Жылдың соңында қазақстандықтардың бойындағы антидененің күші жойылады

Жыл соңына дейін ауру жұқтырған барлық қазақстандықтардың ағзасында қалыптастан COVID-19 антиденелерінің күші азаяды, демек, вирустың жұқтыру қаупі артады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

- Ғалымдардың әртүрлі бағалауы бойынша, белгісі білінбейтін КВИ жұқтырған азаматтарда антидене бір айға сақталады. Ауруы орташа немесе ауыр жүргендерде ол 3 айдан 5 айға дейін сақталады. Осы жағынан алғанда, егер коронавирус инфекциясының шарықтау шегі 2020 жылдың маусым-шілде айларына түскен болса, біздің талдау бойынша, 3-5 айда, яғни қараша-желтоқсан айларында ауруға шалдыққандар бойындағы антиденелердің күші сұйылып, КВИ-мен аурудың қаупі жоғарылайды, - деді ол.

Министр қазірдің өзінде әлемде COVID-19 вирусын қайта жұқтыру жағдайлары бар екенін еске салды. Қазақстанда мұндай жағдайлар тіркелмегеніне қарамастан, оның орын алуы әбден мүмкін.