Бүгін елордада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің төрағалығымен Дүниежүзі қазақтары құрылтайының делегаттары қатысқан дөңгелек үстел өтті. Шара кулуарында вице-министр Baq.kz тілшісіне сұқбат берiп, 5 миллионға жуық қазақтың шетелде тұрып жатқанын айтты. Нұрымбетов қазiргi таңда Отанына оралған қандастарға барынша жағдай жасалуда және алға қойылған жоспарлар да көп дейдi.
Оралмандарға қандай жеңілдіктер жасалады?
2017 ж. 26 маусым
7861
10
«Қазақстан – егемендігін алғалы бері этникалық көші-қонға, яғни біздің сыртта жүрген қандастарымызға, тарихи Отанына ораламын деген бауырларымызға көмек көрсету, жағдай жасау саясатын жүргізіп отырған санаулы елдердің бірі. Егемендігімізді алғалы бері біздің елімізге 284 жанұя, яғни 1 миллионнан астам қандасымыз қоныстанған. Бүгінгі күні Отанына ораламын деген азаматтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматы болу. Сондықтан, біздің қолданыстағы заңнама бойынша азаматтықты алуға барынша жеңілдік қарастырылған. Атап айтсақ, Қазақстанға оралған бауырларымыздың қоныстанған өңіріне қарамастан оған 5 күннің ішінде «оралман» мәртебесі беріледі. «Оралман» мәртебесi азаматтықты алғанға дейін Қазақстан Республикасы азаматтарымен барлық салада тең құқыққа ие болу үшін берiледi. Ал одан кейін тұрақты тұруға рұқсатты жеңілдетілген түрде 3 ай ішінде алуға болады. Және оны алу үшін басқа шетелдіктер сияқты төлем қабілеттiлiгiн растаудың қажеті жоқ. Біздің елге кірген визаның түріне қарамастан оған тұрақты тұру рұқсаты беріледі. Осы рұқсатты алғаннан кейін жеңілдетілген түрде 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мүмкіндігі туындайды. Сондықтан, келіп жатқан қандас бауырларымыздың құжаттары барлығы түгел болып, рәсімдер уақытында жасалса, оларға 6 айдың ішінде Қазақстан азаматтығын алуына болады», - дедi Нұрымбетов.
Вице-министр тiлшiнiң «оралмандар үшiн азаматтықты алу қиындапты» деген пiкiрiне жауап қатты. Оның айтуынша, кейбiр мәселелердiң шикi тұстары бар.
«Біздің заңнама бойынша талабымыз бар. Ол – Қазақстанға тұрақты тұруға келген кез келген шетелдік азаматтан соттылығы туралы анықтаманың сұралуы. Бұл әрине біздің еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер. Басқа елдерде проблема жоқ, бірақ Қытайда кейбір жағдай туындайды. Тиісті органдар ондай анықтаманы береді. Бірақ, соны алудың аздап қиындықтары бар. Оның үстіне кейінгі кезде қандастарымыздың көбі елiмiзге өз еркімен келеді, ал кейіннен анықтама керек екенiн біліп, Қытайдан алып келуге мәжбүр болады. Біз бұл мәселені шешуіміз қажет. Бұл жерде, кеше Елбасы да айтты, біздің сырттағы елшіліктер үлкен жұмыс жасау керек. Қазіргі қолданыстағы заңда бізде сәйкес нормалар бар. Яғни, қандастарымызға өз еркімен келуге болады, бiрақ алдын ала сол жақтағы елшілікке өтініш тапсырған жөн. Ең ыңғайлысы сол. Сол кезде өтініштің құжаттары бізге жолданып, біз осы жерде бүкіл мәселесін шешіп, «қандай субсидия береміз, қай жерге қоныстандыруға мүмкіндігіміз бар, басқа да жеңілдіктер беремiз бе?» деген сұрақтарға жауап тауып, құжаттардың толықтығын тексеріп, барлығы дұрыс деген кезде ғана шақыру жасаймыз. Қандастарымыз осылайша келіп жатса, ешқандай проблема болмаушы еді», - дейдi Біржан Нұрымбетов.
Министрлiк өкiлi елiмiзде оралмандарға жан-жақты көмек көрсетілетiнiн де жеткiздi. Дегенмен, ол қандастарымыздың еліміздегі еңбек ресурстары тапшы, халықтың саны аз өңірлерге барғаны жөн дейдi. Осы себептен Үкімет оралмандардың қоныстану өңірлерін де заң бойынша белгілеген. Вице-министрдiң айтуынша, Қазақстанның 7 облысы қандастарымызды қабылдау өңірi болып белгіленген. Егер олар белгiленген өңірлерге барса, оларға көшi-қон шығындарын өтейтін субсидия берiлiп, 1 жылға дейін пәтер не үй жалдауға қаржылай көмек көрстеледі екен.
«Әрине, қазір тұрғын үй мәселесі қиындау. Себебі, елімізде тұрғын үймен қамтамасыз етуде еліміздегі барлық азаматтар тең құқыққа ие болуы керек. Сондықтан, біз Үкіметке осы мәселені қарап, қосымша жаңа ұсыныстарды әзірлеп жатырмыз. Мысалы, бiрiншiден, ауылды жерде 12 ай бойы төленетін қаражаттың көлеміне бағасына сай үй сатып алу мүмкіндігі бар екен. Сол себептен 12 ай бойы төленетін жәрдемақыны бір мезгілде беру тетігін қарастырып жатырмыз. Екіншіден, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиелерiн берудің жеңілдетілген түрлерін, тетіктерін қарастырудамыз. Сондай-ақ, ауылды жерге барса, үй сатып алуға 2 миллион теңгеден астам тегін, қайтарылмайтын субсидия берсек пе дейміз. Егер ол қалада болса, сол сусидияны беріп, алғашқы салым ретінде несие алуға пайдаланса деген ой бар. Одан кейін, кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеңілдетілген шағын несиелер беру жағы тағы бар. Сондай-ақ, ішкі көшіп-қонушыларға кәсіпкерліктің негіздерін «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы оқытып, оны сәтті аяқтағандарға 5 миллион теңгеге дейін қайтарылмайтын грант берсек пе деген жоспар бар. Дегенмен, бұл әлі жоба түрінде тұр», - дейдi вице-министр.
Оның айтуынша, елге оралған қандастарға жер телімдерін беру де көзделiп отыр. Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Нұрымбетовтың мәлiметiнше, қазiр заң бойынша жер телімдері конкурс арқылы ғана беріледі. Көшіп-қонушыларға, олардың ішінде оралмандарға жер телімдерін бақша өсiру, коммерциялық мақсатта алу немесе үлкен егістік жерлерді конкурссыз беру тетігі қарастырылуда.
«Негізінен, азаматтықты жеңілдетiлген түрде алу және басқа да жеңiлдiктер қолданыстағы дүние, оларды біз заң жүзiнде 2015 жылғы қарашада енгізгенбіз. Ал енді тегін гранттар беру, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана мәселесiн шешу сияқты ұсыныстарды бiз жаңадан әзірлеп, қарап жатырмыз. Жоспарымыз бойынша, егер біз жылдың соңына дейін заңдағы қажетті нормаларға өзгерістер енгізіп үлгерсек, 2018 жылдан бастап оларды iске асыруға кiрiсемiз», - деп түйiндедi Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.