Жауапты қызмет Ержан Маямеровке жүктелді

0
960

 

Елімізде дін төңірегінде дау-дамай көп туындайды. Бұл Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жүйелі жұмыс жасамай отырғандығының көрінісі емес, әрине. Бұл салада осы уақытқа дейін де қыруар шаруа атқарылды, әлі де атқарылу үстінде. Дегенмен, дін саласының жүгі жеңіл емес.

Жақында бұл салада жұрт күтпеген жаңалық болды. Астана қаласындағы Назарбаев орталығында ҚМДБ-ның төралқа мүшелері, аппарат қызметкерлері, облыстар мен өңірлердегі өкіл имамдары, ақылдастар ал­қасы, Ғұламалар кеңесінің мү­шелері, дінтанушылар, зия­лы қауым өкілдерінің қатысуымен Қазақстан мұ­сылмандары діни басқар­ма­сының кезектен тыс VII құрылтайы өтті.
Құрылтай Қасиетті Құран аятымен ашылып, Бас мүфти бата жасады. Жиын барысында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф дін саласында алда атқарылар іс-шаралар жоспарларымен таныстырса, Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сы­ның төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 2000-2013 жылдар аралығында атқарылған игі іс шараларды атап өтті.
Дінбасы өз сөзінде: «Қал­ған күш-қайратымды білім-ғылым саласына жұм­сасам деген ойымды Елбасына жеткіздім. Нұрағаң, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл ойымды құптап, Дінбасының және діни басқарманың атқарған іс-ша­раларына алғысын білдіріп, рахметін айтты. Тәуелсіз Қа­зақстанның рухани дамуына, халқымыздың бірлігі мен ынтымағына қызмет еткенім үшін өзімді бақытты санаймын. Алла баршаңызға разы болсын!» – деп ағынан жарылды.
Иә, осы тұста біздің тарапымыздан айтуға тиіс бір нәрсе бар. Еліміздегі қоғамдық-саяси мәселелерге үнемі өзіндік үнін қосып келе жатқан «Қазақ үні» («Жас қазақ үні») газеті дін мәселесінде де үнсіз қалған емес. Газетіміздің ағымдағы жылдың №4(568) 29 қаңтардағы санында саясат бөлімінің редакторы Өмірзақ Ақжігіт өзінің «Бізді біріктіретін не қалды?» атты мақаласында: «Мен мүфтиді шығыстанушы ғалым ретінде төбеме көтеруге дайынмын. Бірақ, біз тыңнан жол салған керемет зерттеуші ғалымнан айрылдық, оның да, халықтың да обалына қалдық. Ол сол қызметінде отыра бергенде, қазаққа әкелер пайдасы ұшан-теңіз болар еді ғой! Өйткені, біздің пайымдауымызда ол кісінің о бастағы табиғатының өзі ғалым, зерттеуші, өзімен-өзі болғанды, бір мәселені шұқшиып, қажымай-талмай ізденгенді, тіпті сол іздену үдерісінің өзінен жаны рахат, ләззат тауып жұмыс істегенге, қазақша бір сөзбен айтқанда «инемен құдық қазғандай» адам айтқысыз ауыр іске жаратылған жан. Міне, біз сондай өмірдегі өз орнында мық шегедей мығым отырған адамды тамырымен қопара суырып алдық та, басқа жерге апарып отырғыза салдық», – деп өкінішін білдірген еді.
«Қазақ үнінің» үні құла­ғына жетті ме екен, жоқ әлде ғылым саласына бетбұрыс жасауды өзі жөн санады ма екен, кім білсін, әйтеуір арада ай өтпей жатып, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі ғылыми-педагогикалық қыз­метке ауысуына байланысты Бас мүфти қызметінен босату туралы өтінішін жазды.
Иә, Әбсаттар қажы Дербі­сәліні бұл шешімін елі де, Елбасы да құп көріп, қолдау білдірді. Жиынға жиылған жұрт та, ғалымның ғылымда өзіндік сара жол салатынына сенімділік білдірді. Біз де осыған қосыламыз, әрине.
Құрылтай жұмысына қатысушылардың келісімімен Ержан Малғажыұлы Маямеров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағалығына ұсынылды. Бұл ұсыныс жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Мінберге шыққан Ержан Малғажыұлы: «Дінге қызмет сауапты да, жауапты қызмет. Семей өңірінің ақсақалдары білімім мен тәжірибемді осы аймақтың рухани дамуына, елдің бірлігі мен ынтымағына үлес қосуды аманат еткен еді. Осы аманатты арқалап, Мысыр елінде біраз жыл білім алдым. Ілімімді жетілдіріп келген соң, бұл ойымды Дінбасына жеткіздім. Ол кісі бұл ниетімді құп алып, келісімін берді. Бас мүфтиге Алла разы болсын.
Баршаңызды, дін қызмет­керлерін, имам-молдалар­ды бір мақсатқа, елдің игілі­гі мен ынтымағына, дін наси­ха­тына жұмыла жұмыс істеуге шақырамын. Алла баршаңыз­ға разы болсын!», – деді.
Ержан Маямеров өзінің орынбасарлары, яғни наиб мүфти лауазымына Қайрат Жолдыбайұлын, Серік Оразды ұсынды. Делегация мүшелері оның бұл ұсынысына бірауыздан қолдау білдіріп, дауыс берді. Ал Мұхаммед Хусейн Алсабеков қоғамдық негізде наиб мүфти қызметін атқаратын болады.
Жиын соңында «Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің кезектен тыс VII құрылтайы қаулы қабылдады.
Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың өмір жолына үңілетін болсақ, ол 1972 жылы туған. 1991-1993 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, Мысырдағы Әл-Азһар Ислам университетінің шариғат және заң факультетінің студенті атанады. Осы оқу орнын 2006 жылы бітірген Е.Маямеров 2006-2008 жылдар аралығында Мысыр мүфтиятының пәтуа шығару бөлімінде білімін жетілдірді. 2011 жылы 10 қазанда Әбсат­тар қажы Дербісәлі хазреттің ұйғарымымен, Ержан Малғажыұлы ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы болып тағайындалды. Үйленген. Бүгінде 3 баласы бар.
Жұрт жаңа басшы дін саласындағы әрбір мәселеге жете мән беріп, алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізеді деген сенімде. Лайым солай болғай.

Гүлмира САДЫҚ

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз