СӘЛЕМ САЛУ - КЕЛІННІҢ ТӘҢІРІДЕН ТІЛЕУІ
2020 ж. 31 наурыз
6559
0
СӘЛЕМ САЛУ - КЕЛІННІҢ ТӘҢІРІДЕН ТІЛЕУІ немесе "қайынаға, оказывается, вы дурак!.."
...2009-2010-жылдары мен Алматыдан Шымкентке 3-4 апта сайын машинаммен қатынап істедім. "Алтын-Ордадан" зерікпес үшін жолаушы шықса аламын, шықпаса кете беремін. Бірде Қордайдан оранған келіншек отырды. Таразға барады екен. Әңгімеге тарттым. "Сәлем саласыз ба?" деп едім, "саламын, тек үлкен, "орыс" қайнағам өзіне салдыртпай қойды" деді. "Онда осы барғаннан кейін оған: "Қайнаға, оказывается, вы дурак!" деп айтыңыз дедім. Келіншек шошып кетті: "Ойбай, ағай, қалай айтамын өйтіп?" "Айтыңыз, тура осылай, бір үлкен кісі айтты деп айтыңыз!" "Қайдам..." Мен сосын келіншектен сәлем салудың мәні не екенін сұрадым. Білмеді. "Ізетпен сәлемдесу ғой" деп, жалпы жауапты айтты. "Дұрыс! Бірақ, ол сыртқы мағынасы. Ал, ішкі мағынасы мынау: әйелдің сәлем салғаны - Тәңіріден "алғанымды аман ете көр!" деген тілегі. Ендеше, соны өзі білмейтін, сөйте тұра қазақтың теңдессіз салтын түкке алғысыз ететін, орыс болып кеткен қайынағаң дурак емей немене?!"
Оранып алғаны болмасы болмаса, келіншек пайымды адам екен, маған: "Ағай, оның дәл солай екеніне дәлел не?" деді. "Дұрыс, айналайын! Дәлел - күйеуі қайтыс болған әйел сол күннен бастап сәлем салуды до-ға-ра-ды! Бұл - қазақ әйелінің Тәңіріге деген наразылығы, өкпесі! Өйткені, Тәңірі тілегін бермей қойды ғой... Бұл салт - өте көне заманнан, қазаққа ислам келгенге дейінгі дәуірден жеткен салт. Себебі, исламда адам Аллаға наразылық көрсете алмайды, не істесе де Алланікі дұрыс. Күні кешеге дейін:
"Әуелеп ұшқан лашын, Лашын жаяр құлашын. Атамды алған Құдайдың, Келіні мендей жыласын!" - деп жоқтау айтқан қазақ әйелінің, қазақ болмысының тазалығының, аңғалдығының, пәктігінің көрінісі" деп жауап бердім.
Зейнеп Ахметова апамыз: "Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан" дейді. Үлкендер, емес, қазақтың салты, дәстүрі тоқтатады!
Міне, осылай. Мен үш қыз ұзаттым. Үш қызыма да: "Күйеуіңнің аман болғаны саған керек, сондықтан "орыс боп кеткен" немесе әсіредіншіл қайнаға тап келсе, "мақұл, қайнаға!" де-дағы, сәлеміңді сала бер!" деп үйреттім.
Ал, сәлемді қалай салады дегенге келсек, оның екі түрі бар. Бірінші, суретте - күнгейде немесе жалпы қазақша, екі қолын алдына, бірінің үстіне бірін қойып, екі тізесін бүгу. Екіншіде - батысша немесе адайша, оң қолын ғана қойып, оң тізесін бүгу . Екеуі де дұрыс, меніңше. (Тек адай ағайындардың "біздікі ғана" дұрыс дейтіні бар...
Өмірзақ Ақжігіт, Қазақ үні