ҰЛШЫЛДАР ҰСЫНҒАН ДОКТРИНА ҚАБЫЛДАНДЫ! Ертісбаевтың есі кеткен, Сүлейменовтың сүйсінген нұсқасы далада қалды...

d2b1d0bbd182d182d0b0d180d2b1d0bbd182d182d0b0d180-2               

 Өткен жылдың қазан айында Қазақстан халқы Ассамблясының 15 сессиясында Қазақстанның «Ел бірлігі» доктринасы алғаш рет жұртшылыққа таныстырылғаны белгілі.

               Мұхтар Шаханов бастаған ұлт жанашырлары негізін американдық ұлттан алатын доктринаның біржақты жазылғанын, құжатта қазақ ұлтының мүддесі мүлдем қозғалмағандықтан Президентке ашық хат жолдап, егер құжат ұсынылған нұсқада қабылданатын болса, тіпті аштық жариялап, наразылық білдіретіндерін жеткізген еді.

                Ұлт зиялылары тарапынан қойылған осындай талаптан кейін билік доктринаның алғашқы нұсқасын талқылауды тоқтатып, жаңа мәтін жазу үшін арнайы жұмыс тобын құрды.

                 Билік пен қоғамдық ұйым өкілдерін ымыраға келтірген арнайы жұмыс тобы 4 ай бойы үздіксіз еңбек етті.

                 Топ құрамына ұлт тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың бәрі еніп, құжат қайта жазылып шыққан болатын. Жаңа құжат көпшілік назарына ұсынылып, өз бағасын алып та үлгерді.

                 Доктринаның алғашқы нұсқасы мен қазіргі мәтінінің арасындағы айырма жер мен көктей.

                Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

-Қазақстанның тәуелсіздіктен кейінгі саяси тарихында алғаш рет азаматтық қоғам мен билік біріге отырып өте маңызды, ұлтаралық мәселенің болашағын белгілейтін құжатты дүниеге әкеліп отыр. Мұндай жағдай тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет орын алып отыр.

               «Ел бірлігі» доктринасы «Бір ел – бір тағдыр», «Тегі басқа – теңдігі бір», «Ұлт рухының дамуы» атты 3 тараудан тұрады. Ұзақ уақытқа созылған талқылаудың нәтижесінде құжаттың алғашқы мәтіні үлкен өзгеріске ұшырады. Құжаттың «Қазақстанның тарихи жалғыз мұрагері – қазақ халқы» деген сөйлемнен басталғандығын ұлт жанашырларының басты жеңісі деп түсінген дұрыс. Айдос Сарым, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қор жетекшісі:

                Жаңа құжатта мемлекеттік тіл мәселесіне баса назар аударылды. Соңғы мәтінде осы уақытқа дейін насихатталып келген «Үш тұғырлы тіл» саясаты мүлдем алынып тасталынды. Сөйтіп, қазақ тілінің мәртебесі Қазақстанда қандай болуы қажеттігі нақты көрсетілді.

                 Доктринаның жаңа мәтінінде: «Қазақ тілін білу - әрбір азаматтың парызы және міндеті» деп жазылуының өзі көңіл қуантарлық жәйт.

                 Қазақстанның «Ел бірлігі» доктринасының жаңа нұсқасын мемлекет басшысының өзі мақұлдап бекітті. Яғни, ұлтшылдар ұсынған доктрина қабылданды. Әзірге құжаттың ешқандай заңдық күші болмағанымен, онда жазылған орындалуы тиіс мәселенің барлығы атқарушы биліктің алдағы жоспарына енгізілетін болады. Демек, доктрина келешекте іс жүзінде жүзеге асатын құжат.

               «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім өзіне қойылған «Билік жеңді ме, ұлтшылдар жеңді ме?» деген сауалға «Бәріміз де жеңдік» деп жауап қайырғандығын айтады.

                   Қош. Не десек те, ұлтшылдар ұсынған доктрина қабылданды. Бірақ, осы тұста біз дауға айналған дүбара доктринаны дүниеге әкеліп, дүрбелең туғызғанына қарамастан, Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыс айтуымыз керек. «Елім» деп жүрген ерлердің шынайы бетпердесін ашып бергені үшін.

                   «Ел бірлігі» деп ел дүрліккенде ғана білген жоқпыз ба, кімнің кім екенін? Мұндайда, әртіс ағамыз Досхан Жолжақсынов «қол қойғаным жоқ» деп басын ала қашқанымен қоймай, ұлтшылдардың тірлігі «далбаса» десе, ақсақал деп ардақ тұтқан Әз ағамыз міз бақпастан, елдің ерлерін «есерсоқ, ез» демеп пе еді!?

                   Сөйтіп, Ертісбаевтың есі кеткен, Сүлейменовтың сүйсінген, әрине Әбіш Кекілбаевтың әбден мақтаған дүбарадоктринасы  далада қалды. Сонда олардың саяси деңгейі қаншалықты екенін анық байқауға болады.

                  «Ақсақ қой түс қайтқан соң маңырайдының» керімен базбір телеарналар ұлт жанашырлары ұсынған доктринаның қабылданғанына қынжылыс білдіретін сыңайлы.

                   Әйтпесе, бұл ақпарды «Ұлт жанашырлары ұлардай шулап жүріп, ұсынысын енгізген «Ел бірлігі» доктринасы қабылданды» деген жолдармен жеткізбес болар.

                   Сонда ұлт жанашырлары кім үшін ұлардай шулапты? «Ел бірлігіне» ұлт зиялылары құдды бір қара басының қамы үшін қарсы тұрғандай көргені несі?

                 Ұлтын сүйген ұлтшылдарымыз мұндай іске қазақ деген ұлттың жер бетінде жойылып кетпеуі үшін ғана барғандығын ұғына білгеніміз жөн шығар...

                 Осы тұста еліміздің бас газеті деп ат қойып, айдар таққан «Егемен Қазақстан» бастаған билік басындағылардың ертеден кешке дейін жақтары талмай «Ел бірлігі» доктринасының алғаш нұсқасына шаң жуытпай насихаттап жатқанда, бар қазақтың үні болып табылатын «Жас қазақ үні» доктринаға қатысты ұлтшылдардың жанайқайын жұртшылыққа жеткізу жолында үлкен үлес қосқанын айта кетсек артық болмас.

 

Гүлмира САДЫҚОВА