Өзін-өзі өлтіру ауыр күнәға жатады

суициБисмиллаһир-рахманир рахим. Барлық мақтаулар Аллаһқа тән. Пайғамбарымызға(с.ғ.с.) және оның әсхабтарына салауаттар болсын! Аты аңызға айналған батыр бабаларымыздың жауын жапырақша жапырған жүрек жұтқан жанкештілігі «Қобыланды қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салды» деп жалғасатын ерлік дастандарға арқау болған еді. Алайда, сол бабалардың бүгінгі ұрпағы «өз-өзіне қол салып, қол салғанда мол салып» дүйім елді дүрліктіруде. Айдың аманында ажалына асыққан албырттықтың себебі неде? Психологтардың пайымдауынша, өрімдей өспірімдердің өзін-өзі өлтіруге құлшынған қылықтары, жақын жандарының жан тапсыруы, ата-анасының ажырасуы, қалаберді қызғаныш, құрбы-құрдастарына деген реніш, мазасыз махаббат сияқты себептерге байланысты болатын көрінеді. Ендеше, елімізде елді елеңдетіп, ата-аналарды абыржытқан осы бір келеңсіздікпен күресудің жолы қандай? Пенде өзінің бұл дүниеге келу мақсатын білмегендіктен, өмірден өз орнын таба алмайды. Аллаһ Тағала «Зарият» сүресінің 56-шы аятында: «Мен адамдар мен жындарды Өзіме құлшылық қылу үшін ғана жараттым» – деп адам баласын жарату себебін ашып айтқан. Әрине, өмірде қиыншылық та болады. Алайда, бұл қиыншылықтар адам баласын сынау үшін болатын уақытша емтихан екені туралы қасиетті Құранның көп жерінде айтылған. «Ол өлім мен тіршілікті сендерді амалдарыңда сынау үшін жаратты». «Мүлк» сүресі, 2- аят. «Әрине, сендерді қауіп қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз». «Бақара» сүресі, 155-аят. Мінеки, Аллаһ Тағала адамзатты жарату себебін және сол пендесін қалай сынайтыны туралы Өзінің қасиетті кәләмі Құрани Кәримде осылайша баян етті. Ал, Аллаһ Тағала адам баласын Өзінің ең сүйіп жаратқан жаратылысы екені жайлы да Қасиетті Құрани Кәримде: «Біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық» – деп баян етеді. «Тин» сүресі, 3-аят. Яғни, Аллаһ Тағала адам баласын жер бетіне халифа етіп жаратты. Барлық нығметті беріп қойды. Жан-жануарлардан тартып, қара жердегі қылтиған қылтанға дейін адам баласы үшін қызмет еттіріп қойды. Өкінішке орай жаратылу мақсатымызды білмегендіктен көп жағдайда өзімізге берілген осыншалық нығметті сезбейміз және жолымызда кездескен қиындықтарға сабырлық ете алмай жатамыз. Дін тұрғысынан қарағанда, өмірдің өзі адам баласына Аллаһ Тағаланың тарапынан берілген үлкен нығмет әрі аманат. Демек, ажалына асығу аманатқа жасалған қиянат болып табылады. Аманатқа қиянат жасау екі жүзділіктің белгісі екенін ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің мубарак хадистерінде айтып кеткен. Сондықтан, өзіне-өзі қол жұмсау Ислам дінінде ең үлкен күнәларға жатады. Аллаһ Тағала «Ниса» сүресінің 29-30-аяттарында: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Аллаһ сендерге ерекше мейірімді. Ал, кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» – деп ескертеді. Ғұламалар бұл аятты тәпсірлей келе, өзіне-өзі қол жұмсағандарға да берілетін үкім, осы аятта айтылған бір-бірін өлтіргендерге берілген үкіммен бірдей болатындығын, яғни, тозақ отында болатынын айтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім өзін-өзі темір қарумен өлтірсе, дәл сол қарумен тозақтың отында азапталады» – дейді. Адамдар көп жағдайда жаратылу себебін білмегендіктен өмірде кездескен қиыншылдықтарға белі бүгіліп, тарығып, түңілуге тап болады. Сабырсыздықтың салдарынан басына түскен сынақтарға төзе алмай түңіліп, тұңғиықтың тереңіне түсіп кетеді де, шыңыраудан шыға алмай шырылдап, шешімді өлімнен іздеп, өз өмірін қиуға барады. Нәтижеде, осы дүниенің қиыншылығынан құтылғандай болса да, о дүниеде тозақ азабынан құтылмайтынын ескермейді. «Cабыр түбі – сары алтын» деп бабаларымыз бекерге айтпаған. Аллаһтын жіберген сынақтарына сабыр сақтап, шыдау керек. Аллаһ Тағала: «Сабыр етушілерді қуандыр, қашан оларға қиыншылық келсе олар шын мәнінде біз Аллаһқа тәнбіз әрі оған қайтушымыз дейді. Аллаһ расында сабыр етушілермен бірге» – дейді «Барақара» сүресінің 155-156-аяттарында. Аллаһ Тағала Өзінен қорқып, фәни дүниенің сынағына шыдаған адамға тосын сый беретінін айтып қасиетті Құранда: «Кім Аллаһтан шын қорықса, Аллаһ оны кез келген қиындықтан құтқарады және күтпеген жерден ризық-несібе береді» – дейді. Аллаһ пендесін ешқашан қиындықта қалдырып қоймайды. Иманыңызға сабырыңыз сай болса, міндетті түрде қиыншылықтың артынан жақсылық келеді. Оған «Инширах» сүресінің 5-аятында: «Негізінде ауырлықпен бірге жеңілдік бар» – деген Аллаһтың сөзі дәлел. Осы аятты растайтын мысалдарды өмірімізде де көп көріп жүрміз. Сол себепті нағыз мұсылман өмірден еш қашан түңілмейді. Өзіне-өзі қол салуға құлшындыратын нәрсе үмітсіздік, иманның әлсіздігі. Осы қатерлі дерттен арылтып, бақытқа жеткізетін жалғыз жол – Ислам жолы екенін мойындауымыз керек. Сол себепті, жастардың бойына имандылықты сіңіріп, жастарға Құран және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) сүннетін насихаттап, отбасы құндылықтарын түсіндіруіміз керек. Адамдар өздерін өмірдегі бір « тұтынушы» ретінде ғана емес, Аллаһтың сүйген құлы, елімнің асыл азаматымын деп түсінсе бұл тығырықтан шығар жолды жаңылмай табар еді. Демек, біз келешегіміздің кемелді болуына кедергі келтіретін түңілудің түндігін түріп тастап, Аллаһтың рахымынан күдер үзбей, екі дүниенің бақытына жеткізер Жаратқан Жаппар иеміздің жолынан жаңылмауымыз лазым. Ол үшін Исламның игілігіне кенелтер шариғат шеңберінен шықпай, жүре­гімізді жаратқан жалғыз Аллаһқа арнағанымыз абзал болмақ. Аллаһ Тағала елімізге, жерімізге тыныштық силап, баршамызға екі дүниенің бақытына жетелер иман беріп, санамызға сәуле құйып, жүрегімізді нұрға толтырғай. Әмин!

 

 

Құл мұхаммед қажы Маханбет. Алматы Орталық мешітінің Бас имамы