Тілді түзеудің төркіні ұлтта емес, отбасында көрген тәрбиеде

Салтанат ораза ұстап жүр. Қарасай ауданына қарасты Алғабастағы Атабайдың қызын айтамын. Алғабас Алматыға кіріп кеткен ауыл. Алатау ауданына қосылады деп «Алматы ақшамы» қала жоспарын жариялап та қойған. Сонда анасы Светамен, ағаларымен бірге жасап әмбебап дүкенде жұмыс істейтін оралман Салтанат ауыз бекітіпті. Оразасы қабыл болсын! Қара қарғаның миы қайнайтын шіліңгір шілде биыл ыстық келді. Ол да кертілген күлшедей таусылып барады. Аллаға шүкір, қарындасымызға құдай қуат берген! 666   Әкесі Атабай Қалмырзаев марқұм қыз алыспас ағайыным еді. Жігіттің сұлтаны болатын. Мырзашөлдің Өзбекстандық жағының марқасқасы еді. Оңтүстікке дәрпі, көкпар атындай, жайылған жігіт еді. Қазіргідей жарамсақ жарнамамен жария болған жоқ, жалғанның жарығына жақсы аты дастарханымен жайылды. Алматыдан үйіне бармаған қонақ жоқ. Тіпті «Гүлдер» ансамбілінің ұжымын, келте етек бишілерін билетіп ауыл боп күткен жайы да бар. Ташкент әуежайына шығарып салған заман да болған. Қазақша айтқанда, аты барда желіп жүріп жер таныды, асы барда беріп жүріп, ер таныды. Әкесі Барат, ағасы Сатылған жәкемдер шабандоз, атбегі еді. Сөзі екі болмайтын ақсақал еді. Соның көйлегіне қылшық түсірмейтін баласы Өзбекстанның өзбек қазақ араласып қиыр жайлап, шет қонған № 10 кеңшарында бас бухгалтер болып істеп жүрді. Аңыз не дейді: Аңызымыз жарнамадан бетер. Сол кеңшарға іс-тәжірибеден өтуге Ташкенттің есеп техникумынан кәріс қызы Светлана келеді ғой. Көкпаршының қолына лақты бергендей, түлкіге тауықты бақтырғандай Атекең «тәжірибеден» өткізетін болады. Айтпақшы, ауыл-үй, отбасы, бәйбіше-жеңгеміз үш-төрт баламен Гагарин қаласында еді. Атекең «06» супер жаңа «Жигулимен» алыс кеңшарға салт барып жұмыс істеп жүрген еді. Қой, сауатсыз молданың шариғатындай сағыздай созып не ғылам?! Светлана бір күнде маған жеңеше болып шыға келді. Оя-бой! Бет біткеннің сұлуы, бой біткеннің сұңғағы екен. Мұхтар Әуезовшелеп айтсақ, «сауырына жалғыз түйір бидай тастасаң барар жерге түспей баратын есік пен төрдей тайпалма жорғаның өзі». Атабай көкем келінді №21 «Ташкент» Кеңшарына Барат ақсақалдың жанына, бәйбішеден былайыраққа, қара шаңыраққа әкелет те! Ауыл әйелдерінің көздері шырақтай жанды, онсыз да Мырзашөлдің аптабында шөлдеп жүрген еркектердің аузының суы құрыды. Құрығаны несі, кеуіп бу боп ұшып кетті. Оның үстіне бәрінің сілесін қатырған «Ташкент» кеңшарына директор боп Атабай (жас тоқалымен), жеңшем Света бухгалтер болып келе қалды. Ал, гу-гу сөз Ирактың газ қоймасындай жарылды. Сөз Гагарин қаласындағы дәу жеңешеме жетіп, байдың қызы, бағланның қарындасы қиғылықты салды... Жау алған ештеңе жоқ. Түнерері бар да жауары жоқ еркөкірек Байлар Жандар елінің қызы басалқалы бәйбіше қалпын сақтап қазір Жетісайда немерелетіп жайнап отыр. «Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда» дегендей Света жеңгем көкеме мұсылманшалап қосылды. Атабай екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиеледі. Сол кенже Салтанат қой ораза ұстап жүрген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Намазға да жығылды. Димекең Қонаевша айтқанда «мынау заман кемесі қайта құру дегенге соғылып қалды». СССР құлады. Етек елпі, жең желпі, басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан Мырзашөл қазағы бір күнде Өзбекстан үшін шетелдік боп шыға келді. Сөйтіп, Есенғали ақынша айтсақ, «үйде су, шатыр да су, шелек те су, бұл өзі бөлек көшу» сияқты нөсер заман, оралмандық басталды да кетті. Көшуді жылдамдатқан өзбекі саясаттың қысымы да болды. Мырзашөл жерін Өзбекстанға берерде сол кездегі өзбек хатшысы Рашидовтың жымысқы әдістерін қолдаған Хрущевке Қонаев «Халық түсінбей қалады» деп Саяси бюро шешіміне қарсылық білдіргенде «Қонаев жолдас, ұлтшыл емес, әуелі интернационалист болу керек» депті-мыс. Қойшы, әйтеуір Бөрітескен, Бөти даласы, ата-бабам ен жайлаған Шымқорған жазығы Жетісайдан Нұрата тауына шейін, Самарқанның түбіне дейін Өзбекстанға өтті де кетті. Көріне шалажансар құлаған СССР-мен бірге Хрущевтің құрғақ интернационализмі бірге өлді. Шөлқуар (тыңгер) боп көп жалақыға келген орысың, грегің, кәрісің, тәжігің, шүршітің түгел қашты. Суға батқан кемеден қашқан тарақанның баласы тырағайдай. Қара шаңырақ қазығын қаққан қазақ қалды. Қалмай қайтсын, мамаағашқа тұлпар байлаған, мыңғыртып малын айдаған, рауғашы мен жуасын шайнаған атакүлдік қонысы болса! Екібастан «Шымқорған» кеңшары сұр елтірінің отаны боп одақтық көрмеден алтын медаль алған кеңшар еді. Еңбек Ері Шахабаев, Болсынай Дауылбаевалармен Димекең Қонаев қойшылардың киіз үйлерінде суретке талай түскен, сол ел депутат етіп сайлаған. Ол кісі кеңшар мәдениет үйін салдырып берген... Бірді айтып, бірге кеткендей болсақ та айтайық, Әмір Темір Көреген әсем тауларды көріп, осы жерді мекендейін деген оймен, «Әлемдегі ең әсем шаһар қайсы?» депті. «Париж» деген жауап естіпті. «Онда осы жерге қала орнатамыз, аты Париж болады» депті мыс. Қазір Фарыш ауданы халқы -Темірден қалған әскер ұрпақтары тау етегінде өмір сүруде. Қала салу арманын қайран Әмір Темір орындай алмай, Самарқаннан шыққан бетінде қазіргі Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданы, Түркістан маңында Бәйдібек шаңырағында Домалақ ана (Нұрила) қолынан шай ішіп, арадан ай өтпей Шәмші туған қазіргі Темір стансасында жарық дүниедегі жорығы біткені мәлім. Бұхарадан бері қарайғы Кенимех, Тамды, Мыңбұлақтың жалпы аты Тауелі делінеді. «Тамды аруы» атты атақты әнге сөз жазып беруді қолқалаған Шәмшіге білімпаз Қадыр Мырза Әлі жерді, елді көрмей-білмей ғажайып сөз жазып берген. Қадекең де көреген адам ғой. Мыңбұлақтың мың бірінші бұрымы болған Тамды аруын әлпештеген ел тарихта ән боп қалды. Өзбектер тыңгерді шөлқуар дейді. Яғни, шөлстанды қуып гүлстан қылам дегені. Бірақ, зымыстан саясат оған мұрша бермеді. Шөл, қазір малсыз, тасбақаның таңдайындай шөлдеп, кеуіп жатыр. Малсақ ел, Қадыр мен Шәмші әнмен әлдилеген, деңмент белбеу тағынып, пүліш бешпент киінген, дөдегелі сегіз қанат әсем ақбоз үйлер тіккен Кіші жүз ағайындар Фабричныйға келіп Алтын Орда базары, Шамалған, Қарасай, Ұзынағаш деп айғайға басып таксилетіп жүр... Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап кейін Гагарин қаласы орнаған Иіржар стансасы ғасыр құрылысы атанған Бамның қақпасындай еді. Сол жерде «Ирджарсовхозстрой» тресінің қазығын қаққан Мұстахым Біләл ұлы Ықсанов еді. Кетпеннен басқаны білмейтін өзбек диқанына мердігерлік құрылыс жұмыстарын қалай атқаруды үйреткен Мұстахым еді. Қонаев та қиын участкеге жіберетін адамды білген-ау. Қазіргі Өзбекстанның мұстахиллиғында (егемен­дігінде) Мұстахым Біләлұлы­ның үлесі мол. Ол кезде Мырзашөлді игеру Одақ (Мәскеу) назарында болған. Әттең, Өзбекстан басшылары Одақтан ақша бөлгізуге Өзбекстанға көмек берген Саяси Бюродағы Қонаев еңбегін жоққа шығаруда. «Кремльде өткен күндерім» деген кітабында хатшы Нуриддин Мұхиддинов «мен Мырзашөлдегі мәселелерді шештім» деп отыр. Ұят-ақ! Орта Азия мен Қазақстаннан Саяси Бюроның толық мүшесі бір-ақ адам болды. Ол Д.Қонаев еді. Мырзашөлдегі апалар: «келін, жас кезіңде туып ал, кейін өзіңе оңай болады» деп баланы көбейтуді насихаттап отыратын. Алғабастағы (Алматы түбі) апаларымыздың келіндеріне «патронаж» тізімдететін емхананың папирос түтін түспен шашын бояған гинекологтары «екі бала тусаң нормално, қазір экология, анемия» деп шошытып, Мырзашөлден келген жас келіндерді де өзгертіп барады. ... Ал арада өткен жылдарда дүниеге үш ұл, бір қыз әкелген, Атабай көкемнің немерелерін өсіріп отырған Света, Светлана жеңешем «Жарықгүл» атанғалы ширек ғасыр болды. Абысындары қойған ат қой. Ауылдың бар қазағына жақты. Ізет-ибасымен, мұсылман дініне берілгендігімен жақты. Жарықгүл емей немене, жатты да жақын қылып жарық түсіріп отыр. Мені «қайным, мырзаға» деп еркелетіп жылы-жұмсағын алдыма тосқанда «ай, прожектор жеңеше, мен нәмеңгеріңмін ғой» десем, сөзді әзілге бұрып, «әй, қайным, құжаттар не болды?» деп қалады. «Көмектес. Қазақстан заңын білесің, университет бітірдің, әмеңгерлік қашпас» дегені. Себебі, Жарықгүл жеңешем әлі Өзбекстан азаматы. Себебі, шетелден келген қазақ қана тез азаматтық ала алады. Ал басқа ұлт өкілдеріне, ұлты кәріс жеңешеме де жылдар шектеуі бар. Ал, ол қазақ азаматынан көп бала туып, дінін қабылдап, асыл әже боп «ай, келіндерім, жас кездеріңде туып алыңдар, кейін өздеріңе оңай болады» деп отырса, қазақ болмаған несі қалды. Өзбекстаннан көшіп келген Найман Бахриддин досымның жеті бала тапқан әйелі Мукарама тәжік қызы – әлі Қазақстан азаматы емес. Емхана да тіркелімсіз қарамайды. Сосын Аллаға сыйынып балалар аман болсын деп Мукарама да, орыс Жаннета құдағи да, кәріс Света жеңешем де жағасына түкіріп отыр. Оларды ұлты басқа деп жатқан ешкім жоқ. Бәріміз жақсы көреміз. «Салтанат ораза ұстап жүр» дегенді естіп, қуанып, Алла жар болсын айтып, қазақ қазаққа қазақша сөйлемейтін Алматының көшесінде кетіп бара жатып, тілді түзеудің төркіні ұлтта емес, отбасында көрген тәрбиеде екен-ау деп ой түйіп, еске түскенді жазғаным еді.

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі