ТАНУДЫҢ терең құдіреті

0
3172

Қазақ топырағындағы әрбір мешіт қасиетті жұманың мүбәрәк күндері жамағатқа лықа толатын болды. Еркін еліміздің бостан жұрты киелі дініміздің қасиетін сезініп, жалғыз Жаратушының бар екендігіне илана бастады. Шындығында, болмысын­да адам баласы соншалықты әлсіз ғой. Аллаға құл болудың барлық жауапкершілігін толық сезініп өмір сүрген Әбу Язид әл-Бистами бір күні былай деп жалбарынады: «Уа, Алла Тағалам, саған қалай жақындасам болады?». Сол кезде тосыннан мынандай дауыс естіледі: «Маған менде жоқ нәрсемен ғана жақындай аласың». Бұны естіп таң-тамаша қалған әл-Бистами: «Уа, Раббым, сенде не жоқ бо­луы мүмкін?» деп сұрайды. Сонда мынандай жауап естиді: «Менде біреуге бас ию, мұқтаждық таныту, дәрменсіздік пен пақырлық жоқ!»

Б ұ л Ж а р а т у ш ы м ы з д ы ң : «Құлым, сен өз әлсіздігің мен дәрменсіздігіңді мойындап, мұқтаж екеніңді сезініп, шын ниетпен бас ию арқылы маған жақындай аласың» дегенді білдіргені еді. Расында, Алланы тану үшін, ең алдымен, ақ пен қараны ажыратып алғанымыз жөн.

Қазір көзіміз ашылып, дәстүрлі дінімізге қайта оралдық. Дәстүрлі дініміз адамгершілік пен тазалыққа, имандылық пен ізгілікке баулиды. Сондықтан, дәстүрлі дініміздің қаймағы бұзылмауын мұқият әрі мықтап қадағалауымыз керек. Өкінішке қарай, ә дегенде, көптеген бауырларымыз жат ағымдардың жетегінде кетті. Дүбәрә діннің дүлейі мен дүмпуі қасиетті дінімізге қауіп төндірді. Болмысымызға жат ағымның бірінде анамызбен бірге отырып тамақтануға болмайды екен. Асыл анамыз – әрбіріміздің қарызын өтей алмайтын ең жана­шыр адамымыз емес пе?!.

Қазақтың дәстүрлі діни ұстанымы – Ханафи мазхабының құндылығы мен дұрыстығын Құран мен Пайғамбар хадистеріне негіздей отырып жеткізудің маңызы орасан. Өйткені, Мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жастардың 60 пайызы өзге діннің жетегінде кетіп бара жатыр. Әсіресе, батыс өңірлерде жат пиғылдың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені көңілімізге ауыр.

Алланы танудың кілті – шы­найы жүректен шымырлап шыққан дұға. Дұға – Исламда қасиетті са­налады. Имран ибн Хұсейін (р.а.) былай деген: «Бір күні Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) жанында едім. Бір уақытта қызы Фатима келді. Қатты аштық тартқаны көрініп тұр. Өңінде қан жоқ, жүзі сарғайып кетіпті. Аллаһ Елшісі мейірім толы көзімен оған қарап «Фатима, маған жақында, жақынырақ кел» деді. Аллаһ Елшісінің өтінішімен Фатима әкесіне жақын келді. Осы кезде Аллаһ елшісі қолын Фатиманың кеудесі мен мойны аралығына қойып: «Уа, ашты тойдырушы, сүрінгенді демеуші Аллаһ Тағалам, Мұхаммедтің қызы Фатиманың еңсесін көтер!», ¬деген дұғаны оқыды. Осы дұғадан кейін Фатиманың жүзіне қан жүгіріп, әлгі сарғайған белгілер жым-жылас жоғалып кеткенін байқадым. Осы оқиғадан біршама уақыт өткен соң Фатиманы кезіктіргенімде, жағдайын сұрағанымда, ол маған: «Уа Имран, мен сол күннен бері еш ашыққан емеспін» деді».

Алланы еске алу – ұлы құлшылық, түп мағынасында Алланы тану һәм зікірлеу жатыр. Ол мұратқа жеткізіп, иманды күшейтеді. Ал, иман – Аллаға сену әрі илану, яғни, Алланың бірлігіне мойынсұну.

«Аллаһу әкбар!» деген сөзді жа­стайымыздан есітіп өстік. Бала болғасын, бұл сөздің мағынасын білмедік, ал намазда бұл сөз жиі айтылады. Намаз – жан мен тәннің ғибадаты болғандықтан, оның ар­найы сөздері мен іс-әрекет, әдебі бар. Дәретін алып, жүзін құбылаға бұрып, намазын бастарда пенде, ең алдымен, «Аллаһу әкбар!» деп, тәкбир тахрим айтады. Мағынасы орасан бұл сөздің қияметте салмағы ауыр. Намаздағы әр рәкағат намаздың өзінде алты рет «Аллаһу әкбар!» деп айтады. Ал, бұл – «Алла ең ұлы!» деген мағынаны білдіреді.

Алла тағала «Мүминун» сүресінде: «Шындығында иман келтіргендер азаптан құтылады. Олар намазды шынайы беріліп, ықыласпен оқиды. Бос сөзден аулақ болады. Зекет беріп, ұятты жерлерін сақтайды» – дейді. Намаз – Алла тағаланың өзгермейтін негізгі және бірінші жарлығы! Ақыреттегі Алланың бірінші сұрағы да намаздан болады. Намаз пендені Жаратушы Алла тағаламен байла­ныстыратын жол. Яғни, Алланы танығысы келген пенденің намаздан бастағаны ләзім. Неге десеңіз, ең құдіретті сөз, ең жүрекке жылы, жанға әсерлі сөз Алланың сөзі, Алланы ұлықтайтын сөз. «Кім Құраннан бір әріп оқыса оған бір жақсы амал жа­зылады, ал әрбір жақсы амал үшін он сауап жазылады. Мен: Алиф, Ләм, Мим – бір әріп деп айтпаймын. Жоқ, «Алиф» бір әріп, «Ләм» бір әріп және «Мим» бір әріп» (ат-Тирмизи) – дейтін ғибадатта қаншама мән- мағына жатыр!

Бір күні Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сахабаларымен  қотырған кезде, Жебірейіл періште (ғ.с.) жолаушы адам бейнесінде келіп: «Ихсан дегеніміз не?» – деп сұрайды. Сонда: «Ихсан Алланы көріп тұрғандай оған құлшылық ету, яғни, намаз оқу. Себебі, сен Оны көрмесең де, Ол сені көреді» – деп жауап береді.

Жаратқан Алланың сүйікті пендесін бәле-жаладан қорғап, ғанибет күйге бөлейтін құралы іспетті намаз – дініміздің ең мықты діңгегі. Алла тағала жәрдем сұраушыға да намазбен тілеуді бұйырған. Намаз – сенімді нығайтады, көңілді жұбатады, шай­танды жеңіп, рухты ұлықтандырады.

Алла тағалаға бет бұрған адам – иманын оятқан пенде. Иман жүректі даярлап, тілді жаттықтырып, намаздың құдіретіне енгіздіреді. Алланың жолы – тура жол. Оны ешқандай дұшпан ластай да, кірлете де алмайды.

Құлшылықтың алды – намаз да, ал намаздағы Аллаға деген ең басты құрмет – сәжде! Сәждеде маңдай мен мұрын жерге тию міндет. Өйткені, Алла тағала адам­ды топырақтан жаратып, топыраққа апарады. Қазақтың пешенесі – маңдай. Маңдай қара жерге тиіп, мұрынмен сол қара топырақтың иісін сезіп, өмір мен өлімді беретін Алламен жүздесу болып табылады.

Хадистерде сәжденің Аллаға ең жақын тұс екендігі баяндалған. Тозақ отына да күймейтін жердің бірі – сәждеге қойған маңдай. Сәждеде күнделікті күйбелең тірлікті ойлау, сұрау – қателік деп есептеледі.

Намаздың кейінгі отыры­старында Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға салауат айтып, береке тілеп, екі дүниелік тозақ оты­нан сақтау дұғаларын оқуымыз па­рыз. Таспих тарту, құран оқу немесе дұға жасау, тілек тілеу – адамның қосымша құлшылығы. Оны орын­дау парыз болмағанымен, орындау – пенденің өзіне абзал, өйткені, ғибадат ету – Аллаға ұнамды іс.

Қ а з і р ж а т п и ғ ы л д а р ы қайсыбір бауырларымыздың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне жеңіл қарайтындығы қандай өкінішті. Алла тағаланың қасиетті Құран кітабының мұсылман қауымына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы түскендігін ұмытпауымыз   керек. ұғаӘлемге әйгілі математик, ойшыл, медицина ғылымының негізін қалаған Ибн Синаға бірде шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, егер, сіз өзіңізді пайғамбармын деп жарияласаңыз, мыңдаған қолдаушылар табылатынына сенімдімін», – дейді. Оған сол мезет жауап қатпаған Ибн Сина бір күні шөл далада қыстың аязды күні әлгі шәкіртіне «Дәрет алайын, барып сырттан леген мен құманды әкелші» деп жұмсайды. Жылы шатырдан суыққа шыққысы келмеген шәкірті тартыншақтайды. Біраздан кейін ұстазы әлгі өтінішін тағы айтады. Бірақ шәкірті қозғала қоймайды. Үшінші рет өтінгенде де, шәкірті ерініп сол орнында отыра береді. Осы кезде таяу бір мешіттен таңғы намазға шақырған азаншының даусы естіледі. Осы сәтті ұтымды деп тапқан ұстазы сонда шәкіртіне былай дейді: «Сен менің көп жылғы шәкіртімсің. Сенде ұстаздық ақым да жоқ емес. Осы уақытқа дейін бір- ақ өтініш жасап едім, орындамадың. Ал, мына, азаншыны естіп тұрсың ба? Осы азаншы сияқты мыңдаған адам жаз-қыс, ыстық-суық, күндіз- түн деместен қанша ғасырдан бері мұнараға шығып, өздері өмірі көрмеген, араларында тіке қатынас уыта болмаған Пайғамбардың атын айтып, пайғамбарлығын жария­лап келеді. Пайғамбар мен менің арамдағы айырмашылықты енді түсінген шығарсың?..»

Нағыз мұсылманның досы – иман, құран, намаз болуы керек. Алла тағала Өзінің құдіретті на­зарын адамның намазы біткенше алмайды. Намазға бет бұру, Алланы тану – Жаратқанның пендесіне берген шексіз сыйы һәм ұлы тағдыры.

Құранның сөз і , азанның үні қозғаған жүректің қадамы – екі дүниедегі ең құтты қадам. Әл-Бухари, Муслим: «Екі түрлі қасиеті бар адамнан басқа ешкімге қызығуға болмайды, олар: Аллаһ оған Құран білімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқыған адам және Аллаһ оған байлық нәсіп етіп, ал, ол, оны күндіз-түні игілікке жұмсаған адам» депті…

Бірде бір елдің патшасы өзінің уәзірлерінің бірін үлкен бір қалаға әкімдікке тағайындап, кейінірек әкімге арнайы хат жолдайды. Әкім атшасының тікелей өзіне жолдаған хатына қатты қуанып, төсегінің басына іліп, күніне бірнеше рет құрметпен бетін сүртіп, мақтанып жүреді.

Арада бірнеше жылдар өткенде патша атқарған жұмысымен та­нысу әрі есеп алу үшін әкімді өзіне шақыртады. Есебін толық баяндаған әкімге патшаның көңілі толмайды. Патша әкімнен:

– Менің хатымды алдың ба? – деп сұрайды.

– Иә, хан ием, алдым. Тіпті, басыма қойып, жастанып жаттым. Күндіз-түні сізге деген құрметпен хатты сүйіп, бетімді, көзімді сүрттім. Елге оқып бердім, – деп жауап береді әкім. Сонда патша:

– Хаттың ішіндегі тікелей менің бұйырған әмірлерімді орындамағаның үшін сені жазалай­мын – деген екен.

Бұл мысалдағы патша – Алла тағала. Хат – Құран. Әкім – пенде.

Сондықтан, әкімнің пәрменін емес, Алланың әмірін орындау – әрбір мұсылманның асыл парызы. Ал, Жаратушыны танудың құдіретін жеткізуге тіліміз жетпейді.

Мейрамбек БОЛҒАНБАЕВ

Алматы қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз