Бізге қандай ислам қажет?

0
1726

Иә, Тәуелсіздік алғанымызға 21 жылдан асса да, біз әлі қандай ислам жолымен жүрерімізді анық шешіп ала алмай отырмыз. Дін бізді біріктіретін фактордан ірітетін факторға айналуда. Бұл мәселені шешу жолындағы іс-әрекетіміздің бәрі жартыкештіктен арыла алмай жатыр. Бұдан бұрынғы мақаламызда оған нақты дәлелдер келтіргенбіз (мысалы, 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңда миссионерлерге арналған 7 тармақтан тұратын тұтас баптың кіргізілуі, Ресей заңында ондай ұғымның да жоқтығы, т.т.), енді бүгін сол тақырыпты одан әрмен жалғастырсақ деп отырмыз.

қазақтың өз киімін кигендер мұсылман емес, хиджаб кисе ғана мұсылман болады дейтіндер қатты қателеседі. Мына Өзбекстанға сіз хиджаб киіп барсаңыз, шекарадан кіре алмайсыз! Біздің бұрын да өзбектерден де діншіл деген атымыз шыққан жоқ, алда да шыға қоюы екіталай. Сондықтан әсіреқызылдыққа ұрынбай, өз жолымызбен, ата-бабамыздың жолымен жүргеніміз дұрыс болар. Ал, Білім және ғылым министрлігі мектептер мен колледждерге, жоғары оқу орындарына хиджаб киіп келетіндерге үзілді-кесілді тыйым салу қажет деп санаймыз. Білім ордалары тек қана білімнің емес, ең алдымен тәрбиенің ошағы, ол жерде әркім өзінің білгенімен жүруіне жол беруге болмайды.
Бізде қазір Білім және ғылым министрлігінің Философия, саясаттану және дінтану институтының дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымының докторы Бақытжан Сәтершинов мырза «жалған уағызшылар» деп атаған салафитшілер қаптап кетті. Олардың айтатыны – «түпкі, о бастағы таза исламға қайта оралып, тек сол жолмен жүруіміз керек». Сол «тәпсіршілер» Құрандағы «біз сендерді ұлтқа бөліп жараттық» деген сөзді есепке алғылары келмейді. Ұлт болғаннан кейін оның ғасырлар, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы, ырым-тыйымы болады. Салафиттер мұның бәрін жоққа шығарады. Соның салдарынан бір отбасы екіге айрылады, бітіспес жауға айналады. Жоғарыда айтылғандай, ислам біріктіруші емес, ірітуші болып шыға келеді.
Бірақ, бұл жерде исламның кінәсі жоқ қой! Кінәлі – оны жөндеп түсіне алмай, қазақты қақ айыруға, сол арқылы оның жеріне, жеріндегі ұшан-теңіз байлығына қол жеткізуге тырысатындардың арам ойын ұғына алмай, «дін дегеніміз осы екен» деп, шапаттап жүрген өз бауырларымыз. Нақты мысал келтірейік. Шымкент қаласында университетте сабақ беретін, ғұмыр бойы ұстаздық етіп келе жатқан, елге абыройлы профессор ағамыз бар. «Үміт еткен көзінің нұры» баласын үйлендірді ана жылдары. Үйленгені бар болсын, «келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген ғой, келінінің аяғымен ілесіп үйіне ырыс-береке емес, ұрыс-керіс келді. Себебі, ағамыз байқамапты, баласы салафиттердің сапына кіріп кеткен екен, әйелі де өзіне сай қосылып, ағамыз «беташар» той жасай алмады. Келінді алып келгенде отқа май да құйғызған жоқ екі жас. Қысқасы, қазақы жол-жораның біреуі де жасалмады. Себебі, оның бәрі «Аллаға серік қосатын, аса ауыр, кешірілмейтін күнәға жатады-мыс». Әсіресе, көптен күткен қызығы болғаннан кейін, жалғыз баласының үйленгенін есітіп, құтты болсын десіп аға-жеңгемізбен бірге қуанған, «беташардың» қай сағатта, қай жерде өтетінін сұраған тілектес қауымға не айтарын білмей қиналған ағамыз бен жеңгемізге обал-ақ болды…
Бірден айтуымыз керек, үйленуге байланысты қазақтың салт-дәстүрінің бәрі ислам келгенге дейін қалыптасып қойған құндылық болып табылады. Оның себебі тереңде, біздің ата-бабамыздың екі-үш мың жыл бұрынғы заманда еуропалықтар миымызға құйып тастағандай артта қалған, қараңғы халық емес, керісінше, өз уақытында әлем өркениетінің алдыңғы қатарында болған, жазу-сызуы бар, қола мен темір балқыту секілді ең озық технологияны меңгерген, озық ел болғанында жатыр. Көшпенділер өзінің өмір салтына байланысты-ақ жылдың төрт мезгілінде де табиғатпен тығыз байланысты еді, оны «оқып-үйренуге» мәжбүр болған олар өз еркінен тыс ойшылдық қасиетті де иеленді. Таңертеңнен кешке дейін жыл он екі ай бойы жер өңдеумен айналысқан отырықшы халықта қайдағы философия! Бұл жөнінде орыстың белді жазушысының бірі, майдангер, санкт-петербургтық Даниил Граниннің әдемі сөзі бар:
– «Мен тұрған қаланың айналасының бәрі орман. Қаладан шықсам көретінім тек қалың ағаш. Өмір бойы еңбек демалысымда Қап тауларына барып дем алатын әдетім болды. Ол жаққа барғанда қай жағыма көз салсам да көретінім – төбеңнен төніп тұрған тау мен тас. Ана бір жылы жолым түсіп Қазақстанға барып қалайын. Қазақ достарым мені атқа мінгізіп, он бес күн бойы Сарыарқаны аралатсын. Түгел көріп шыға алмасақ та, талай жерге бардық. Міне, мен сонда, қайда қарасаң да көз жетпейтін жазық даланы көргенде, қазақтардың неге шетінен ойшыл, пәлсәпашыл болатынын түсіндім!»
Осылайша тағдыры таби­ғатпен тікелей байланысты, тіпті «кіндігі» бір ойшыл қазақ әлемді жаратушы ерекше бір күш бар екенін де өзге халықтардың көбінен бұрын түсініп-түйсінді. Оны ата-бабамыз Тәңірі деп атады (бұл сөз Құрандағы аталған Алла Тағаланың 99 атының қатарында жоқ, ал, «Құдай» деген парсы сөзі, ол да әлгі тізімде кездеспейді). Кешегі исламды таратушы араб әскерлері Орта Азияны 50 жыл бойы, 654 жылдан 705 жылға дейін бағындыра алмады. Олардың жарты ғасыр бойы қолынан келмегенді әйгілі Мүсілім ибн Құтайба 10 жылда іске асырды. Бірақ, тарихта аталатын «араб басқыншылығы», «араб жорығы» немесе «араб жаулап алушылығы» деген сөздердің қазаққа қатысы болған жоқ. Неге? Өйткені, араб жетекшілері қазақтың онсыз да бір Жаратушыға сыйынатын халық екенін көрді, сол кезде арабтар арасында «бұл халық онсыз да мұсылман екен ғой» деген сөз тарады.
Енді ойлап қараңыз, монотеизм (жалғыз Жаратушыны ғана мойындайтын дін) исламға дейін-ақ кең жайылған қазақ халқының қай салт-дәстүрі енді «ислам» деп аталған сол дінге қайшы келіп қалды? Бірінші, сәлем салуды алайық. Сәлемді қазақ әйелі не үшін салады? Рас, сыртқы мағынасы – ізет, құрмет, сыйлау. Ал, ішкі, басты мағынасы ше? Оны осы күнгі көп әйел білмейді, білсе де қалған қазақ бармай, көрмей жатып, сыртынан жүріп-ақ жамандауға құмар Шымкенттің әйелдері ғана біледі. Арқа мен Алтайдың қазағы тіпті келіндеріне сәлем салдырмағанды мәртебе көреді, өзге «артта қалған» қазақтан өздерін ілгері санайды. Ал, сәлем салудың басты мағынасы – әр сәлем салған сайын қазақ әйелінің Тәңірінен «алғанымды (күйеуімді) аман ете көр!» деген тілегінің қимылдық көрінісі. Оған дәлел – күйеуі қайтыс болған әйел сол күннен бастап бұл әдетті тоқтатады. Рас, кейде үлкендерге сәлем салып жатса, ешкім оны «бұның артық болды» деп сөкпейді де. Бірақ, сәлем салмаса өкпелемейді де. Себебі, оның сыртында әлгінде терең мағына жатыр. Қазақтың сол замандағы аңқаулығы мен тарпаңдығы жатыр.
Енді, осы салтта исламға қайшы келетіндей не бар? Исламда «қосағымды алып қойдың» деп, әйелдің Алла Тағалаға өкпелеуіне мүлдем болмайды, өйткені, қашан берерін бізден сұрамаған Жаратушы қашан аларын да бізден сұрамайды.
Қазақта мақал бар: «Үлкенге сәлем салғаным – алғанымның амандығын тілегенім, үлкеннің атын атамағаным – бала-шағамның амандығын тілегенім». Әйелге осы екі санаттағы адамдардан жақын кім бар? Ол солардың аман-саулығын тілеп, ізет көрсетсе, одан сол әйелдің бір жері кеміп қала ма? Сәлемін алған үлкендер керісінше, ізетке, құрметке ырза болып, «Тәңір жарылқасын!», «Ұл тап!», «Қосағыңмен қоса ағар!», «Көп жаса!» деп тек қана ақ батасын беріп жатады емес пе? Бұның қай жері «Аллаға серік қосқандық»?
Былтыр Сарыағашта көпке көмегі тиген нағашымыз қайтыс болды. «Мезгілінен ертерек кетті» десіп өкінді елдің бәрі. Сонда соның әйелі жаны күйіп жылады: «Әй, ақымақ басым-ай, келін болып үлкенге сәлем салған жан емес едім, неге қысқа күнде қырық рет Алладан ер-азаматымның аман болғанын тілемедім?! Мүмкін, сәлемімді салып жүргенде, ол да ұзағырақ өмір сүрер ме еді, мына бала-шағасының қызығын көбірек көрер ме еді?!» деп.
Енді, «орамал салу» дәстүріне келейік. Қазақ «қыз – қонақ» дейді. Оны еркелетіп, төрге шығарып отырғызады, ерекше құрметтеп, қадірлейді. Ұзатылған қызды «шын үйіне енді барды» дейді. Неге келіншектің басына мөлтілдетіп, бетін ғана емес, бүкіл денесін жабатын үлкен орамал салады? Өйткені, шын мәнінде ол орамал орамал емес, ол – кебін! Әрине, шартты түрде. Ұзатылған қыз бұрынғы өмірімен үзілді-кесілді қоштасуы тиіс, оны біржолата ұмытуы тиіс, барлық ынты-шынты тілегінің бәрі енді келген үйінде болуы тиіс. Әсіресе, бұрынғы қазақ өмірінде. Ол кезде қазіргідей емес, ұзатылған қыз қашан бірінші баласын тапқанша, төркініне қыдырып келе алмайтын. Ал, ұмыту оңай ма? Оңай емес, оны тек әйелдер ғана түсінеді. Ұмыту үшін ол әйел «өліп-тірілуі» керек. Орамал салған кезде қыз «өлді», ол енді «беташарда» ғана қайта «тіріледі» және келіншек бейнесінде, жаңа бір отбасының мүшесі, жаңа отаудың егесі болмаса да, шегесі есебінде қайта тіріледі. Қазақтың беташар жасамай, неке қимайтыны да сол себепті, сіз «өлікпен» некеге тұра алмайсыз ғой!
Осының қай жерінде Алла Тағалаға «серік қосу» бар, айтыңыздаршы? Қай жерде, ғылыми тілмен айтқанда, «антагонистік», ымырасыз қарама-қайшылық бар?
Немесе теледидар көрсет­пейтін, радиодан музыка тыңдатпайтын, осылайша исламның «тазалығы» үшін күресетіндерге келейік. Ислам ұғымында әр мұсылман орындауы тиіс 40 парыз, қазақшаласақ – міндет бар. Соның біреуі – білім-ғылым үйрену. Білім-ғылымның жақсы жаңалығын қабылдайтын болмасаң, бүгінгі күннің үрдісімен өмір сүргің келмейтін болса, онда сен адам болдың ба, жоқ әлде айуан болдың ба? Қатты кеткен болсақ, кешірім сұраймыз, бірақ адамның малдан айырмашылығының өзі өз ісіне, өз тірлігіне есеп бере алатындығы, жақсы мен жаманды талдап, саралап, екшеп-елеп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жирене алатындығында жатқан жоқ па?
«Отқа май құйма!» дейді. Құйғанда тұрған не бар? Бәрібір, адам тілейтін тілегін оттан тілемейді, бір Алладан тілейді ғой. Отты сыйласа артық емес, ол да жанды нәрсе. От – үйдің берекесі. «Жылуда – иман бар» демей ме исламда? Әңгіме мынада – сыйлау мен құрметтеу бар да, табыну мен сыйыну бар, салафитшіл бауырларымыз осы екеуінің арасын айыра алатын емес немесе айырғылары келмейді. Табыну мен сыйыну бір Аллаға ғана тән, қалғанының бәрі құрмет пен ізет. Қазақ бата бергеннің өзінде «Әуелі Алла жар болсын, әруақтар қолдасын!» дейді. «Жалғыздың жары – Құдай» дейді. Жар болу деген – шешуші күшке ие болу деген сөз. Әруақтардікі тек шамасы келгенше қолдау көрсету ғана. Осы екеуінің арасын түсіну де соншалықты қиын ба?
Ырым атаулының бәрі өмір­ден алынған нәрселер. Қазақ «нанды баспа» дейді, нанды Құраннан жоғары құрметтейді. Арабтар ше? Оларда ондай ұғым жоқ. Біз өз басымыз өліп кетсек те, бұндай ұлт қатарына жатқымыз келмейді! Біз де бала күнімізде «осы қазақта ырымнан көп нәрсе жоқ екен, тіпті өмір сүру мүмкін емес» деп ренжитінбіз. Оның бәрі өмір қағидасы екенін, қазақтың салт-дәстүрінің бәрінің артық-кемі жоқ екеніне, жұрт айтып жүргендей тозығы да бар емес екеніне өсе келе өзіміздің көзіміз әбден жетті. Себебі, олар жүздеген жылдар бойы сараланған, сұрып­талған, өміршеңдігі дәлелденген құндылықтар. Біз оларды «ескірді, тозды» деп қоқысқа лақтыруға дайын тұрмауымыз қажет. Қайта соларды бүгінгі күнге лайықтап, барынша кең қолдануға ұмтылуымыз керек. Оның ешқайсысының исламға кереғарлығы жоқ. Ислам – қазақ үшін, қазақ – ислам үшін емес! Адам баласы бар жерде ғана дін бар, айуанға дін керек емес. Қазақ әлімсақтан бері мұсылман халық. Оның дәстүрін дінге қарсы қоя алмайсыздар, оның бәрі бекершілік, ит әурешілік болып шығады…

Өмірзақ АҚЖІГІТ

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз