Білім иманға жетелейді...

  Диннннн

Алматыда «Дін және жастар» атты форум өтті. Форумда «Жас Отанның» қоғамдық ұйымдары мен бірқатар оқу орындарының белсенді студенттері Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен еркін пікір алмасып, ұсыныстар айтып, бүгінгі діннің өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Жастар бөлімінің ашылғанына көп болған жоқ. Бұл бөлімнің басты міндеті – жастарды жақсылыққа жұмылдыру, имандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу һәм дінге жат, дәстүрге қайшы ағымның жетегінде кеткен жеткіншектерге дұрыс бағыт-бағдар сілтеу т.с.с.

Форумның өтуіне аталмыш Жастар бөлімі ұйытқы болды. Форумда ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы имандылыққа ұмтылған ұрпақ – ұлттың жанашырына, тәрбиешісіне, қамқоршысына айналатынын тілге тиек етті. Ал, ізгілік­тен алшақтаған адам арсыздық пен абы­ройсыздыққа ұрынатынын қаперге салды. Бас мүфти бүгінгі қоғамдағы жастардың денсаулығы, нашақорлық, маскүнемдік, қылмысқа бейімділік, жұмыссыздық, білімге селқостық, жеке-бас мәдениетінің төмендігі секілді бірқатар келеңсіздіктерді атап өтті. Жастарды білім алуға, спортпен шұғылдануға үндеді. – Бүгінгі таңда жастар арасында семіздік ауруының кең тарап бара жатқаны да алаңдатады. Өскелең ұрпақ арасында отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Әр нәрсенің пайда мен зиянды тұстары болады. Мәселен, интернетті білімді, қабілетті арттыру мақсатында пайдаланудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кейбір іні-қарындастарымыз адамды рухани аздырып, ар мен ұяттан жұрдай етуге жетелейтін сайттарды пайдалануда. Сондықтан, жастар оның ауыр күнә екенін шынайы білетін болса, мұндай іске бармас еді деп ойлаймын. Асыл дініміз Ислам адамзатты ізгілікке бастайды, – деді Ержан қажы Малғажыұлы. Бас мүфти көпшілік жастарымыздың заманауи ақпараттық құралдар мен интернет желілері арқылы Ислам жайлы мағлұматтарды өз бетінше алып, дін мен дәстүрімізге қайшы ұстаным байқатып жүрген жастарға тоқтала келе: «Жас бауырларымыздың дінді ұстанудағы тағы бір шектен шығуы – өзінің ұстанатын пікірін ғана дұрыс деп, өзгенікін қатеге санауы» – деді Бас мүфти. Ержан қажы Малғажыұлының пайымдауынша, бұл жағдайлар мұсылмандардың дамуына, дінді көркем түрде жеткізуге, еліміздің бірлігі мен ынтымағына сызат түсіруі мүмкін. Жастармен өткен жүздесуде «Қазақ энциклопедиясы» ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директоры, бас редактор, профессор, ақын Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, Ислам энциклопедиясын шығару туралы тілегін білдірді. Профессор Бауыржан Өміржанұлы бұқаралық ақпарат құралдарында діни-ағарту бағытында телебағдарламаларды көбірек жариялау қажеттігін меңзеді. Форумда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының штаб жетекшісі Асхат Жұмаханов, Қазақ ұлттық техникалық университетінің рухани-мәдени шаралар ұйымының төрағасы Алтынбек Боранбеков Бас мүфтиге жастар мен дін мамандары арасында жиі кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы­ның бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ҚМДБ Жастар бөлімінің өкілдері таға­йындалып, «Дін және жастар» тақыры­бы аясында форумдар, конференциялар өткізу жоспарланғаны жиында жария етілді.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы, (суреттерді түсірген – автор)