. Мақала соңы мынада әфсанамен аяқталады: «Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!» - дегенде, Төле би: «Баланың бесігі - кең дүниенің есігі ғой», - деген екен.