ҚЫЗДАРЫМЫЗДЫҢ ОРАНҒАНЫНА ҚУАНУЫМЫЗ КЕРЕК
2011 ж. 29 наурыз
8700
27
Құран үкіміне қарсы тұрып
Аллаһтың кәріне жолықпайық
Жақыннан бері «хиджаб» төңірегіндегі дау-дамайдың көрігі қыза түсті. Елбасының «хиджаб» туралы айтқандарын іліп алып «Елбасы әйелдердің хиджаб кигеніне қарсы» деп жалпақ жаһанға жар салған журналистерден кейін бұл мәселе шырқау биікке көтерілгендей. Қазір ғаламторды ашып қалсақ болғаны. Орамал төңірегіндегі дау-дамайдың тірі куәсі өзің боларың ақиқат. Соның бәрінің айтары бір жыр – Елбасымыз хиджаб пен пәренжі тағуға түбегейлі қарсы деп даурығу болды. Бірақ шын мәнінде солай ма, емес пе онымен санасқандар тым аз. ҚМДБ-ның қызметкерлері мен «Асыл арна» телеарнасы ғана салмақы пікір айтып сабылысқан жұрттың алдынан арқан кергендей болды...
«Алаш айнасы», «ZAMAN Қазақсатан», «masa.kz», «Азаттық», «ВЕ1», «abai.kz» т.б бұқаралық ақпарат құралдарында бұл мәселе жазылып та, айтылып та, оқырман қауымның талқысына түсіп те үлгерді. Бұлардың ішінде Ислам дінінің үкімдерін, еліміздің заңдық нормалары мен азаматтардың құқықтарын көзде ұстай отырып жазылған таңдайға татитыны да, «әйтеу жұрт қарсы екен ғой» деген кісіше ұлтын сүйетін кісі болып көріну түрғысынан қалай болса солай жазғандар да жетерлік екен. Қалай болғанда да БАҚ даурығатын, елді бүлік пен былыққа бастайтын майдан емес. Сондықтан да, бұл мәселені әркім өз білгенімен қалай болса солай жаза саламағаны жөн. Атам қазақ «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме?
Әйелдердің әурет жерлерін жасыруы турасында өміріміздің ең үлкен конституциясы болған Құранда Аллаһ Тағала: «Мүмін әйелдерге де айт: “(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа. (Беті, қол-аяқтары. Ж.Б.М.К.) Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. … Әй, мүминдер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» («Нұр» сүресі, 31-аят), – делінеді. Жалпы әурет жерді жабу турасында Құранда тағы да «Ағраф» сүрелерінде де айтылады.
Илсам дінінде Құраннан кейін сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері тұрады. Бұл мәселеге дәлел болатын хадистер баршылық. Сол хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасына анамыз Әсма жұқа киіммен кіріп келді. Расулулла (с.ғ.с.) оған қарап: «Әй, Әсма, әйел балиғат жасына жеткен күннен бастап мынау және мынадан басқа жерлері көрінбеуі керек», – деп беті мен екі қолын (білезігіне дейін) және екі аяғын (тобығына дейін) нұсқады», – деп айтылған. (Айшадан (р.а.) имам Әбу Дауд риуаят еткен).
Ал енді бұған қарсы дау айтып оған үзілді-кесілді тиым салуға кім батылдық ете алады. Бірақ, біздің журналистерде «жүрек бар екен». Енді осы Аллаһ Тағала парыз еткен әуретті жасыру турасында айтылған ақиқатқа қарсы, оғаш пікірлерді зерделеп көрейік.
«Қазіргі жағдай тіпті ушығып барады. Хиджаб төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге сенсек, пәренже кигендердің барлығы бірдей дін жолын ұстанғандар емес көрінеді. Қызының пәренжесімен алысып, іштей құса болып жүрген талай аналар жүр арамызда. Айтқандарынан қайтпайтын хиджаб киген қыздарымыз ата-ананың бетінен алып, төсіне шауып жүргендерін ұмытып кеткенмен, әр нәрсені ширкке балаудан танар емес. Қазақтың қара домбырасын да ширкке балайды. Ал өз ішкі жан дүниелеріндегі тазалықпен істері жоқ. (Жадыра Мүсілім, «Елбасы хиджаб кигендерге түбегейлі қарсы»)
Көріп отырсыздар, сонда автор нені айтпақшы, хиджаб па, пәренжі ма? Ақпараттық сүйенетін фактісі – «алып-қашпа әңгімелер» ме? Сонда «шешін» деп тұрған ата-ананыкі ғана дұрыс, «ұятымды жасырып, арымды сақтаймын, абыройымды қорғаймын» деген иманды қыздарымыздыкі қате бола ма? Ал, оранған қыздардың барлығы «ата-ананың бетінен алып, төсіне шауып» «әр нәрсені ширкке балап» жүргендер ме? Мүмкін, «асырып жібергендер» болған шығар. Бірақ соны бетке ұстап алып бүкіл мұсылман қыздарды қаралау журналистік этикаға жата ма екен?
Бұл бір ғана кісінің танымындағы қателік емес. Жалпы қазақ қоғамында ата діннен хабарсыз айтылған осындай аусай пікірлер баршылық...
«Тіпті бүгінгі таңда Еуропа елдерінің бірқатарында да қоғамдық орындарда хиджап киюге қарсы болып отыр» деліндеді Жадыра ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ, «Дау тудырған хиджаб» мақаласында.
Біз сонда тәуелсіздік алудағы бар мақсатымыз, ұмтылған биігіміз ойнастық жайлаған, ерлері нәпсіқұмар, әйелдері жалаңаш Еуропа болғаны ма? Біздің өз дәстүріміз, өз мәдениетіміз, өз дініміз және осыларға сәйкес өз ұстанымымыз жоқ па? Еуропа құптамайды екен деп халқымыздың ауқымды бөлігі ұстанатын (70% шамасында) Исламға қарсы шығып, Құран үкімі мен Аллаһтың бұйырықтарын тәрік етейік пе? Рас, Еуропаның заттық өркениет жағынан біршама алда екені шындық. Деседе рухани жағынан Еуропаны қамтыған Батыс әлемі Шығыс елдеріне қарыздар. Бұл жағынан Шығыс елдері әлі де болса көш бастап келе жатқанын қалай жасыруға болады. Заттық өркениеті дамыған деп көзді жұмып алып, не болса соған «Еуропалап» шаба жөнелсек біздің өз құндылықтарымыз қайда қалады?!
Ғаламтордағы никаб киген қыздың суретін беріп, ұлттық киімдердің «жоғын жоқтап» қыздардың орануына қарсы жазылған мақаланың біріне «Мына суреттегілерің хиджаб емес, бұл суреттегілер паранджа мен никаб! Хиджаб, паранджа, никабтарды айыра білмесеңдер несіне жазасыңдар? Осы «ойбай ұлтым құрып барады» деп айғайлап жүрген сен өзің неге кимешек кимейсің?... Даудың басы «Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, даудың басы тілімдей орамал ғана болып отыр! Президент жалпы хиджабқа қарсы пікір білдірген жоқ! Ол хиджабқа байланысты тек мектеп орындарында кигендерін қаламаймын деп айтты! Президенттің нақты айтқан сөзін бұрмалап, біздің журналистер «бөріктерін» аспанға ерте лақтырып жатқанға ұқсайды!» деп салихалы пікір жазады аты-жөнін көрсеткісі келмеген әлде бір азамат. Осыдан асып не дерсің...?!
Осы жерде айта кететін бір жайт,пәренжі мен никаб кию яғни орамал таққанымен қоймай бет-аузын, тіпті жүзін көрсетпей тұмшаланып жүру, не болмаса басқа елдердегідей қап-қара киім киіп жүру шарт емес. Өйткені Құранда парыз етiлген киiм үлгiсi “қара түстi болсын” деп нақты әрi қатаң түр-түсін талап етпеген. Олай болса, әйел баласының дене мүшелерін айқындап тұратындай өте тар, денесi көрнетiндей жұқа емес, жүзi, екi қолы, тобықтың төменгi жағынан басқа барлық дене мүшесін жабатындай кез келген киiм үлгiсi біз айтып жүрген «хиджаб» бола береді. Бұл жерде тіпті оны «хиджаб» деп атаудың да керегі жоқ. Бұл туралы ҚМДБ-ның ақпарат жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлы «Білім ордаларында хиджаб киюге заңмен тыйым салу керек пе?» деген мақаласында былай дейді: «Тағы бір ескеретін жайт шариғат шарттарына сай киімді міндетті түрде «хижаб» деп атау шарт емес. Тіпті қажет те емес. Қазақ бұл сөзді мүлде қолданбаған».
Біз зайырлы елде өмір сүріп жатқандықтан қыздардың оранып жүруіне қарсы тұратын ешқандай заңдық шектемлелер жоқ. Бұл тұралы «Жас қазақ үні» гезетінің №7 санында «Зиялыларымыз заңмен ойнап жүр» деген атпен мақала жазған болатынбыз. Сондықтан бұл жағына тоқталмай-ақ қояйық. Сондықтан Батыс қайтсе өйтсін. Біз өз дінімізбен, өз дәстүрімізбен қазақ мемлекеті ретінде қалыптасуымыз керек. Қыздарымыздың оранғанына, ұятын жасыратындай жүрегіне иман ұялағанына қуануымыз керек. Аллаһтың қаһарын шақырып қыздарымыздың орануына қарсы тұрғаннан ештеме ұтпаймыз. Аллаһтың үкімдеріне толық бойсұнбаған қауымдардың телейы Аллаһтан зауал жетіп жермен жексен болғаны белгілі. Олай болмағанда қайда кешегі «мен Құдаймын» деген Перғауынның сәні сарайлары, қайда Нұхтың (а.с) ақиқатын қабылдамаған қауымдар?!... Керісінше, кіндігін ашып, жалаң бұт жүретін, сонымен ұялмай-қызармай «қайқаңдап» сабаққа келетін қыздарымызға заң бойынша тиым салу керек. Біз дәстүршіл болсақ осы мәселені неге ойласпаймыз? Иманды қыздарымызға «ұзын көйлектен ыстықтамайсың ба» деп шүйілгенше, кіндігі ашық қыздарымызға «бала туа алмай қаласың» деп неге айтпаймыз? «Бұл біздің ата салтымызда жоқ, Еуропаның қайдағы бір тәлімсіз, ұятсыз киім үгілері» деп неге қарсы тұрмаймыз...?! Бұл қандай әділетсіздік.
Бұл туралы «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос КӨШІМ оранған қыздарды шешіндіру 2004 жылдары Франциядан басталғанын айта келіп: «ғаламданудың - батыстық өмір сүру салтының мұсылман әлеміне, шығысқа, одан қалса Азия елдерінің рухани дүниесіне қарсы бағытталған саяси күрестің ең бір қитұрқы тәсілі екені белгілі. Алайда, жау жағадан алғанда бөрі етектен дегендей, француздармен жағаласа жүріп, алғашқы соққыны біздің Білім және ғылым министрлігі берді. Меніңше, министрліктің кіндігін көрсетіп жүрген немесе мұрны мен ерніне, одан қалса кіндігіне сырға салған оқушылар мен студенттерге тиым салудың (денсаулықтарын сақтауға бағытталған) жолдарын қарастырғандары көңілге қонымды болар еді...», – дейді. Айтып-айтпай, бүгін ұятын жасырып жүрген арлы қыздарымызға күні ертең әлдеқандай заң шығарып, төсі омырауға дейін жалаңаш, етегі екі-ақ елі киімді ки десең де кимесі айдан-анық. Демек, орануға тиым салғаннан көрі мәселені шешудің басқа жолдарын қарастырған жөн. Қыздарымыз мектеп қабырғасында оранып Аллаһқа мойынсұнбаса, ертең 11 жылды бітірігесін оның орана қоятынына кім кепіл?!
Кезінде Ғабит Мүірепов “Қатып қалған дәстүр жоқ, оны заманға икемдеу керек” депті. Шынымен де дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Дінге сәйкес көптеген жақсы дәстүрлеріміз болған. Тіпті біздің басым көп дәстүрлеріміз дінмен үндес, сабақтас, тамырлас. Соның бірі біздің әйелдеріміздің киім кию дәстүрі. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi таңда біз сол дәстүрлерімізден көз жазып қалдық. Айталық, қазақ қыз-келіншектерінің сәукеле, бөкебай, кимешек, шылауыш, бөрік т.т неше алуан шариғат үкіміне сай келетін ұлттық киімдеріміздің болғаны дау тудырмас шындық. Бірақ, қазіргі күнде тек мереке-мейрамдарда ғана киіп басқа кезде «мұсылман қыздар не үшін ұлттық үлгіде кимешек-шылауыш кимейді» деп бәлісініп жүргендегі көріп жүргеніміз кимешекті тіпті жалпы бас киім үлгісінің бір ғана түрі болса керек. Ал, нағында қыздардың, келіншектердің, егде әйелдердің, әжелердің жас шамасына қарай бір-біріне ұқсамайтын бас киім және кеуделі көйлек, бел көйлектердің неше алуан түрлері болған екен.
Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуықтаған бүгінгі таңда қыздың басындағы ұятын жасырған орамалға орала бергенше, ұлт болып қыздарымызды тамырын тарихымыздан алған, Исламға сай ұлттық тәбимен тәрбиелеуіміз керек.
Оразбек САПАРХАН