Түлектерге аттестат қашан тапсырылатыны белгілі болды
2020 ж. 12 мамыр
2085
0
11-сынып түлектеріне аттестат 3-4 маусымда тапсырылатын болды, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Жыл сайын бұл іс-шара маусым айының ортасында өткізілетін. Бірақ мектеп бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтінін және ҰБТ-ға қашықтан дайындалу қажеттілігін ескере отырып, бұл іс-шараны маусым айының басынды өткізу туралы шешім қабылдадық. Іс-шара аясында салтанатты түрде аттестаттар тапсырылып, 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады, - деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Іс-шара міндетті түрде мектеп аумағында, ашық ауада, қонақтарсыз, тек бітірушілердің қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуі тиіс. Аттестат тапсыруда әдеттегі мектеп формасында болу ұсынылады.
Сондай-ақ салтанатты бөлімнен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарланып отыр. Кейінгі жылдары мұндай акция дәстүрлі түрде 25 мамырға орай ұйымдастырылады.