ДІНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – ҮЙЛЕСІМ МЕН ТЫНЫШТЫҚ КЕПІЛІ

2
3953

«Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер.
Ал олардың арасындағы керібаққандардың жайы басқаша.
Біз өзімізге берілген кітапқа да, сендерге берілген
кітаптарға да иландық. Сендердің тәңірлерің де, біздің Тәңіріміз де біреу-ақ.
Біз бір Аллаһқа ғана бойсұнғандармыз деңдер…»
(Құран Кәрім. «Ғанкәбут» сүресі, 46-аят)

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Алла тағалаға ғана тән. Және Оның игілігі мен сәлемі «бүкіл әлемге рахмет етіп жіберген» Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға, оның сахабаларына, үй-ішіне, үмметтеріне әрі ұрпақтарына болсын!
Иә, ел тұтастығы мен рухани келісімнің маңыздылығы адамзаттың үйлесімді де берекелі өмір сүруінде алатын орны ерекше екені белгілі. Қашан да татулығы жарасқан, ауызбірлігі мен достастығы үйлесім тапқан ел бір арнаға түйісіп, халықтың тілегі мен ынта-ниеті, асыл армандары орындалып, бақытты қоғам әрі бейғам өмір кешетіндігі ежелден белгілі. Сол себепті бабаларымыздың: «Бірлігі барды – жау алмайды» немесе «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлағатты сөздің астарында ауызбірлік пен татулықтың ел тыныштығын негіздегені сол замандарда-ақ кемеңгерлігімен дөп басып айтқан ғой. Ұлан-байтақ Қазақ жері көп ұлтты, көп конфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Алла тағаланың жақсылығы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік сүйгіш әрі салиқалы саясаты, парасатты басшылығы арқасында мемлекетімізде жүзден астам алуан тіл мен дінді, түрлі діл мен мәдениетті ұлттар мен ұлыстар өзара ауызбірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Ислам діні ең бірінші татулыққа, бейбітшілікке шақырады. Ал бүгінде дін атын жамылған ұйымдар тек саяси көзқарасты ұстана экстремистік әрекетте болса, мұны толық ажырата алмағаннан кейін, әсіресе, ислам дініне күйе жағуға дайын тұрғандар ислам – бейбіт дін екенін әсте мойындағысы келмейді. Мұндай жағдайлар дін өкілдеріне күйе болып жағылуда.
Бүгінде заман талабы туғызған сұранысқа сай дін қайраткерлеріне үлкен сенім арттыруда. Сол сенім мүдесінен қалай шығу мәселесі бәрімізді терең толғандырады. Ол үшін барлық дін басшылары, мешіттер мен шіркеулер, озық ойлы интеллектуалды ортасы өз халқының рухани да мәдени деңгейін көтеруге ықпал етуге барынша тырысуда. Сонда ғана өзгеге деген озбырлық тиылып, сабырлықпен өзара түсіністікке жол ашылады. Сан ғасырлар бойы адам баласы жасаған өркениеттерді әрі қарай дамытады. Сара да негізгі жолдардың бәрі – мәдениеттер мен діндердің өзара үн қатып, тілдесу екенін бүгін ешкім жоққа шығара алмайды. Мәдениеттердің бір-біріне деген игі әсері, өзара тоғысуы және имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық арқылы мәдениеттер байып өркендейді. Осы арқылы адамзат өркениеттерінің өзара үйлесімі қалыптасады. Сол себепті мәдениеттер мен діндер арасындағы диалог пен өзара түсіністік, біздіңше, бірте-бірте қылаң бере бастаған ұлттар мен ұлыстар қақтығысын болдырмаудың басты құралы бола алады. Осы ретте 14 ғасырдан бері адам баласын ізгілік пен қайырымдылыққа, ынтымақ пен бірлікке шақырып келе жатқан ислам діні әлемге шуақ шашып, нұрын тарата бастағаннан бері татулық пен достық, әділдік орнауда. Ислам өмірді ұлықтайды, адамдарды оны қадірлеуге үндейді. Адам денесі – материалдық әлемнің бөлігі. Сол денеге Алла тағала қалауынша ұзақ немесе қысқа етіп «қарызға» жан берген. Сол себепті жан – адам денесіндегі қонақ. Олай болса, адам баласы ғұмырын барынша мәнді де маңызды, тақуа да зиялы, игі де ізгі істермен өткізулері керек. Қасиетті Құранда: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал» (Құран Кәрім. «Ал-Майда» сүресі, 2-аят) деп, Алланың тура жолмен жүруге, иманнан таймауға, игілікке, қайырымдылыққа, шапағатқа шақырады, жамандықтан сақтандырады. Сөйтіп, ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрім: «Дінде зорлық жоқ» («Ал-Бақара» сүресі, 256-аят) дейді. Бұл дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла тағаланың нығметтерін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз.
Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады. Әрине, Алла тағаланың барша адамзаттың бір ғана сенім-нанымына ұйытып қоюына құдіреті жетеді. Бірақ, Ол адамзатқа өзі жаратқан басқа мақұлықтарына бермеген ақыл-ой, сана бостандығын бергендіктен, үлкен сеніммен еркіне жібереді. Бұл тұрғыда да Алла тағала Құран Кәрімде: «Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Аллаһ Тағаланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады» дейді. («Юнус» сүресі, 99-аят). Бұдан шығатын қорытынды – жаппай исламды қабылдау тек бір Алланың қалауында. Тәңіріміз адам баласын жалпы қай дінде болсын, өзара мәмілемен бейбіт қатар өмір сүруге міндеттейді. Дін – саналы адамдарды, өз еркі және қалауымен қайырлы, игілікті істерге жетелейтін құдіреті күшті Жаратушының заңы. Дін – тәрбие. Дін – бақытқа жетелейтін, иман мен Тәңір заңдарын қамтитын тура жол. Дін – сүйіспеншілік, құрмет. Дін – сенім, ғибадат, дұға. Дін – адамзат, отбасы, қоғамды дамытып, үйлестіруші күш. Дін – адамды Жаратушы Алламен, өзге пенде мен әлеммен, айналасындағылармен байланыстырып, тәртіпке салатын, оған жол нұсқап, жетелейтін үлкен сенім. Сол себепті атақты философ Анри Бергсон дін жайында: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды» деген.
Даналардың бірі: «Дүниедегі барша адамзат төрт нәрсені қадір тұтады. Егер бұл төртеуі жоқ болса, адам шапағаттан жұрдай болады» дей отырып, оны: 1. Адамның ерікті, яғни азат болуы; 2.Еңбекпен тер төгіп, тапқан мал-мүлкі өз игілігіне айналуы; 3. Әр адамның туып-өскен, ата-бабаларынан мұра боп қалған Отаны болуы; 4.Отанды бөтендердің қолына тапсыру кешірілмейтін күнә, келер ұрпаққа жасаған қиянат екені; 5. Ислам – олардың ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан діні» – деп саралайды.
Өз кезегінде Ислам басқа дін өкілдерімен төрт түрлі жолмен байланыс жасауды дұрыс көреді. Олар: 1. Танысып, білісіп, жақсы қарым -қатынаста болу; 2. Бір-біріне жәрдемдесу; 3. Жақсылық жасау; 4. Әділ болу.
Алла тағала Құран Кәрімде танысып, білісіп, қарым-қатынас жасау жайлы: «Ей, адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) бір ата, бір анадан жаратып, өрбіттік… Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Ал ерекше діндар болғандарыңды Тәңірі құрметті санайды. Анығында, Аллаһ барлық нәрсені біліп, бәрінен хабар алып отырады» деген. («Хұжұрат» сүресі, 13-аят).
Сонымен, барша адамзат бір ата-ананың перзенттері. Адамдардың түрлі ұлт-ұлысқа бөлінуі, бір-бірімен жер немесе мал-дүниеге таласып, ұрыс-жанжалмен өмір сүруі емес, қайта олар бір-бірімен танысып, қамқорлық жасап, өзі халифа болған уақытта елін өркендетуге шақыруы ләзім. Алла тағала құзырында абыройға мал-дүниемен емес, қайта Алла тағаладан қорқумен және де жіберген әміріне мойынсұнумен жететінін айтқан жөн. Ал жақсылық жасау, әділ болу жайлы да Алла тағала Құран Кәрімде: «Ал кәпірлер ішіндегі сендермен соғыспағандарға, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, олар туралы әділ болудан Аллаһ сендердің жолдарыңды тоспайды. Аллаһтың әділ жандарды жақсы көретіні даусыз» деп өсиет еткен. («Мұмтахина» сүресі, 8-аят). Алла тағала бір аятта адамдар бір-біріне бөтен еместігін ескертсе, екінші аятта қайсы дінде болмасын оларға жақсылық жасауды және де әділ болған жандарды жақсы көретіндігін атап көрсетеді.
Ислам діні мұсылмандар мен олардың қоластындағы өзге дін өкілдеріне де тең құқық береді, мұсылмандарға тиесілі немесе міндетті нәрселер оларға да міндетті және оларға да дін еркіндігі толығымен берілген. Мұсылмандармен бірге бір мемлекетте тұратын «Кітап иелері» өкілдері жайлы шариғатымыз бірқатар шешімдер шығарған:
1. Олардың тәрк етуіне немесе белгілі бір сенімге мәжбүрленуіне жол берілмейді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, Алла тағала Құранда: «Дінде зорлық жоқ» деген. («Бақара» сүресі, 256-аят).
2. «Кітап иелері» діни рәсімдерін өткізуге құқылы. Шіркеулері бұзылмайды, пұттары қиратылмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Оларды діндерімен бірге тек қойыңдар» деген. Яғни, оларды ғибадат жасап жатқан діндерінен қайтармаңдар деген.
3. Ислам олардың діндерінде рұқсат етілген тағамдарын пайдалануына да мүмкіндік береді.
4. Өз дініндегілеріне үйлену, ажырасу еркіндігі сақталады.
5. Ислам олардың абырой мен құқығын қорғайды. Ұрыс-жанжал болған жағдайда да олармен әдеп сақтап, сыпайы сөйлесуге шақырады. Алла тағала Құран Кәрімде: «Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер. Ал олардың арасындағы керібаққандардың жайы басқаша. «Біз өзімізге берілген кітапқа да, сендерге берілген кітаптарға да иландық. Сендердің тәңірлерің де, біздің Тәңірімз де біреу-ақ. Біз бір Аллаһқа ғана бойсұнғандармыз» деңдер» деген. (Құран Кәрім. «Ғанкәбут» сүресі, 46-аят).Мұсылмандармен бірдей басқа түскен қайғы-қасіретке де тең құқықты.
6. Ислам діні мұсылмандарға оларды зиярат етуге, сырқаттанып қалса көңілін сұрауға және бір-бірімен сауда-саттық жасау секілді т.б. істерге рұқсат етеді.
Сөз соңында, асыл дініміздің ұлағатты да тәрбиелі қағидаларынан дінаралық татулық пен үйлесімнің адамзат аталуының алдында киелі борыш екенін ескерсек, сол киелі борышымызды әр саналы азамат тиесілі дәрежеде атқарса, қоғамымыздың тыныш та бейбіт ғұмыр кешетіндігінде біздің күмәніміз жоқ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзінде: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Аллаһ Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір» деп үндеу тастағаны бізді дінаралық татулық пен өзара келісім негізінде тыныштық орнаған қоғамда ғана тілегіміз бен ізгі арманымыз орындалатынына нық сенім білдіруге болады. Осы татулық пен ізгілік жолында Ұлы Жаратушымыз бізге имандылық пен тақуалықты, береке-бірлік пен өркендеуді нәсіп етсін. Әумин!

Нұрлан Байжігітұлы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Өскемен аймақтық өкіл
имамы  

2 ПІКІРЛЕР

  1. Аллаға бой ұсынған пайғамбарлар, Яһудилерге онымен үкім етер еді. Және Алланың Кітабын қорғауға міндеттендірілген ғалымдар да, онымен үкім етер еді. Олар оған куәгер еді. Ендеше адамдардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар және аяттарымды аз бір ақшаға сатпаңдар! Кім Алланың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар қарсы болушылар. (44)

    Оларға тәуратта: жанға жан, көзге көз, мұрынға мұрын, құлаққа құлақ, тіске тіс және жараларға да, қарама-қарсы төлеу (қысас) жаздық. Дегенмен біреу, оны кешірім етсе, сонда ол оған кәппарат болады (өз күнәсы кешіледі.) Және кім Алла түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар. (45)

  2. Машааллах! Дал казирги дин мен мемлекет уйлесимине кажетти акпарат, жас казак унине кашаннан оз басым разымын, журт конилине жылылык беретин басылым, жазылуга бармыз…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз