WI-FI ЖЕЛІСІ АРҚЫЛЫ МОБИЛЬДІ КОНТЕНТ ТАРАТАТЫН ӘДІС
2022 ж. 19 тамыз
37278
0
Бүгінде ақпараттық технологиялар арқасында барлық салаларда ақпараттандыру үрдісі жүріп жатыр. Сандық индустрияны дамыту барлық басқа салаларға серпін береді. Сондықтан мемлекет IT саласын дамыту мәселесін шешуі керек. «Wi-Fi желісі көмегімен мультимедиалық контентті мобильді қондырғыларға автономды ақпараттық жүйе арқылы жеткізу» жобасы денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда жаңа цифрлық қызмет түрін қалыптастыруға үлес қоспақ.
Мультимедиалық контентті сымсыз желі интерфейсін қолдана отырып жеткізу жүйесі – арзан, қарапайым және ыңғайлы тәсіл. Мысалға, базалық нұсқада аппараттық платформаға орналастырылған жүйе мультимедиалық контентті лекция немесе семинарда отырған студенттердің мобильді құрылғыларына жеткізе алады. Аталған құрылғының артықшылығы – мобильді, салыстырмалы түрде бағасы қымбат емес, баптауы қарапайым. Өйткені жүйені пайдалану үшін мобильді құрылғыға арнайы мамандандырылған бағдарлама орнатудың қажеті жоқ.
Бұл жобаны іске асыру барысында алынған нәтижелер «Цифрлық Қазақстан» саясатын іске асыруда ақпараттық технологияларды дамытуға сөзсіз оң әсерін тигізеді. Себебі бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға, ел экономикасын дамытуға ықпал етіп, ғылыми әлеуетті және ғалым мәртебесін нығайтады. Ұсынылған жоба – мультимедиалық контентті кез келген мобильді қондырғы арқылы ноутбук, планшет, смартфон, ТВ экран және тағы сол секілді басқа мобильді қондырғыларға Wi-Fi желісі көмегімен жеткізуге арналған инновациялық әдіс. Өйткені Wi-Fi желісі арқылы мультимедиалық контентті мобильді құрылғыларға жеткізу – жаңаша сұранысқа ие әдіс.
Мұндай құрылғыны орта мектептен бастап, ЖОО дейінгі білім беру мекемелерінен бөлек, конференция, семинар, тренингтер ұйымдастыратын орындар да пайдалана алады.