Дәрі бағасы қымбаттағанын көрсеңіз, DARI.KZ-ке хабарласыңыз!
2020 ж. 09 шілде
1521
0
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылда бір рет бөлшек және көтерме сауда үшін дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекітеді. Бұл дәрілік заттар нарығындағы алыпсатарлықтың алдын алады және бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді.
Министрліктің бұйрығына сәйкес елімізде дәріханалардағы дәрі-дәрмектің құны белгіленген шекті бағадан аспауы тиіс. Әрбір препараттың бағасы бөлек жазылған.
Қоғамдық мониторинг және бағаны бақылау үшін DARI.KZ мобильдік қосымшасы әзірленді, ол арқылы әр адам дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасын бақылай алады. Баға негізсіз қымбаттаса, қосымшаға шағым жазуға болады. Шағымды ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері тексереді.
Жыл басынан бастап DARI.KZ мобильді қосымшасына дәрілік заттардың бекітілген шекті бағасына қатысты жеке тұлғалардан 191 өтініш түсті.
Дәріханаларда дәрі-дәрмекке қатысты даулы жағдайларды ескере отырып, әкімдіктердің жанынан дәрі-дәрмектің шекті бөлшек және көтерме бағаларының сақталуын тексеретін мониторингтік топтар құрылды. Сондай-ақ өңірлер бойынша дәрілік заттардың бар-жоғы және бағасы туралы мәлімет ұсынатын анықтамалық қызметтердің (I-Teka, MPI, Фармгородок, Гиппократ, 103.kz, Биосфера) ақпараты талданады.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері ҚР ҚМ Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп дәріхана ұйымдарына дәрілік заттар мен жеке қорғану құралдарының, оның ішінде маскалардың бағасына тексеру жүргізеді.
Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада сату ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға – 70, лауазымды адамдарға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.
Дәрілік заттарға шекті бағаны көтерген барлық факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі № ҚР ДСМ-104 “Бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттардың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы” бұйрығында дәрілік заттардың шекті бағалары көрсетілген, оны ҚР ДСМ ҚККБ, "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы" сайттарынан, сондай-ақ, ҚР Әділет министрлігінің Нормативтік базасынан табуға болады.