Бейбіт Сапаралы, жазушы, дінтанушы: ДІННІҢ БҮЛІНУІ – ЕКІ ДҮНИЕМІЗДІҢ ОЙРАНДАЛУЫ

-Радикалды діни топтардың осындай мәлімдемелері ел ішінде іс жүзіне асуы мүмкін бе? - Алла оның бетін ары қылсын. Алайда еліміздегі соңғы бір жыл ішіндегі оқыс оқиғалар, жаһандағы жер-әлемді жаулап бара жатқан лаңкестік, содырлық, бүліншілік өрт-апаты не нәрседен де таң қалмау керектігін, керісінше сақтану, қауіпсіздік  шараларын өте күшейту қажеттігін көрсетеді. 21 қазандағы «Джунд әл-Халифат», яғни кезінде Ливанды тас-талқан еткен «Халифат әскерлері» ұйымының атынан қатқыл мәлімдеме жасаушылар, 31 қазан күні Атыраудың тап орталығында бірінің артынан бірі екі жарылысты ұйымдастырушылар, Оңтүстік Қазақстан облысында Құрбан айтқа байланысты балаларды құрбандыққа шаламыз деп үнпарақ таратушылар, т.с.с. Қазақстанды мамыражай, бейбіт аймақтан алаңдаулы, тиышы кете бастаған өлкелер санатына жатқызуға итермелейді.  Біздіңше, діни қызмет туралы жаңа заң жобасына ғана байланысты діни радикалды топтар жаппай бүліншілік әрекетке көшпейді. Ол көп жылдар бойына қордаланған мәселелердің бір бүйірді тесіп шыққан көрінісі ғана. 20 жылдан кейін әупірімдеп  өзгерген заң көп мәселені қамтиды. Дей тұрғанмен, заң мәтіні деген де еш қарпі өзгермес қасиетті аяттар емес қой, уақыт өте келе қоғамдық пікірге сай ол да толықтырылып, өзгертіліп жатады. Сол себепті мәлімдемені кімдер, қандай мақсатпен жасап жатқанына терең мән беріп қарауымыз қажет.   -Бұл талап сырттан келді деп ойлайсыз ба? Бәлкім, қорқыту-үркіту әрекетімен өз ішіміздегі содырсымақтардың жасауы да мүмкін ғой... - Әлбетте, сырттан да, іштен де, алдын алу шараларына байланысты өзіміздің құзырлы арнайы қызметтерден де болуы мүмкін. Сырттан, батыстық қаржыландырушы, қадағалаушы, идеялық дем беруші құпия ұйымдар мен топтар іріткі әрекеттеріне бастау болсын деп дабыл қағуы мүмкін. Іштегі содырлар да түптеп келгенде - Пәкстан, Саудия, БАӘ, Иордания, Иран, Ливан, Кавказ... арқылы сол еуропаның нақ төріндегі, мұхиттың арғы жағындағы шайтани ордалармен тығыз астасып, кіндіктесіп жатады. Ал соңғы жиырма  жыл бойына лаңкестік дегендерді тек жаһандық БАҚ өкілдерінен ғана естіп-біліп, бейғам отырған біздің қауіпсіздік, сыртқы барлау, ішкі істер саласы мамандары үшін қалтарысы мен қатпары мол нағыз қауіпті қызмет енді ғана басталды деп білеміз. Осы орайда діни экстремизм мен дін атын жамылған терроршылдықпен қалайша тиімді күресу, профилактикалық шараларды «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» дегендей қайтіп өміршең жүзеге асыру, миллиардтаған доллар құйылатын қатерлі жобаларға аз қуатпен қалайша өз деңгейінде қарсы тұру, міне, мұның барлығы да жақын болашақта нақты өмірімізден орын алатын сан сұраулы құбылыстар.      -Исламның ішінде осындай қорқынышты рең пайда бола бастауы бүкіләлемдік панисламдық реваншизмнің әлпеті емес пе? - Алланың хақ діні исламды құбыжық етіп көрсетсек дейтін шайтани әрекеттер алғаш Құран Кәрім аяттары түсе бастаған кезде-ақ басталып кеткен. Жаратушы Иеміздің шексіз құдыретіне қарсы тұра алмаған ол мүшіріктер  дін негізіндегі қақтығыс, соғыстарды да бастап кеп жіберген. Ардақты пайғамбарымыздың(с.ғ.у.) сахабалары, мұсылман үмбетінің халифалары хазіреті Омар, хазіреті Оспан, хазіреті Әлилердің мешітте намазда тұрып, өз үйінде, немесе шөл далада қанға боялып қасақана өлтірілуі, оны көрген талайлар үндемеуі  исламға қарсы орасан содырлық, лаңкестік әрекет емей немене. Йахудилік, масондық, ұлыбританиялық негіздегі империялық, американдық жүйедегі протестанттық, трансконтиненталдық өндірістік-қаржы корпорацияларының, т.б. құпия ұйымдар мен жасырын топтардың бертіндегі үш ғасыр бойына ислам дініне қарсы істеп келе жатқан жандәрмен жаһандық әрекеттері, жобалары, іс-шаралары тереңіне құрық бойламайтын аса жымысқы деңгейде. Ешбір ақылды инсан, әділетті елбасы түйінін тарқата алмасын деп мың қайтара шимайлап байлап, матап тастаған олар лаңкестік топтармен шектелмей, тұтас мемлекеттерді де содырлардың отанына айналдырып жіберген. Өзге ислам империяларын құлатқан олар сол бүлдіргі мемлекеттерді ислами деп жариялатып та қойған. Демек, еліміздегі діни тентектерді ауызға алғанда соларды тентек етіп құтыртып отырған басқа ислам атын жамылған дәулеттерді, батыстағы идеялық және қаржылық орталықтарды жақсылап танып-біліп отыруымыз  қажет. Билік басында ондай дәрежедегі ақылмандар мен сарапшылар күнде кеңес құрып, «антивирус» шараларын батыл қолданбаса рухани дерт асқынып, насырға шауып, дербестіктің бәйтерегі тамырына оңдырмай балта шабылуы оп-оңай. -Әлемдік деңгейдегі сарапшылар арасында ислам іліміне қазіргі заманға сай реформа жасалуы керек деген пікірлер бар. Мәселен, соңғы бір ғасырда католик діні де, православия, протестанизм де реформалаудан өтті ғой. Сіз осыған қалай қарайсыз?     -Әлемдік деңгейдегі сарапшылар дегенде ислам ақиқатын білетін, бес парызын түгендеп жүрген кәміл мұсылмандар ма, жоқ әлде ислам дінінен сырт зерттеуші мамандар ма, осы жайттың басын ашып алуымыз қажет. Ал, католиктер мен православия, протестанттар дінді реформалаған жағдайына келер болсақ, ол дін деп атап жүрген бағыттардың әу басындағы тұма көздері ылайланған, құдайдан түскен Тәурат, Забур, Инжил кітаптарын түпнұсқада сақтай алмай, әулие деген діндарлары қайта көшіріп, өзгерістер енгізген, күші жойылған, саф қалпын сақтамаған. Католиктер мен православия шіркеулері христиандықтың сол өзгеріске ұшыраған бұтақтары болса, протестантизм тіпті де католиктерге қарсы адам баласы өздері ойдан шығарған дінсымақ. Бұл баға мұсылмандардың өшпенділікпен ойлап тапқан  тұжырымдары емес, Алладан түскен Қасиетті Құранның аяттары бізге мағлұм еткен ақиқат жайлар. Сол себепті кез-келген иманды құл Алланың хақ діні исламға тозаңдай да реформа жасай алмайды. Қиямет қайым күніне дейін солай. Ұлыбританияның үш ғасыр бұрын бүлдіргі жобасына айналған «уаххабилер бүлігі»(«Фитнатул уаххабия» кітабын жазып, осы атау сөзді алғаш ғылыми айналымға енгізген Құнанбайдың замандасы, хиджаз араб елдерінің муфтиі Саид Дахлан көреген болатын) де исламды реформалайық, Мұхаммед Расул заманындағы асыл дін нұсқасына қайтып оралайық деген құйтырқы желеумен жасалған болатын. Бертіндегі - ахмадия, хизб-ут тахрир, ахли құран(құраниттер), зікіршілдердің... де Лондонға барып бастары тоқайласып жататын басты көздеген нысанасы да сол еді, діни реформа түсінігімен исламның түпнұсқасына орны толмастай залал келтіру болатын. Қазақстанда кейбір адасқан зиялы қауым өкілдері осыдан он бес жыл, бес жыл бұрын, тіпті өткен және үстіміздегі жылдың өзінде Құранды тек қазақша оқытып, қазақ тілінде намаз оқытып, азан шақырттырайық деген діннен шығаратын кәфіри, шайтани ой-ұсыныстарды БАҚ құралдары арқылы қымсынбай, батыл айта бастаулары, сол діни реформа деген батыстық бүлдіргі идея ішімізге дендеп ене бастауының бұлтартпас көрінісі деп білеміз. Біздіңше, сұрақ басқаша қойылуы керек еді, мәселен, ҚМДБ қызметін реформалау, муфтият құрылымын реформалау, діни насихат жұмыстарын реформалау, ислами жоғары және орта білім беру жүйелерін реформалау, дінтану пәнін мазмұндық тұрғыдан ел өміріне жақындатып реформалау, ислами кадр мәселесін реформалау, т.т. деген сияқты. Құран Кәрім, пайғамбар хадисі, қалыптасқан мазхабтар енді ешқашан реформаланбақ емес.      -Содырлық-лаңкестік жағдайлар орын алмау үшін қазіргі билік не істеуі керек деп ойлайсыз?   - Бұл тұрғыдағы пікір, ұсынысымызды соңғы он бес жыл бойына тоқтаусыз жазып, кітапқа шығарып, теле-радиохабарлар арқылы бүкпесіз айтып, билік басына ескертумен келеміз. Алғашқыда оқиғаны қоюлатып, өрістетіп отырсыңдар дейтін, кейінде дінбасы, муфти болмақ үшін айтып жатырсыңдар дейтін, бертінде саяси билікке араласқыларың келіп жүрген сияқтысыңдар деп үрейленетін, енді нақты ұсыныстарымызды тыңдап, жазғандарымызды парақтап, айтқан сындарымызға құлақ асатын болды. Жақын араның өзінде «Қағанат» консорциумының бизнес жоспарларымен Саудияда болып, 2003-2006 жылдары такфирлердің бүлдіргі, лаңкестік әрекетіне қарсы уаххабилер отанында қандай іс-шаралар қолданғанын, қазіргі уақытта аталмыш бағытта нендей күрделі жобалар жүргізіліп жатқанын патша әулетінің белді адамдарынан, уаххабтың діни басшылықтағы тікелей ұрпақтарынан, арнайы қызмет басшыларынан қосымша мағлұматтар алып қайттық. Қазақстан такфирлерінің серкелері әлі күнге дейін Саудияда бой тасалап жүргені белгілі. Қазан айының басында Теһранда Палестина азаттығы тақырыбында өткен конференцияға арнайы қонақ ретінде қатынасып, жаһанның 80 елінен келген жоғары деңгейдегі мамандармен, «араб көктемінің» жақсылығы мен зардабын бірдей тартып отырған Палестина, Мысыр, Ливия, Йемен, Сирия, т.б. елдерден келген өкілдермен пікір алмасулар, Иранның рухани көсемі аятолла Хоменеи мен Иран Президенті Махмуд Ахмадинежад, Иран парламентінің басшысы Әли Лариджани, т.б. қол алысып, құшақтасып есендесіп, күндізгі жиын, кешкі қонақасыларда лаңкестік тақырыбы түп-тұқиянын талқылап, Израилдық МОССАД пен Орталық барлау басқармасы қоқан-лоққыларына қарамастан, аса жоғары деңгейдегі сақтық шаралары қарастырылған тарихи Теһран жиынында көкейге түйгендеріміз біршама мағлұматтармен байытып тастады. А.Князев, Ж.Сұлтанбекова сияқты саясаттанушылар келер жылдары Қазақстанда діни, ұлттық негізде от тұтанып, төрт жыл бойына аласапыран соғыстағы күй кешеміз деп батыстың шайтани жоспарын жария етіп жүрген шақта, діни қызмет жөніндегі етек-жеңімізді жидыратын қатал заң қабылданғаны билік тарапынан 20 жылға кешеуілдеп қолға алынған оңды бір қадам болды. ҚМДБ Құрылтайын өз деңгейіне келтіріп, дін саясатын ұтымды әрі білгірлікпен жүргізе алатын жаңа бас муфти сайлап алуымыз келесі бір орынды қадам болар еді. Дін істері жөніндегі агенттіктің жаңа заң баптарына сүйенген негізде жұмысын жандандыру да лаңкестік пиғылдардың алдын алмақшы. Саудия, Сирия, Түркия, Палестина, Ауғанстан, Пәкстан сияқты елдердегі діни экстремизмге, лаңкестікке қарсы күрестердің мол тәжірибе, тағлымдарын үйрену, оны өз елімізге лайықтап ҰҚК,Сырбар, ІІМ мамандары арқылы батыл өмірге енгізу, кезек күттірмейтін мәселе. Тіпті көрші қырғыз, тәжік еліндегі діни сектанттармен, такфир, уаххаби, салафтармен  күрес бағдарламаларымен таныс-біліс болғанның өзі бірқыдыру жайттарға көзімізді ашып береді. «Жау жоқ деме, жар астында...» деген бабалар өсиеті өткен 20 жыл бойына бейғам жатқан біздер үшін көптен-көп сабақ болуы тиіс.  Сұхбаттасқан Гүлмира Тойболды