Жүрсін Ерман: Айтыскер ақындардың басы дін арқылы шырмалып жатыр

4
2938

Дәстүрлі әнші, Алты Алаш сүйіп тыңдайтын Бекболат Тілеухан Астанадағы аламан айтысқа Жүрсін Ерманды қонақ болуға шақырып отыр.

Елорда төрінде 8 желтоқсан күні өтетін ақындар сайысының бас жүлдесіне «Алтын домбыра» тігілмек. Алайда, тәуелсіздік күніне орай дүрілдеп өтетін бұл шараға Жүрсін Ерманның төбе көрсетуі екіталай. Өйткені, ақын Бекболат Тілеухан ұйымдастырған айтыстан түңілдім деген еді.

Айтыс өнерін 30 жыл өрге сүйреген Жүрсін Ерман қазан айындағы Астанада өткен айтыста төбе көрсетпей, ұйымдастырушыларға өкпесін ақпарат құралдары арқылы жеткізген еді. «Шақырту алдым, бірақ осыған дейін «айтысқа демеуші емеспіз» деген нұротандықтардың съезд алдында жыр сайысына ие бола қалғаны шамыма тиді» – деп ашуланған болатын. Оның үстіне Бекболат Тілеуханның айтысты өткізуге ұйытқы болуынан шошыдым деген еді…

«Мұның ар жағында теріс пиғылдар жатыр деп есептеймін. Дін арқылы ақындардың басын шырмау біраздан бері басталған. Қажылыққа жіберіп, басқаша әсер етіп жатыр. Біздің біраз ақынымыздан айырылып қалдық. Ең талантты ақынымыз Балғынбектің өзі бұлталақтап жүр», – дейді Жүрсін Ерман.

Алайда «ағамның теріс пиғыл деп нені меңзегенін түсінбедім» – дейді Бекболат Тілеухан мырза. Айтыс алдындағы еңбегі мен қазақ поэзиясындағы рөлін ескеріп, Жүрсін Ерманның алдынан төрт рет өтіп, жыр сайысына шақырғанын айтады. Айтыс «Жүрсіннің жекеменшігі емес шығар, сондықтан Нұр отанның тапсырмасымен ұйымдастырдым» – деп отыр.

«Теріс пиғылға ұйғару өлімге қиғанмен тең. Бірақ мен кешіріммен қараймын. Ақындық эмоция үстінде айтылған шығар деп ойлаймын. Патенттеп алған ештеңеміз жоқ, ол кісінің де патенті жоқ. Қанша жерден ол кісі ұрсысса да дәлелсіз болса да жүрегімде реніш-кек жоқ, ол кісіде де реніш болмайды деп ойлаймын», – деді Бекболат Тілеухан.

Ашу шақырып, бүлінетіндей түк болған жоқ деген Бекболат Тілеухан «ағасы ұрар, інісі шыдар» деп отыр.

Айтыстың ақсақалынан кешірім сұрап, алдағы Астанада өтетін жыр сайысында бірге болуға шақырды…

Алайда, айтыстан түңілдім деген Жүрсін Ерман тәуелсіздік күніне орай өтетін жыр сайысына қазы болып сын айтып, қонақ болып тыңдауға да бармайтын сынды.

Ұйымдастырушыларына өкпелеген азаматтың жыр сайысын ұйымдастыруға да құлқы жоқ. Енді аға мен іні арасындағы айтыстың немен тынары белгісіз.

«31 арна»

4 ПІКІРЛЕР

  1. Арман бауырымның айтқаны -нағыз аталы сөз.Шынында да, біз қазақтар өзіміздің азаматтарымызды алаламай , әліптің артын бағайық.Олардың екеуі де ұлт намысын жыртып жүрген ерлер емес пе? Алла екеуіне де сабыр берсін. Ер шекіспей -бекіспес!

  2. Бұл жерде ең алдымен айтысты көріп,көңілден өткізіп, сезім сүзгісіне салғаннан кейін пікір айтқан дұрыс сияқты.Жүрсін де Бекболат та еліміздің ерекше тұлғалары, жанашыр азаматтары.Артық айтып, тыртық қылудың жөні жоқ.

  3. «2 мың қазақ өзге дінді насихатауда, 800 қазақ кришна дінін қабылдаған. Мұны естігендер жағасын ұстады». («Халық Кеңесі» газеті. 06.07.1993 жыл). Қазақтар, ата бабамыздың өсиетін бұзбай, ежелден Ханифа Ағзамның сунниттік мұсылман жолын ұстап келген.Соңғы жылдары бұзыла бастады. Жазушы Жағда Бабалықұлы кришна, католик, иегово, христиан, ваххавист, суннит қазақтар жөнінде айтқаны: «бір шаңырақтың астында отырған қазақ бірі қойдың басын, бірі шошқаның басын мүжіп отыр». Басқа дінді қаржыландырып жүрген олигарқ қазақ бар дейді.Айтыста осылар көрініс табар ма екен?! Айтысты басқарудың көсемі Жүрсіннің шеттетілуі өкінішті – ақ.Жел тұрмаса, шөп басы қозғалмайды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз