Сопылар діни алауыздық тудырған ба?

Тергеу мен соттың 164-бап төңірегіндегі былықтары Елде «Сопылар ісі» деген атпен таныс ясауишілдерді соттау процесі қалай аяқталғаны туралы ақпарат құралдары жазып, хабарлады. Судъя сотталушыларға лайық деп тапқан ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасы қоғамда қызу талқыға түсті. Тәуелсіз БАҚ істің толықтай жабық жағдайда өтуінің негізгі себебін оның заңсыздығы мен тапсырыстық сипатынан іздеу керек дегенді айтып отыр. Бір мәрте болса да сот мәжілісі тұрмақ, сот ауласына да бас сұқпаған кейбір әріптестеріміз «діни экстремизм» бойынша алғашқы әділ үкім (?) шығарылғанын санын шапалақтап жазғанын да көрдік... Сопыларға тағылған айыптың бірі әрі ең негізгісі – «заңсыз діни экстремистік және қоғамдық бірлестік құрып, азаматтардың арасында ваххабиттерге қарсы діни алауыздық туғызды» деген айып. Бұл айып бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 164-бабында жаза кесілген. Расында да, Исматулла мақсым мен басқа сотты болған азаматтар діни араздықты қоздырушылар ма? Құмарбектің «тапқырлығы» Тергеу тобының осы бап бой­ын­ша таққан айыбының қи­сынсыздығын көрген кез-келген заңгердің күлері анық. Жақында «Маса.кз» сайтында «Сенсация! Ішкі істер министрлігі вах­хабизмді қолдайды ма?» (http://www.masa.kz/article/view/id/2386) атты мақала жарияланды. Онда «Сенім. Білім. Өмір.» республикалық қоғамдық бір­лес­тігі (СБӨ) мен «Абжад» ин­­теллектуалдық клубы өз қыз­меті арқылы ваххабиттерге қар­сы дінаралық жаулықты және араздықты қоздыру үшін үгіт-насихат жүргізген және Алматыдағы СБӨ филиалынан табылған «Обыкновенный ваххабизм» сюжеттерінде дінаралық жаулықты және араздықты қоз­дыру белгілері бар» делінген ҚР IIМ-нiң басқарма бастығы, полиция полковнигi Мұратбек Құмарбектің қаулысы көрсе­тілген. Мұны оқыған жұрттың таңқалмай қалуы мүмкін емес. Сонымен «Обыкновенный ваххабизм» фильмі діни араздықты қоздыратындай соншалықты қауіпті ме? Құмарбек қаматуға неге құмар? Тергеу барысында профессор Саят Ыбырай «Обыкновен­ный ваххабизм» фильмін Жез­қазған қалалық телеарнасынан көргенін айтып, анық-қанығын тексеруді сұрайды. Осыған қатысты М.Құмарбек Қарағанды облысы Ішкі істер департаментіне өтініш жіберіп, Қарағанды облысының және Жезқазған қаласының телеарналары «Обыкновенный ваххабизм» фильмін көрсетпеді деген хат алады. Бірақ бұл хатқа бір­де-бір тергеу сұрақтары мен сол телеарналардың ресми жауабы тіркелмеген. Оған қоса, М.Құмарбектің хаты 2011 жылдың 24-наурызында берілсе, Қарағанды ІІД-нің жауабы 2011 жылдың 31-наурызында қайтарылады, яғни қажетті ақпарат 2008-2009 жылдардағы мұрағат мәліметтерімен байла­нысты болса да, тапсырма бес-ақ жұмыс күнінің (26-27 наурыз – демалыс күн­дері) ішінде орындалған. Мұн­­­­­дай аз мерзімнің ішінде аталған кезеңдегі эфирлік бағ­дарламаларға мониторинг жасалуы мүмкін бе? Се­бебі, фильм қандай да бір те­ле­бағдарламаның аясында да көрсетілуі бек мүмкін ғой. Демек бағдарламада осы фильмнің аты көрсетілмейді, ке­­рісінше телебағдарламаның аты ғана жазылады. Ал екі жыл ішінде көрсетілген теле­бағдарламалардың мазмұнын тексеріп шығуға бірнеше ай кетеді. Сонымен не керек, бұл деректі М.Құмарбек толықтай бір құрылымды іске қосып таба алмады ғой. Бірақ жақында арнайы Жезқазған аймақтық «Са­рыарқа» (суретте) газетін ақтардық. Осы басылымның 2008 жылғы 7-наурызының №19 санындағы телебағдарламада «Ди­дар» телеарнасынан 13 наурыз күні 14.35-те «Обыкновенный ваххабизм» фильмі көр­сетілетіні жазылған. Осыдан кейін М.Құмарбектің не себепті бұл мәселенің жабық күйінде қалуына ынталы болғанын түсіну де қиын емес. Ал Ресейдің Бірінші арна­сының ресми интернет-сай­тында (www.1tv.ru) «Обыкновенный ваххабизм» фильміне оң мінездеме беріліп, ашық насихатталады. Егер бұл телеарнаның эфирлік шығарылымы Қазақ­стан Республикасының барлық аймағын қамтитынын, сондай-ақ интернет-ресурстың таралы­мын ескерсек, онда тергеу органының логикасына сәйкес, аталмыш БАҚ-тың мо­дераторының әрекеті И.Әбді­ғап­пардың және басқалардың әрекеттері сияқты ҚР ҚК 164 бабы, 337 бабының 2 бөлімі бой­ынша бағалануы тиіс. Құ­марбектің «тәсіліне» салсақ, сол сияқты «Дидар» арнасының басшылығы да қылмыстық жауап­кершілікке тартылуы керек емес пе? Керекті «керек» деп білмеген... Дағыстан Мұсылмандары ді­ни басқармасының тапсырысымен түсірілген аталған деректі фи­льм «Киномарафон-2009» фес­тивалінде «Кәсіби деректі кино» аталымы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, 13-ші Халықаралық DetectiveFEST фестивалінде «Тер­роризм – әлемге қауіп!» - терроризммен, экстремизммен, ксенофобиямен, нәсілдік және діни жеккөрушілікпен күрес тақырыптық аталымы бойынша дипломант атанды. Тіпті, 2007 жылы сәуірде Дағыстан президенті А.Тагаев: «Біз «Обыкновенный ваххабизм» фильмін түсірдік, оны тек «ТНТ Махачкала» телеарнасы ғана көрсетті, қалған мемлекеттік арналар неге көрсетпейді? Діни экстремизммен, ваххабизммен күресте таптырмас құрал емес пе?» деп аталған фильмді көрсетпегені үшін еліндегі БАҚ-ты қатты сынға алған болатын. «Обыкновенный ваххабизмді» түсіріп, іс-әрекетін әшкерелегеніне күй­ін­ген ваххабиттер дәстүрлі сопылық ілімін насихаттап жүрген фильм авторы, тележурналист Абдулла Алишаевты өлтіріп те кетті. Тағы бір айта кететін жайт, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 118-бабының 1-тар­­­­­мағында­ жалпыға бел­гiлi фактiлер дәлелсіз анық­тал­ған болып саналады де­лін­ген. Осындай белгілі фак­ті­лердің бірі – ваххабиттік идеологияның деструктивтігі. Мұны шетелдік (сонымен қатар Ресейлік) сарапшылардың «Обыкновенный ваххабизм» фильміне берілген оң бағасынан да көруге болады. Бүкіл әлем ваххабизмнің қаупін көріп отыр, бірақ іс бойынша тартылған сарапшылар бізді басқаша сендіргісі келеді. Олардың сараптама қорытындысына (12.09.2010 жылғы №3578, 27.09.2010 жылғы №3303, 08.10.2010 жылғы №3473) қарасақ, «Обыкновенный ваххабизм» деректі фильмінде «діни жаулықты қоздыру, ваххабиттерге қарсы жағымсыз пікірлердің болуымен байланысты арандату белгілері барлығын анықтапты»-мыс. Қош, сол фильмде алауыздық тудыратын белгі болмаса да, болды деп көрейік. ҚК-тің 164-ші бабында «дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалса» айыпты болатыны жазылған. Яғни нақты белсенді әрекеттер қылмыс деп танылған. Ал СБӨ өкілдерін сол деректі фильмді сақтағаны үшін, яғни әрекетсіздік үшін қылмыстық жауапқа тартып отыр. Керек десеңіз, СБӨ бірлестігінен табылған «Обыкновенный ваххабизм» фильмінің көпшілік алдында не ақпарат құралы арқылы насихатталғаны, тарат­қанының өзі тергеу барысында дәлелденбеген. Бұдан ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабын тергеу мен сот түбірімен бұрмалап, осы жағдайға қаса­қа­на орынсыз қолданғаны көрі­неді. Демек, мәселе «Обыкновенный ваххабизмде» емес болып отыр... Ваххабизм Қазақстан Республикасының заңымен қорғалған ба? 164-бап қандай заңды мүд­делерді қорғауға бағытталған? ҚР Қылмыстық Кодексінің 164, 337 баптарының талаптары заңды жұмыс жасап жатқан қоғамдық қатынастарды қорғауға бағытталғанын ескеруіміз керек. Яғни, қылмыс­тың объектісі дін ұстану еркіндігі аясындағы азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделері саналады. Қолданыстағы заңнама тек дәстүрлі діндерді ұстануға рұқсат етілген және олар заңмен қорғалады. «Ваххабизм» дәстүрлі діни ағымға жатпайды және заңмен қорғалмаған. Демек, Исматулла мақсым да, Саят Ыбырай да заң шеңберіне сиятын әрекет етіп, насихат айтқан деп толықтай айтуға негіз бар. Оның үстіне, сотқа тартылған сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда ваххабизм (салафизм) деген атаумен бірде-бір діни бағыт тіркелмеген, яғни ондай дін ресми түрде жоқ. Сонда ваххабизм дін болмаса, дінаралық алауыздық қалайша туындауы мүмкін? Сонымен қатар, Қазақстанның діни басқармасы ваххабизмді адасқан ағым деп дәлелдеп пәтуа шығарды. 2010 жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің депутаты А.Бекен соңғы кездері ваххабизмнің ықпалы Қазақстанда, оның ішінде Батыс Қазақстан облыстарында күшейіп кеткен­дігін айтып, оны қатаң ба­қы­лау қажеттілігі туралы Рес­­­­публикамыздың Премьер-министріне депутаттық сауал жолдады. Жақында Мәжіліс депутаты Ерзат Әлзақ баспасөз бетіне берген сұхбатында салафизмге заңмен тыйым са­лу керек деп қатты айтты. Вах­хабизмнің қатері жөнінде БАҚ бетінде жарияланған материалдарда шек жоқ. Сонда олар да экстремист атануы керек пе? Логикаға салайықшы. Алдағы үшжылдық мемлекеттік бюджетімізде нашақорлыққа қар­сы үгіт-насихатқа 262 млн доллар қаржы көзделіпті. Сонда мемлекеттің бұл қызметіне орай нашақорлар да «ар-на­мысымызды қорлады» деп ша­ғымданса, әбден лайық болып шығады емес пе? Бүкіл қоғам, билік тайлы-тұяғымен нашақорлықты азғындыққа, рухани ауруға теңеп жатыр емес пе? Шындығында, ваххабизмге қарсы айтылған пікір қылмыс ретінде бағаланбауы тиіс. Бұл қоғамды ваххабизмнің зиянды әсерінен сақтандыру болып саналады. Яғни ақты – ақ, қараны – қара деу қылмыс емес! Бақтияр Бабажан: «Исматулла Әбдіғаппар – Ясауи жолының жалғастырушысы» Сотталушы азаматтар Ясауи ілімін бетперде қылған ба? Бұл жөнінде мамандар не дейді? Сот осы жылдың 5-қазан күні Ислам университетінің профес­соры (Ташкент) Бақтияр Ба­бажан Жапониядағы Киото университетінде тұрып, «скайп» арқылы №3007 кешенді сот сараптама қорытындысына (01.04.2010ж.) байланысты сот отырысына қатысушыларға жауап берген болатын. Аталған сараптама негізінде сотталушы азаматтарға «Исматул­­ла Әбдіғаппар шииттік тар­мақ­тың, Ясауи ілімінің, ата-баба жолының элементтерін ала оты­рып, жаңа ағым қа­лып­тастырғысы келген» деген айып тағылған. Сотта Б.Бабажан бұл қорытындының негізсіз екенін атап өтті. – Ол (Исматулла мақ­сым) Ясауи жолының жал­ғас­тырушысы, сондықтан ол ілімнен ешқандай айыр­ма­­шылығы жоқ. Ол өз ең­бектерінде бұл ілімді тәп­сір­леген. Құранды кез келген адам түсіне алмай­ды, сол сияқты Ясауидің хикметтерін де түсіну қиын. Ал ол соны бүгінгі заманның адамына тәпсірлеп беріп отыр. Айырмашылық бар ма деп сұраудың өзі негізсіз, – деді исламтанушы. Сондай-ақ, ол сотта Исматулла Әбдіғаппар орындап жүрген зікір практикасы ислам дінінде бар екенін және дәстүрлі сүнниттік, сопылық ағымға еш қарама-қайшылық жоқтығын жеткізді. Ал Мағди идеясын шейттік бағытқа ғана телу ислам тарихын білмегендік. Өйткені, профессор Бақтияр Бабажан ол идея алғашқыда сунниттік исламда пайда болғанын, жалпы ислам әлеміне тән ұғым екенін айтты. Оны шейттік бағыт 8 ғасырда сунниттік ілімнен алған. Бірақ шейттер мұны мүлде басқа мағынада пайдаланады. Жоғалған 12-ші имам ретінде түсіндіреді. – Ал Исматулла Әбдіғап­пар­дың еңбектерінен Мағди об­разын сунниттік, сопылық ілімнің негізінде тәпсірлегенін анық байқаймыз. Мағди туралы Қожа Ахмет Ясауидің хи­кметтерінде де кездеседі. Бұл жерде шейттік исламның белгісі жоқ. Ал Қожа Ахмет Ясауиді шейт деу – күлкілі нәрсе, – деді исламтанушы. Б.Бабажан сот сараптамасын жүргізген сарапшылардың тұжырымынан кеңестік кезеңнің көзқарасы, әсері көрінетінін айтты. – Мен қайталап айтамын, сіздердің сарапшыларыңыз, кешіріңіз, суфизмді еш түсінбейді. Сіздер қараңыздаршы, ең соңындағы олардың сараптама жүргізу ке­­­зін­де сүйенген әдебиеттер тізімін. Бұл әдебиеттердің бәрі кеңестік кезеңде жазылған. Философиялық сөздік атеистік көзқарас тұрғысынан жазылған ғой, – деді исламтанушы. Осы саланы зерттеп жүрген теология докторы Досай Кен­жетайдың пікірінше, сопы­­­­лар ісіне сарапшылық ет­кен мамандардың «ғылыми тұ­жырымдары» бүгінгі сұранысқа жауап бермейтін кешегі кеңестік атеистік кезең авторларының кітаптары негізінде жасалған. «Бұлардың ішінде іліп алатын ислам дінінің негізін ғылыми тұрғыдан зерттеген бірде бір автор жоқ. Бұл сарапшылардың жауапсыздығын, ғылыми та­лап­ты тиісті деңгейде орын­дамағандығын көрсетеді. Сарап­шылардың бұл қорытындысы объективтіліктен алыс, тапсырманы орындау үшін тол­тырылған құжат ретінде қа­лып отыр. Бұл Қазақстан Рес­публикасының құқықтық, демократиялық және зайырлы ел ұстанымына қайшы әрекет деп есептеймін. Сарапшыларда мақсатты теологиялық ұстаным бар сияқты. Себебі, әлі талдамай жатып, мәселенің ғылыми-ме­­тодологиялық сатысында тұ­рып-ақ, бұл іске үкім шығарып үлгерген. Бұлар сарапшы ма, жоқ әлде сот па, беймәлім», – дейді теолог. Досай Кенжетайдың айтуынша, ваххабиттерді оба дерті ретінде бағалаған тек Исматулла емес, бүкіл ханафи, малики, шафиғи мазхабы каламшылары, ғұламалары солай бағалаған. «Керек десеңіз, ханбали мазхаб ғұламалары, Абдулваххабтың өз әкесі солай теңеген», – деді ол. Осындай дін атын жамылған ағымдарға сопылық жол төтеп бере алады дейді Б.Бабажан. Оның пайымдауынша, қазақ халқының мәдениеті сопылық арқылы дамыған. Ғалым Ор­та­лық Азия елдері үшін екі таңдау тұр. Біріншісі – қауіп­ті радикалды ағымдар, екін­ші­сі – исламның либералды, конформистік, яғни сая­си­ланбаған дәстүрлі ислам. «Осы дәстүрлі ислам өркендеп жатса, оны қолдау керек. Өйткені ол ваххабизм сияқты радикалды ислам бағыттарына қарсы тұра алады. Одан басқа жол жоқ. Мен Қазақстанды жақсы көремін және сол үшін қатты алаңдаймын. Дін саласын реттеу керек. Біздің Өзбекстандағы сияқты тек тыйым салумен мәселені шеше алмайды. Бәрібір радикалды ислам шығатын бо­лады. Өйткені, адамдардың ру­ха­ни сұранысы болатыны заң­дылық және ол вакуумды радикалдық идеологиямен тол­тыруға жол бермеу керек. Міне осыған қарсы тұру үшін сопылық керек. Мемлекет әкімшілік шаралармен бұған қарсы тұра алмайды. Мұны осындай жергілікті салт-дәстүрді құрметтейтін сопылар қолға алсын», – деді Бақтияр Бабажан. Тағы бір айта кететін жайт, сот психологиялық-филологиялық сараптама негізінде дінтанушылық сараптама жүргізген С.Энчбай қыркүйектің 23-і күні сот отырысына қатысып, өзінің «сопыларға» қатысты сараптамасынан бас тартып, олардың іс-әрекеті толығымен Ясауи жолымен сәйкес келетінін мойындады. Демек, дінаралық араздықты қоздырды деп айып тағуға бірден-бір негіз болған сараптама өз күшін жойды деген сөз. Олай болса, ҚР ҚК-нің 164 бабымен сотталушыларға айып тағу еш мүмкін емес нәрсе. Сот сараптамасының қорытындысы дәлел емес Сот сараптамасы қоры­тын­­ды­­сын жасаған сарапшылардың біліктілігі төмен болғаны, мәсе­леге объективті қарамағаны, ғылыми негізге сүйенбегені бы­лай тұрсын, олардың қоры­тындысын дәлел ретінде қабылдаудың өзі артық болады. Олай дейтін себебіміз, сот сараптамасына дейінгі іс жүргізу заңдарын, талаптарын тергеу органдары өрескел бұзған. Осыған орай, сот сараптамасының қо­ры­тындылары (30.12.2010 жыл­ғы №234, 29.10.2010 жыл­ғы №10563, 24.01.2011 жылғы №340, 31.01.2011 жылғы №16, 18.03.2011 жылғы №839, 18.03.2011 жылғы №70, 12.09.2010 жылғы №3578, 27.09.2010 жылғы №3303, 08.10.2010 жылғы №3473 (кешенді, алғашқы, қайталама)) дәлел ретінде қабылданбай, жоққа шығарылуы тиіс. Атап айтқанда, ҚР Қыл­мыстық іс жүргізу кодексінің 222, 232, 248 баптарының нормалары, сондай-ақ «Заттай ай­ғақтарды тәркілеу, есепке алу, сақтау тәртібі туралы...» Нұсқауының 10-тармағы бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Тергеу органының істегі сараптама объектілерінің (бейне, үнтаспалардың, әде­биет­тердің және т.б.) нақты қай жерден алғанын көрсететін дәлелі жоқ. Сол себепті қорғау жағы «СБӨ» бірлестігіне және осы қылмыстық іс бойынша айыпталғандарға қатысы бар объектілердің сараптамаға берілгеніне сенімсіз болып отыр. Өйткені, тінту хаттамаларына сәйкес, «СБӨ» бірлестігінен тәркіленген заттар сол тергеу әрекеті барысында қапталып, буылып-түйіліп, мөрдің бас­па-таңбасымен бекітіліп, он­ың үстінен куәгерлердің қо­­лы қойылған болатын. Алай­да сот сараптамасына тәркіленген заттар куәгерлердің қолтаңбасынсыз түскен, яғни тәркіленген заттардың алғашқы қабы ашылған болып тұр (суретті қараңыз). Тергеу органдары жіберген осы іс жүргізу заңсыздықтары себебінен сарапшылардың зерттеуіндегі объектілердің дәл кімге тиесілі екенін нақты айту қиын. Тінту, тәркілеу және басқа да тергеу шаралары кезінде «СБӨ» РҚБ өкілдерінен алынған заттар ҚР ҚІК 222, 232 баптарының тәртібіне сәйкес, алынған объектiлер буылып-түйiліп, мөрмен бекiтiлiп және куәгерлердiң қол қоюы арқылы расталуы керек еді. Алайда тәркіленген объектілердің биркасы мен қорабының түрі өзгерген. Осы жағдайдан аталған заттардың тәркіленіп алынған кезеңнен бастап сараптамаға түскенге дейінгі аралықтағы тағдыры белгісіз күйде қалып отырғаны айқын көрінеді. Осы уақыт ішінде тәркіленген заттар түрі ұқсас өзге нәрсемен, тіпті мазмұны мүлдем қарама-қайшы нәрсемен ауыстырылып қойылуы әбден мүмкін ғой. Сот сараптамасына дейін зерттеу объектілерін қосымша ашып қарау қажет болғанның өзінде, танысқан соң қайтадан қорапқа салынып, қорапқа мөр басылып және куәгерлердің (іске мүдделі емес тұлғалардың) қолымен бекітілуі тиіс. ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 24 қарашадағы №16 «Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы» Нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес, өрескел заңбұзушылықтар орын алған жағдайда сот сараптама қорытындысы дәлел ретінде қабылданбауы тиіс. Ондай өрескел заңбұзушылықтарға мыналар жатқызылған: сараптамалық зерттеу объектісін сараптамаға дайындау, жіберудің іс жүргізу тәртібінің бұзылуы; іске қатысушылардың сараптаманы тағайындауда және жүргізуде құқықтарының бұзылуы (сараптамаға дейін қорғау тарапы тиісті қаулымен таныстырылмады, дәл осы жағдайдың салдарынан қорғау тарапы сарапшыларға қосымша сұрақ қою мүмкіндігінен айырылды); сот сараптамасының негізділігіне, зерттеудің толықтығына, жан-жақтылығына, объективтілігіне кері әсер еткен заңбұзушылықтар. Қай пікіріне сенеміз? «СБӨ» бірлестігі үстінен 2005 жылы Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің талап арызымен алты ай сот үдерісі өткен. Талап арызда «СБӨ» бірлестігін экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салу сұралған. Алайда, істі жіті қараған Ақтау қалалық №2 соты мен облыстық соттың аппеляциялық алқасы арызданушылардың талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Сот ісі кезінде «СБӨ» РҚБ бүкіл жұмысын, соның ішінде Х.А.Ясауидің рухани-сауықтыру әдістемесін қолдануды, «Зікір» діни ғибадатын орындауды қамтыған теологиялық сараптама жүргізілген болатын. Бір қызығы, сол кезде, 2005 жылы экстремистік белгілердің жоқтығы туралы қорытындыға келген сарапшылардың бірі – Алматы қаласы ӨҒӨССЗ бас сарапшысы Д.Р.Мусина биылғы жылдың (24.01.2011ж.) сот сараптамасында діни экстремистік белгі бар деген қорытындыға келіпті. Бір сарапшының бір мәселе бойынша жасаған қарама-қайшы уәждерінің қайсысына сенуге болады? Осыдан ол сарапшының өз субъективті пікірін беріп отырғанын немесе солай етуге мәжбүр болып отырғанын көруге болады емес пе?!

Думан ӘЛИ, сарапшы

P.S. Айта берсек, тергеу органы мен сот тарапының Қылмыстық кодекстің басқа он шақты бабын есептемегенде, 164-бабы аясының өзінде қаншама заңсыздыққа толы әрекеті бір мақаланың көлеміндегі әңгіме емес екенін байқаған боларсыздар. Сол себепті, алдағы уақытта сопыларға тағылған айыптарды жеке-жеке талдау керек. Әлем ваххабиттермен күресіп жатқанда Қазақстан не себепті ясауишілдермен алысуы керек? Сондықтан, алдымен кімнің қауіпті екендігін анықтап алғанымыз жөн болар. Президент Нұрсұлтан Назарбай «рухани тірегіміз – Ясауи жолы, соны жанғырту керек» десе, судъя Қасым Қалмағамбет пен Құмарбек сияқты Ішкі істер министрлігінің өкілдері ваххабизмді сот арқылы қорғайды. Қоғамды екіге жарып, елді арандатып отырған кім? Осы бір нақты сұраққа жауап көп ұзамай табылып та қалар!