ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ДҮБІРІ БАСЫЛМАС

д

Қазанның 13-і күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Діни қызмет және діни бірлестік туралы» заңға қол қойды. Құжаттың бір нормасында барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында бірдей екендігі айтылған, кейбір діндерге және діни бірлестіктерге, басқаларға қарағанда артықшылық беруге жол жоқ. Қыркүйектің басынан басталған заң жобасын талқылау процесі кезінде атышулы мәлімдемелер жасалды. Олардың ел есінде біразға дейін ұмытылмай жүрері сөзсіз. Сол мәлімдемелерге назар аудара отырып, «дін туралы заң жобасы неліктен саясиланып кетті?» деген сұраққа жауап тапқандай боламыз. Қыркүйектің 8-інде Мәжіліс депутаты Ерзат Әлзақов діни экстремизм мәселесінің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп тұрғандығына әріптестерінің назарын аударып, Парламентке түскен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын тезірек талқылап, қабылдауға шақырды. Депутат елімізде діни қауымдастық саны 4 мыңға дейін өсіп кету себебін діни кеңістігіміздің ашық-шашық жатқандығынан, дін саласын реттейтін заңның тіркеуге алу нормалары жеңілдігінен және шетелдік миссионерлік бірлестіктер қызметінің белсенді болуымен байланысты екенін айтты. «Жыртығымызды жамап, тесігімізді бітемесек», әлемде өзекті проблемаға айналған ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар елімізді де сырт айналып өтпесі белгілі. Еліміздің батысындағы оқиғалар осының куәсі десе де болады» деді Е.Әлзақов. Осы орайда ол еліміздегі салафизм ағымын (уахабилік) радикалды деп танитын уақыт жетті деп отыр. «Егер заң жобаларын мерзімінде қабылдамай, үстірт қарайтын болсақ, мәселенің ушығып кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды» деп есептейді халық қалаулысы. Ал Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан асығыс қаралып жатқан заң жобасын қабылдамауға шақырды. Депутаттың наразылығын заң жобасындағы 7-баптың 3-тармағы тудырды. Онда мемлекеттік мекемелерде (ұйымдарда, қарулы күштер мен әскери құрылымдарда, құқық қорғау органдарында, т.б. жерлерде) діни рәсім орындауға тыйым салынғаны жазылған. «Құқығы шектелген жүз мыңдаған мұсылмандарды сайлау қарсаңында оппоненттеріміздің құшағына біз итеріп отырғанымызды білуіміз керек. Екінші мәселе – ел аман, жұрт тынышта экстремизмнен қауіптеніп отырғанымызда, бұқараны билікке айдап салуға амал таппай, дымы құрып отырған сыртқы күштер бұл 7-бапты Үкіметке қарсы құрал ететінін еске салғым келеді» дей келе: «7-ші бапты қабылдау жақсылыққа әкелмейді. Ол үлкен әлеуметтік қарсылықты тудырады. Мен айтарымды айттым» деп ескертті. Осыдан кейін қайсыбір белсенді қоғамдық ұйымдар жетекшілері Дін істері агенттігі төрағасын отставкаға кетуін талап етіп, кейбір сайттар мен жекелеген журналистер «намазхана» және «хиджаб» тақырыбын ашық саясиландыра бастады. Заң осы күйінде қабылданса, «әлеуметтік толқу» қаупі туатынын хабарлады. 20-шы қыркүйек күні қоғамдық ұйымдар баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасады. Zakon.kz сайтының хабарлауынша, «Демократия және адам құқықтары институты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Біләлов: «Если парламент примет закон в таком виде, то будет нести ответственность и парламент. Если Президент подпишет данный закон, то тогда ответственность будет нести и Президент. Если сейчас мы пока говорим об отставке председателя агентства, завтра народ может сказать об отставке парламента и Президента» деді. Іс-шараға «Ел бірлігі», «Қазақстан мұсылман жастарының конгресі», «Қазақстан жастары» және «Жастар бірлігі» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері қатысты. «Желтоқсан рухы» ұйымының мүшесі Талғат Рысқұлбеков, Қазақстан Мұсылман Діни басқарманың өкілі Қайрат Жолдыбай және басқалар заңға қарсылығын білдіргені баспасөз беттерінде жарияланды. Сонымен қатар, Жалпырес­публикалық адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жөніндегі коалициясы хатшылығының жетекшісі Мақсат Нұрыпбаев maidan.kz сайтына жариялаған мақаласында: «Мұсылман бауырларды сабырға, көркем мінез танытуға шақыра отырып, бір Аллаға шынайы сенген адамның жүрегінде үрей болмайтынын да айта кеткіміз келеді. Ендігі үміт – 20 жыл тыныштық пен сабырлылықты, дінаралық, ұлтаралық татулықты дәріптеп, елінің ертеңі үшін тер төгіп жүрген Елбасының Алланың қаһарына емес, мейіріміне бөленуді нәсіп ететін іс істеуін тілейміз» деген емеурін танытады. 12-қазан күні Астанада өткен «Аманат» пікірсайыс клубында Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл заңның ең басты міндеті ұлт, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп түсіндірді. Ақпарат беттерінде пікір білдірген бір топ саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері де «заңға қатқылдау тармақтар енгізілсе, оны исламға қырын қарағаны деп қабылдаған дұрыс емес» деп отыр. Олар осындай тармақтың енгізілуі қазіргі кездегі күрделенген діни ахуалға байланысты қажеттіліктен туған деп айтады. «Аманат» пікірсайыс клбуында Алдан Смайыл: «Намазханаға рұқсат бергеннен кейін иегова куәгерлері өздеріне құлшылық орнын ашып бер десе не істейсің? Католиктер де, православтар да бір бөлме бер деп шығады. Аллаға бәріміз сенеміз, бірақ жөн жосығын білу керек қой» деді. Халық қалаулысы заңдағы дау тудырған бапқа қатысты қоғамдық пікір тудырып, наразы күшейтуші – «салафиттер» дейді. «Салафизм ұлттық дәстүрлерімізге қарсы шығады, тыйым салады. Оларға әруақты айтсаң болды, Аллаға серік қостың деп кәпірге жатқызады. Бейіт салма, басына белгі қойма, барып Құран оқыма дейді. Бұл ауыл-аудандарда үлкен мәселеге айналып бара жатыр. Дін істері агенттігінің дайындап әкелген пікірін біз де талқыладық қой. Біріншіден айтайық, заңдағы өзгеріске қарсы шыққандар ханафи мазхабын ұстанған ағымдар емес. Мемлекеттік мекемелерге намаз оқуға құштар болып жүрген – салафиттер, солардың құштарлығы» деді. Мәжіліс депутаты Ерзат Әлзақов та салафиттерді заңға басын иетін, тәртіпке бағынатын, мемлекеттің тыныштығын ойлайтын діни топ деп есептемейтінін баспасөз бетіне берген сұхбатында айтты. Бір қызығы, жаңа заңға қарсы болып жүргендер Ақтөбеде мемлекетке қарсы ашық «соғыс» жариялаған ваххабиттердің әрекеті туралы ләм деп жұмған аузын ашпады, неге? Ал қазір мемлекетке талап қойып отыр. Және қойған талаптарынан ешуақытта тайынбайтындай. Заң қабылданды. Ал олардың ендігі талабы қандай болар екен?.. Бұл да уақыттың еншісінде ме? Сұрақ көп, тұшымды жауап жоқ. P.S. Осындай маңызды сұрақтың бірін Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «Аманат» пікірсайыс клубында ортаға тастады. Ол діни ахуалдың осыншама шиеленісуі елімізде дін ғұламасының жоқ­тығынан деп есептейді. «Бізде ислам дінін бақайшағына дейін түсін­ді­ріп бере алатын нағыз маман бар ма?» дейді депутат. Рас, енді не істейміз?..

Қайырбек САҚТАҒАН Астана