Үйіңізді берекетке толтырудың жолдарын білесіз бе?
2017 ж. 13 сәуір
4645
6
Берекет - Алладан келген сан түрлі нығмет, оны еселеп отыратын да Ұлы Жаратушы Алла. Адам өміріндегі осы берекетті арттыратын мынадай жолдар бар.
1. Құран. Егер біз Құранды басшылыққа алып, оның бұйрықтары бойынша жүретін болсақ, Алла Құранды бүкіл берекеттің қайнар көзі етті. Алла Елшісі (с.а.у.): "Құран оқылмаған үй өлікпен тең",- екендігін баяндаған. Құранға көп көңіл бөлінген үйдің іші нұрға толып, шайтан одан қашады әрі отбасындағы бақыт пен берекеті арта түседі.
2. Бисмилла мен зікір. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде былай делінген: "Егер адам өзінің үйіне келіп, кірген сәтте және тамақ ішкен кезде Алланы еске алса, шайтан өз жақтастарына: "Бұл жерде түнеуге әрі тамақтануға бізге орын жоқ",- дейді". Егер ол адам кірген кезде Ұлы Жаратушыны еска алмаса, шайтан өз сыбайластарына: "Сендерге осы жерде түнеуге және тамақ ішуге әбден болады", - дейді. Алланы еске алу -жүректің ісі әрі әрбір мұсылманның айтатын ең жақсы сөздері. Алланы еске алатын әрбір үй мен Жаратушыны еске алумен басталған кез-келген іс мол берекетке қауышады.
3. Садақа. Садақа - әрбір жанұяның күнделікті тірліктегі әдеттегі әрекеті болуы қажет. Беруші қол кедейленбейді, керісінше, ондай адам Алланың разылығына бөленіп, табысы арта түседі. Басқаларға қамқорлық пен қайырымдылыққа бағытталғандықтан, бұл садақа Алланың ризашылығын тудырады, сондықтан садақа беруші үйдің берекеті еселенеді.
4.Туысқандық байланыс. Туысқандық байланысты жалғамаған әрі Алланың бұйрығы екендігін ескермеген үйдің берекеті жоғалады. Алла Елшісі (с.а.у.): "Ең жақсы адам-ол өз отбасына жақсы қараған адам әрі ең жақсы садақа-өз отбасыңа берген садақа", - деген. Исламда отбасылық және туыстық байланысты сақтауға терең мән беріледі. Аталмыш қатынастар үзілген жағдайда Алланың мейірімінен ұзақ болады, ал керісінше, осы байланысты бекіткен сайын Жаратушының рақымы мен берекетіне бөленеді.
5. Ерте тұру. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің өміршең хадистерінің бірінде қызына былай деген: "О, менің қызым, тұр, Жаратушы өзінің ризығын бүкіл жаратылысқа бөлген сәтте қалыс қалмай, түрегел, бейқамдардың қатарында болма! Шынында да, құдіреті шексіз Алла Тағала дүниелік нығметтерін өзінің пенделеріне таң сәрі мен күн шыққанға дейінгі аралықта бөледі".
6. Намаз. Өз уақытында оқылған намаз-мейірімі шексіз Алланың жақсы көретін істерінің бірі. Үйдің әрбір мүшесі өз уақытында басты ғибадат-намазды оқыса, Алланың рақымы мен разылығына бөленеді.
7. Алғыс айту, шүкіршілік ету. Алғыс айту, шүкіршілік ету-Алланың тарапынан берілген күллі нығметтерін мойындап, шынайы жүрекпен разылығын білдіретін ғибадат. Алладан берілген әрбір үздіксіз нығметтің қадірін түсінетін әрі бағалайтын үй тыныштық пен ізгілікке кенеледі. Аллаға алғыс білдірген адам бір-біріне де алғыс білдіреді, кішігірім шынайы қуанышқа шүкіршілік ететін осындай үй өзара түсінушілік пен берекеге толы.
8. Тәубе ету. Дүние тіршілігіндегі әрбір теріс ісіне шынайы өкініп, тәубе еткен адамның үйі де Алланың кешірімі мен берекетіне қауышады. Алла Елшісі (с.а.у.): "Алладан шынайы түрде кешірім сұрап, тәубе еткен, истиғфар айтқан адамға Алла Тағала қиындықтан шығатын жол көрсететінін, қайғы, мұңын жеңілдетіп, ризығын арттыратындығын", - түсіндірген.
Алла сіздің үйіңіздің де берекетін арттырсын!
Дереккөз: islam.kz