Мәсіхшілдер меңдеген қоғам

                                 Қазақ сәбилерінің санасын улап жатыр  Дініне берік халқымның діңгегі сынды ма, әйтеуір, соңғы жылдары санаңа жегі құрттай жармасқан, секта атаулы қаптап кетті. Бұл – бүгінгі біздің қазақтың рухани құлдырауының нәтижесі деуге толық негіз бар сияқты. Мәселен, бағзы замандағы тіліміз, дініміз, иманымыз қандай еді. Бүгінгі көрінісі қандай? Арасы жер мен көктей... Кезінде аузынан Алласы түспеген ұрпақтың бүгінгі жалғасының ішінен – арақ ішпеген адам табу қиын?!. Кеңестік кезеңнің кесапатының кесірінен бүгінде иманы әлсіреген, аяқ-қолы балғадай қаншама қаракөздеріміз жат ағымның жетегінде кетіп жатыр. Тірісінде тарихынан, ұлтынан, қыл-аяғы ата-анасынан жерінгендерді де көз көрді. Қынжылдық. Тосқауыл қойған болдық. Бірақ, азаюдың орнына, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай, қаптап келеді. Сондай қоғам үшін қауіпті ұйымдардың бірі – мәсіхшілдер. Сырт көзге қарағанда қарапайым көрінетін осы бір сектаның адамдарымен сөйлесу барысында Иса пайғамбардың табытына табынушылар екенін аңғарасыз. Үнемі аузынан саналы адамның санасына сиымсыз дүниелер шығады. Екі сөздерінің бірінде: "Иса тірілді" дейді. "Иса қазір қайда жүр?" – деп сұрасаңыз, қоғамды сілтейді... Басында түсінбедік. Қайталап сұрадық, сөйтсек, біздің қоғамымыз – Исаның денесі болса, қоғамның іс-әрекеті – "құдайдай" Иса пайғамбарларының қимылы екен... Бұл не сандырақ?.. Мәсіхшілдердің өз қатарларын көбейтудегі ең ұтқан тұсы – санасы шайқалмаған, бұғанағы қатпаған балалардың басын айналдыруы. Жастайынан жадына мәсіхшілдік сана сіңірген баланың одан арылуы неғайбіл көрінеді. Себебі, жастайынан сіңірген тәрбие мен білім – адам баласын өмірінің соңына дейін жетелейді. Ал, мысық пиғылды мәсіхшілдер ұйымы осыны жетік меңгерген екен. Бұл күні аузында Алласы емес, Исасы жүрген қазақтың жас өркендерін көргенде, жүрегіміз қан жылайды... Мәсіхшілдердің негізгі орталығы «Шығыс сәулесі» бірлестігі деп аталады. Оның негізі 1991 жылы құрылған. Қазақстандағы басшысы – Болат Жакупов. Сектаның негізгі қызметі – шайтани әдебиеттер, яғни, балаларға арналған әңгімелер мен аудио-видео дисктер, журналдар шығару. Түпкі мақсаттары – қазақты ата дінінен айыру. Қазақ жеріндегі мәсіхшілдердің қазақ тілінде шығатын екі журналы бар. Балаларға арналған бірінші басылым – «Шарапат» журналы. 2005 жылдан 5000 таралыммен жылына алты рет шығады. Бас редакторы – Айман Қызылбөрікова. Айман – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарқара ауылының тумасы. Бала кезінен құмалақшы, бақсы-балгер, емші және сондай бағыттағы түрлі қызметтер жасаған. Кейін "Құдайға бет бұрған..." «Шарапат» журналында түрлі діни әңгімелер, сөзжұмбақтар беріледі. «Мен кіммін?», «Бала тілі – бал» деген айдарлары бар. Сондай-ақ, түрлі қойылымдарды, әндерді нотасымен бірге жариялап тұрады. Әрине, бұлардың барлығы да Иса жайлы білуге үндеудің бірден-бір белгісі. Осы бағыттағы екінші журнал – «Ақиқат таңы» деп аталады. Бас редакторы – Ә.Тұрғанбаева. Алғашқы нөмірі 2002 жылы жарық көрген. Жылына төрт мәрте шығады. Бұдан бөлек «Шығыс сәулесі», «Үміт үйі» қоғамдық қорымен бірлесіп емханаларға, қарттар үйлеріне, балалар үйлеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға түрлі көмек көрсетумен айналысады. Оларға ақша беріп алдау арқылы өз пиғылдарын өткізеді. Мәсіхшілдер мұнымен ғана шектеліп қоймайды, 1996 жылдан бері жұмыс істейтін студиялары да бар. Аталмыш студияда Исаны мадақтайтын әндер жазылып, үнтаспа негізінде шығарылады. Яғни, аудио-видеоматериалдар дайындалады. Сектаның барлық кітаптары осы жерде дыбысқа түсіріледі. Осыған дейін студияда Иса туралы діни әндердің 12 жинағы шығарылған. Ақшаның құлы болған қоғамды секта жаулайды. Мәсіхшілдердің қазақ топырағындағы басшыларының аты-жөндері Болат, Айман болып келеді. Шетінен таза қазақи аттар, өздері де қазақтар, солай бола тұра, қасиетті Ислам дінін сатып, сектаның сергелдеңіне түсіп, ата-бабамыздың дініне қарсы шығуда. Өздерінің санасы уланып қана қоймай, жеткіншектерімізді жетегіне ертуде. Бұл құрсау мұнымен ғана толастап қоймай, "Нұр елі" деп аталатын мәсіхшілдердің демалыс лагерімен толығып отыр. "Демалу" деген аты ғана ғой, көздеген нысаналары Исаны мадақтаудан құралады. Түрлі діни әндер үйретіліп, уағыз-әңгімелер тыңдатады. Бұл лагерьге негізінде тек Иса "құдай"-дың сөзін тыңдаған, яғни, мәсіхші балалар барады. Олардың шіркеуде естіген "уағызы" аздай, лагерьде бастарын айналдыру қызу жалғасын табады. Құдайлары жайлы қияли әңгімелерді санасына ұдайы құйылған жан еріксіз олардың қатарына қосылады. Ойын баласына «Ізгі хабар» таратудың жолдары үйретіліп, қалай миссионер болу керектігі жөнінде баулиды. Өзі сияқты мәсіхші балалармен танысқан соң, оның Құдай жайлы ұғымының "кеңеюіне" мүмкіндік туатындығы белгілі. Ең сорақысы, демалуға барған балалардың бұл дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары да болады. Бірақ, демалу соңында ол бүлшіршіндер де тұзаққа шырмалады. Лагерьде небәрі екі-үш күн ғана өткізіп, "тәрбие алған" балалардың өздерінің лезде өзгеріп: "Мен мәсіхші (баптист) боламын" деп, кез келген қағазға қол қоятындығын көргенде, жаның ашып, еріксіз таңданасың?!. Қазақ елі үшін қанын төгіп, жанын құрбан еткен бабаларымыздың баласының жат ағымның жетегіне жегілгені – азаттығымызға сын ғана емес, елімізге қауіп. Санасы уланған ұрпақтың тура жолдан адасып, жарға жығылары хақ. Болашағына басы ауыратын билік дереу қимылға кірісіп, шұғыл шаралар жасамаса, келешегі күңгірттене бермек...

Ақтолқын ТӘЖІК