Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі

b1f6df44ca3c16ddc59ff95fa8e2c8a2 (1)Қазан айының 15-і күллі мұсылман қауымы асыға күткен, исі мұсылман жамағатымен жаппай атап өтілетін зор мерекенің бірі Құрбан айт мейрамы басталады. Әлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, құрбан шалу секілді ізгі амалы арқылы мұсылман адам Раббысына жақындай түседі. Жалпы, дін мамандарының айтуына сүйенсек, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Мұндай ұлық мерекенің Қазақстан үшін орны да ерекше.  Ағайын арасын жақындатып, аразды татуластыратын, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін осы мерекенің қоғамдағы маңызы да зор. Жұртымыздың жетпіс пайызынан астамы ұстанатын ислам дінінің айтулы күніне орай, Құрбан айт мерекесі қарсаңында оны атап өтудің мәні мен мағынасына тоқтала кеткенді жөн санадық. Жалпы, ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге жер жаһандағы адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны белгілі. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Қасиетті Құран Кәрім және ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты. Құрбан - араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Жаратушыға қарай жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Аллаһ Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», - деп құрбандық шалудың қаншалықты жауапты әрі сауапты іс екенін шегелеп айтқан. Құрбан айт мерекесі күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітке барып, жамағатпен қатар сапқа тұрып, айт намазын оқу - сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту - сүннет амал. Осы ұлық мейрамның алғашқы күні Айт намазы оқылады. Мұсылман жамағат жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып дұға оқиды. Бақилық болған жақын-жұрағаттарына арнап Құран бағыштайды. Құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу абзал. Айт намазы оқылғаннан кейін Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Осылай, бүтін мұсылман баласы адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын хақ дін - Ислам діні мен пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртады. Бұл күннің ерекшелігі шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат - құрбандық шалынады. Яғни, Айт күндері құрбан шалу – ғибадат іс. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны - Аллаға арнап сою. Сондықтан да, құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Тоқтала кететін жайт, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың бірқатар ерекшеліктері болу қажет. Енді соларға да тоқталып өтсек. Біріншіден, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақындықты білдіретін мәкрүһ болып табылады. Өйткені, ислам діні мамандарының айтуынша, мұнда отқа табынушылардың нышаны бар. Екіншіден, құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет. Үшіншіден, құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Және біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер де осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек етін алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы қабыл болмайды. Сонымен қатар, құрбандық малды кез-келген адамның дүниеден озған туысының немесе қадір тұтқан кісілердің, құрбандық жасауға жағдайы жоқ адамдардың сауабына бағыштау рұқсат етіледі. Жалпы, құрбандық шалу төмендегідей бірқатар шартқа ие жандарға уәжіп болады: Мұсылман болуы, ақыл-есінің бүтін болуы және балиғат жасына толуы, бас бостандығының болуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Шариғат бойынша нисап мөлшері 85 грамм алтынға тең ақша айтылады. Ал құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар, ниеттері арқылы сауапқа жете алады. Хадистерде «мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі», «оның ізгі ниеті амалынан қайырлы» деп айтылған. Яғни, қай істе болмасын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» - деген ниетте болса, «мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді», деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол - айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі. Құрбандық шалу ғибадаты белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап сатып алынған мал айт күндері бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адам, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады. Құрбандық шалушы бай болсын, кедей болсын өзінің құрбандығының етін жеуіне болады. Бұл жайында Құранда жазылған: «Аллаһ тағала былай дейді: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28). Байқасақ, аятта құрбандыққа шалынатын малдың Аллаһтан берілген несібе екендігі айтылуда. Сонымен қатар, құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап (жақсы амал) саналады. Бір бөлігі - туған-туыстарына және бай болса да көршілеріне таратылады. Екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Тоқтала кететін жайт, халық арасында қан шықса болды деген теріс ұғым қалыптасқан. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басы мен сүтін сату не болмаса оларды құрбандық жасалған жерде лақтырып кету мәкрүһ саналады. Барынша ысырап жасамауға тырысып, құрбандықтың ішек-қарнына дейін пайдаға жаратуға тырысу керек. Ең абзалы малдың етінен бөлек мүшелерін сатып ақшасын мұқтаж жандарға беру. Түйіндей айтсақ, құрбандық туралы Құранда жазылғанындай, Алла тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Құрбан айт күні ағайын-туыстырды, дос-жарандар мен көршілерді айтпен құттықтап, ақ дастарқан басында Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал. Тәуелсіздігімізбен бірге елімізге оралған ұлық мерекенің тарихына да тоқталып өтсек. Әлбетте, қазақ даласында ислам діні кіргеннен бастап Ораза айт пен Құрбан айт бірге жарасып келгені белгілі. Алайда түрлі кезеңдегі солақай саясаттың салдарынан, әсіресе Кеңес одағының құрамында болғандықтан асыл дінімізге бұрау салынып, оның аясындағы мереке атаулы да халықтан аластатылғаны белгілі. Тарихшылардың зерттеген деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың басында, нақтылап айтқанда 1926 жылға дейін халық арасында Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Елдік мерекесінің осындай ретпен тойлануына негіз 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі болған екен. Бұл шешімнің қабылданатын отырысына мемлекет қайраткері Cейітқали Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы пен Әлихан Бөкейхандар Төралқа мәжілісіне қатысқан екен. Кейіннен, Кеңес одағының күшімен 1926 жылдан бастап мұсылмандар мерекесіне тыйым салынған болатын. Тәуелсіздіктің арқасында біз осы ұлық мерекемен де қауыштық. Қауышып қана қоймай, Құрбан айттың қоғамдағы орнына ерекше мән берілді, оның ресми мәртебесі жаңғырып, тарихи әділеттілік қайта орнықты. Халықтың талап-тілегі ескеріле келе, Елбасы Н. Назарбаевтың ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды. Атап айтқанда 2005 жылдың желтоқсан айында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды. Сөз соңында Құрбан айтынан бір күн бұрын келетін Арапа күніне де тоқталып кетсек. Арапа - дініміздегі қасиетті күндердің бірі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) білдіруінше, арапа - артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да арапа күні жасалған дұға (Байхақи). Бұл күні Алладан көбірек кешірім тілеп, біліп және білмей жасаған күнә-қателіктеріміз үшін тәубе етудің де маңызы зор. Өйткені, әзірет Әли: «Алла тағала дәл арапа күніндегідей еш уақытта көп адамды тозақ отынан азат етпейді», - деп жеткізгені мәлім. Кейбір ғалымдар қасиетті Құранның «Ықылас» сүресін барынша көп, тіпті, мың рет оқудың артықшылығын да білдірген. Арапа күні жасалатын ең ізгі істердің бірі - ораза ұстау. Бұл күні ораза тұту, бір жағынан, нәпсі тәрбиесі үшін маңызды болса, екінші жағынан, сауабы да ұшан-теңіз. Сүйікті Пайғамбарымыз бұл туралы былай деген: «Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан Қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады». Арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтынан кейінгі төртінші күні Екінді намазы біткенге дейін оқылатын 23 намаздың парыздарынан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһ, уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһи хамд» деп тәкбир тәшриқ айтылады. Ханафи мәзһабы бойынша басы азат, тұрғылықты және ер адамдар үшін бұл күні тәкбір тәшриқ айтудың үкімі - уәжіп. Құрбан Айт қабыл болсын! Құлшылықтарыңызды Аллаһ Тағала қабыл етсін!

Қанат Солтанғұл