ҚЫТАЙ САЯСАТЫНЫҢ АСТАРЫ ҚАНДАЙ?..

d29bd18bd182d0b0d0b9-2

«…Жауы мен өзін жақсы білетін,

жүз соғыста да қатерге тап болмайды.

Жауын жақсы білмейтін, бірақ өзін жақсы

білетін біресе жеңіп, біресе жеңілетін болады.

Ал жауын да, өзін де білмейтін

айқас сайын үнемі жеңіліс табады».

Сунцзы «Соғыс өнері» кітабынан

 

 

               Әңгіме Қазақстанның ішкі жағдайына төндіріп отырған қытайдың қауіп-қатері жайында болмақ.

              Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi. Дегенмен, осындай бiр тықырдың таяп келе жатқанын Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi – қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр тасиды. Сонда, ол қалай қарай құйылады? Қазақстанмен бiрге әлемдi де мазасыздандырып отырған осы мәселе. Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн. Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Қаруына сенген Ресейдi есептемегенде, қытайлар үшiн тек Қазақстанға (Орталық Азия) қарай ғана ағылуларына мүмкіндік қалады.

             Егер де 2002 жылдың 31 желтоқсанынан бастап тек ұлты қытайлар үшін Қытай үкіметі жеке куәлігі мен тіркелген мекен жайы туралы анықтамасы болса болды паспорт жасатып беру арқылы сыртқа кететін азаматтарының құжат рәсімдерін барынша жеңілдеткенін және қаржыландыратынын ескерсек, азаматтарының шетелге кетуіне мүдделі екеніндігін білдіреді. Оған қоса 2004 жылдан бастап қытай азаматтарының Қазақстанда бір күн визасыз болуына және жиырма адамнан тұратын туристік топтарға виза беруге үкіметіміз келісті. Осы сәттен бастап Қазақстанға қарай халық ағынының тығынын алып тастады деп есептеуге болады. Сондай-ақ бұған Қытайдағы ерлер мен әйелдер арасындағы табиғи тепе-теңдiктiң бұзылу процесiн қосыңыз. «Бiр отбасыға – бiр бала» саясатына 25 жылдай уақыт болды. Ендi қазiр сол кездегi реформа перзенттерi отбасы құратын уақыт келгенде үйленетін әйел таппай әлек. Сондықтан әйел затын сырттан іздеуге мәжбүр. Және кейбір шарттар негізінде енді екі балалы болуға рұқсат етілді. Мұны Қытай үкіметі халқының қартайып кеткендігімен, жастарының қарттарды асырай алмайтын жағдайға жеткендігімен түсіндіруде. Бұл енді демографиялық тасқын басталады деген сөз. Бұдан кейін шетелдік зерттеушілер Қазақстанды жақын уақыттары қытай мигранттары жаулап алатындығына еш күмәндары қалмағандығын жарыса жазды. Қазақстан жөнінде барлық шетелдік зерттеушілердің пікірлері шамалас, 20 жылдан кейін Қазақстанда 20 миллион қытай өмір сүреді дейді. Қазіргі күні 500 мыңға жуықтаған қытайлар 20 жылдан кейін 20 миллион болуы еш күмән тудырмайды.

               Сондай-ақ Батысты игеру саясаты шеңберінде Шыңжаңға ішкі Қытайдан 20 жылда 250 миллион адамды көшіру жоспарын бастап кеткенін ескерсек, Қазақстанда 20 миллион қытайдың пайда болуы ертегі емес сияқты. Егер де Қытайдың 150 млн.нан аса жұмыссыздары бар екенін ескерсек Шыңжаңда жұмыс орындарын ашса, әп-сәтте-ақ сонша халықтың көшіп келуі түк емес. Қазір қалашықтар салып көшіру үдерісі басталып та кетті.

              Енді тайфунның тасқынындай нөпір халықты қаншама қорған салсақ та немесе Арқаның қақаған суығы мен бораны да тоқтата алмасы хақ. Кез келген табиғатқа бейімделгіш, өзгенің ассимиляциясына түспейтін, жыбырлағанның бәрін азық ететін жанысірі қытай халқын батыстық философтардың айтып жүргеніндей «ұлтты бір лидерде құтқара алады» дегеніндей бір мықты көшбасшының немесе қарудың күші ғана тоқтатуы мүмкін.

              Бір қызығы осындай алаңдаулы кезде Қазақстанға қытайлардың дендеп келе жатқанын бізден гөрі Ресей сезініп, дабыл қағып бізді оятуға тырысуда. Әрине бізге жаны ашығандықтан емес. Бұл жерде бірінші кезекте өз мүддесі бар. Себебін де айтайын, Ресейге келетін қытайлардың басым бөлігі Қазақстан арқылы өтіп жатқанын анықтаған. Қазақстанның қытайлану қаупінің алдын алмаса Қытайдың шекарасы Волгадан бір-ақ шығатынынан үрейленуде.

            Қытай кез келген елмен қарым-қатынас кезінде халқын қаптатып жіберуді көзірі ретінде пайдалатын жағдайға жетті. Кезінде Тяньаньмен алаңында жастарды қырып салғанда әлем өре түрегеліп адам құқығы жөнінде айта бастап еді Дэн Сяопин: «Егерде осы адамдардың құқығы Сіздерді қайғыртып отырса, осы тектес адам құқығы деп отырғандар 40 миллионнан асады. Осылардың барлығын өз қаржыммен Сіздерге жіберейін қазір» дегенде барлығы жым жырт болып еді.

            Қытай мигранттары ешқашан ассимиляцияға ұшырамайды. Керісінше топтасып, қауымдасып жүріп қалашығын салып өз ұлтының саяси мүддесін насихаттап жүреді.  Онымен шектеліп қалмай Қытайдың экономикасын дамыту үшін шетелде жүргенде де барлық мүмкіндіктерін жұмылдырады. Қытайдың экономикасын көтерген, инвестиция әкелген де осы шетелдегі қытайлықтар екен.

            Қытайдың бізге байланысты саясатының нәтижесін бір Алматы қаласы арқылы түсіндіре кетейін. Бір Алматы қаласында қазіргі күні жүзге тарта қытай кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Қытай тілі орталығы, Конфуций институты, Ялянь сауда орталығы, Си Синхай, Бианху көшелері, Барахолка және Сауран сауда орталықтарындағы сауда нүктелері, Қазақстанның паспортын  алған 5000-нан аса азаматты да қосыңыз. Бұл Қытай ақпаратынан алынған нақты мәліметтер. Ал біздің құқық қорғау органдарымыз мұндай мәліметтерді құпия ұстайды. Себеп қарапайым ай сайын әрбір Қытай азаматы өзінің амандығы үшін полиция бөлімшесіне 10 мың теңге, аудандық бөлім бастығына 25 мың теңгеден беріп отырады. Мұны бар Қытай азаматтары растап отыр. Ресейлік зерттеушілердің айғақтарына қарағанда, қытайлықтарды шетелге шығарып отырумен жүйелі айналысатын  биресми жасырын ұйымдар бар екен. Әр елге шығарудың өзіндік мөлшері бар. Еуропа елдеріне 8-10 мың доллар, Ресейге 2,5-3 мың доллар көлемінде әр адамға шығын жұмсайтын көрінеді. Қазақстан ең арзандарының қатарына кіреді. Мекен жайға тіркелу үшін 100-200 доллар жеткілікті. Әлемдік тәжірибе дәлелдеп отырғанындай мигранттар тарихта ешқашан мемлекетке пайда әкелмеген, әкелмейді де. Енді осының бәрі аздай қытай және орыс тілдерінде «Хасакэсытань   хуацяо бао» деген газетін шығара бастады. Газетте Қазақстандағы қытай диаспорасына арналған деп жазылған. Сонда біз қытай диаспорасы пайда болғанын да білмей қалғанымыз ба? Бұл жақын уақытта, мүмкін 5-6 жылда Қытай үкіметі Қазақстандағы қытай тілділердің құқығын қорғайды деген сөз. Әрине адам пайда болған жерде құқығы да пайда болады. Сондай-ақ Алматыда Қазақстандағы барлық қытайларды басқарып отыратын (қазіргі тілмен айтқанда жергілікті халықтан қорғап отыратын «крыша») «триада» деген бандиттік топтың да пайда болғанын біреу білер біреу білмес. Бұған қоса жақында қытай ұлттық мәдени орталығын ашуды да жоспарлап жатқандығын естеріңізге салайын. Қытай мигранттарының Алматыда  қаптап келе жатқанына байланысты мәселе көтірілгенде ішкі істер органы оның жалған екендігін жариялады. Сонда деймін-ау біз күнде қаптаған қытайлықтарды көріп жүрген көзімізге сенеміз бе әлде ішкі істер органының мәліметтеріне сенеміз бе? Осы арасы түсініксіз. Және бұл тек Алматыдағы ғана жағдай. Ал астанамыз Астана қаласының қақ ортасынан ойып тұрып қытай ұлттық нақышында салған зәулім «Пекин палас» қонақ үйіне айына шамамен 600-700 қытай азаматы қонақтайтынын, оған қоса Астана қалалық әкімшілігі қытай сауда орталығын салуға жер бөліп бергендігін қосып қойыңыз.

             Жалпы Қазақстан бойынша Қытайдың 20 ірі компаниясы және орта-ұсағы бар 2000нан аса бірлескен компаниялар жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі әрине энергетика саласында. Атап айтқанда Қытайдың иелігіне өтіп кеткен компаниялар:

1. Ақтөбемұнайгаз – 85,32 пайыз үлес 

2. Маңғыстаумұнайгаз – 47

3. ПетроҚазақстан – 67

4. Қазгермұнай – 50

5. Қаражанбасмұнай – 50

6. Бозашы оперейтинг

7. Павлодар мұнай өңдеу зауыты – 58

8. Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 50

9. Айдан мұнай – 100

10. ҚуатАмлонМұнай

11. Торғай Петролиум

         Сондай-ақ қытайдың 4 компаниясы қазіргі таңда мұнай бар жерлерге барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өткен жылы маңызды компанияларымыздың бірі «Қазмұнайгаз» Барлау өндіру» АҚның 11 пайызын сатып алды. Жақында «Қазақмыс» Қытайдан 2,7 млрд. доллар қарыз алғанын  және жақын арада үлесіне кіретінін білдік. Қазақстанның көп аймағын электрқуатымен қамтамасыз етіп отырған Екібастұз электр станциясын сатып алды. Әлі де көптеген компанияларды сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бір таңқаларлығы еліміздің Қазмұнайгаз ұлттық компаниямыздың үлесінен қытайдың CNPC компаниясының үлесі асып кетіпті. Жалпы Қазақстандағы энергетика саласындағы үлестің жартысына жуықтады. Сонда бұл елдің мұнай-газ саласындағы монополист компаниясы ҚМГ емес CNPC болғаны ғой. Егер де мұны түсіне білгенге елдің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп тұр. Соңғы уақыттар мұнайды қойып уран кеніштерін сатып алып жатыр. Білетініміз Шиелі, Иіркөл, Семізбай кеніштеріне иелік етуде. Алдағы уақытта Қапшағайдағы ойын-сауық қалашығын, Мойнақ су электр станциясын, Балхаш және Екібастұздағы жылу электр станциясын салуды жоспарлап жатыр.

          Жалпы Қытай Қазақстанның  барлық энергетикалық ресурстарын, яғни мемлекетіміздің күш қуатын толықтай бақылауға алу үшін барыншаинвестиция құйып жатыр. Қытай тек қана энергетикалық ресурстар қорын сатып алу үшін 3 трлн. қаржы бөлгенін әлемге жариялады. Бірақ бұған алданбаңыздар, бұл Қытайдың кезекті қақпаны. Сіздер ойлайтын шығарсыздар қытайлар бізге миллиондап доллар инвестициялар құйып жатыр деп. Ол салған ақшалары өндіріске, экономикамызды дамытуға емес, мұнай, газ, уранды өндіріп Қытайға алып кету үшін ғана. Ал оның шығынын өтейтін біз боламыз, өйткені несие ретінде мойнымызға ілініп жатыр ғой. Бір елдің экономикалық қауіпсіздігін тәуелділіктен қорғау үшін тұтыну тауарларының жартысынан астамын өздері өндіруі керек екен. Бұл жағдай бізде қызыл сызықтан әрі асып кетті. Алманың атасы атанған Алматы өңірі алманы Қытайдан тасығаннан кейін не сұрауға болады.

             2009 жылғы 15 сәуірде Пекинде қаржы министріміз Б. Жәмішев: «Қазақстан юаньді резервтік валюта ретінде пайдалануы мүмкін» деді. Юаннің тұрақты болып тұрғандығынан қазір саудагерлеріміз тауардың құнын юанмен өлшейтін болыпты. Бұл үдеріс түптеп келгенде доллар құнсызданатын болса Қазақстан юаньға көшуге дайын деген сөз. Байқасаңыздар Халық банкінің банкоматтары қытай тілінде де қызмет көрсете бастады. Мұның барлығына дабыл қағып жатқан жан баласы жоқ сияқты көрінеді.

             Енді халық санымен қоса тауарларына да аз кем тоқтала кетейін. Әрине қытай тауарларына шектеу қоя алмаймыз, бірақ тауарымен бірге келетін адамдарын кіргізбеу керек. Ол үшін шекарада сауда орталықтарын ашып, сол арадан тауарын алып, өзін сол жерде қалдырып отыру керек. Сонымен қатар шекарада тауарларын тексеріп өткізетін лабораториялар салуымыз керек. Себебі Қытайдың көптеген тауарларына ЕО, АҚШ, Жапония, Малайзия сияқты көптеген елдер тиым салды. Себеп біреу, адам денсаулығына зиянды, тіпті улы заттар.

          Бір кездері АҚШ үй жануарларына арналған Қытай тағамдарынан зиянды қоспа тауып еді, ит пен мысығының денсаулығын мемлекеттік деңгейде қорғап Пекинге қарсы нота жіберді. Жалпы қытайдан қандай тағамдар болмасын кіргізбеу керек. Себебі тағамдарының дерлік бәрі гендік модификацияланған тағамдар. Тіпті кейбір тағам түрлерінің зияндылығын анықтауға мүмкіндігіміз жетпейтін көрінеді. Бірде қытайдан келген шошқаның еті қаншама тексерулерден өтіп халық тұтынатын орынға келгенде зияндылығы анықталады. Артынша 90 тонна зиянды шошқа етін қайтаруға мәжбүр болыпты. Сонда зияндылығы белгілі бір уақытқа дейін анықталмай жүре береді деген сөз ғой. Осылай білдірмей әсер ететіндердің көпшілігі еркектерді белден айыратын, ұрықтарын өлтіретін қоспа бар екеніне құлақ та үйренді. Мамандардың айтуынша тағамдарымен қоса Қытайдан келетін киім кешек, балалар ойыншықтарының сапасы да сын көтермейді екен. Осылардың кесірінен ауру ұрпақтар саны өсуде. Атап айтқанда бүлдіршіндер арасында артроз, сколиозға шалдыққандар көбейді. Соңғы 5-10 жылдан бері жастардың басым бөлігінде майтабан ауруы анықталып әскерде отан қорғау борышынан айрылғандар қатары көбеюде. Медицина мамандары бұл қытайдың аяқ киімдерінің тигізген зардабы екенін айтты. Мектептердегі стандартқа сай келмейтін қытай парталарының зардабынан балалар бүкір, қабырғасы қисық қалыптасуда. Одан қалды кеңсе тауарларының жағымсыз иісті, улы бояуларынан оқушыларымыз тағы да зардап шегуде. Ал нәрестелерге арналған ойыншықтардағы улы бояулардан зақымданған, жарылғыш заттардан күйген, сылдырмақтағы дыбыстың қаттылығынан керең болғандар қаншама.

 

Фазылбек ӘБСАТТАР