Мәуліт мерекесі: кім не түйді?

 

Қазақ қашан да Алланы танып, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін өнеге тұтқан һәм салт-дәстүрін Исламның асыл құндылықтарымен қабыстыра, үйлестіре білген мұсылман халық. Сондықтан болар Мұқағали ақын:

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, – деп ардақты елшіге үмбет болғандығын мақтан тұтып, паш еткен-ді.

Иә, Алла Елшісінен (с.ғ.с.) алар өнеге мол. Ол жаман сөз айтпайтын. Өзгелермен ерегеспейтін. Сөзі мен ісі сай келетін. Әрқашан ойланып жүретін. Берген уәдесіне берік болатын. Салақтықты жаны қаламайтын. Ешкімнің кемшілігін іздемейтін. Әрдайым байсалдылық танытатын. Дүние істеріне бола ашуланбайтын. Жүрегі өте жұмсақ, сезімтал болатын. Кімге болса да бірінші сәлем беретін. Кешірімділігі соншалықты кек сақтамайтын.

Міне, осылай Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көркем мінезін қанша тізбектесек те, таусылмақ емес. Ол сүрген өмірдің әрбір сәті айдай әлемге теңдессіз үлгі-өнеге! Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мені Раббым өте көркем түрде тәрбиеледі» дегені бар.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) дүниеге келген айына орай, жылдағы дәстүр бойынша, Мәуліт салтанатын ұйымдастырды. Игі шара Алматыдағы Республика сарайында өтті. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, сәлемдер жолданды. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет «Ең ардақты тұлға» тақырыбында уағыз айтты, халықты мерейлі мерекемен құттықтады, бата беріп, дұға жасады.

Белгілі ақын Бекарыс Шойбеков арнау айтып, пайғамбар (с.ғ.с.) даналығын паш етті. 9 жасында алаш жұртына танымал болған жас ақын Жамбыл Дүйсенов өзі шығарған «Адамзаттың абзалы» атты өлеңін тебіреніспен оқығанда, жиналған жұрт үлкен әсерге бөленіп, «Алла тіл-көзден сақтасын» десті.

«Бақыт деген не?» Бұл – сарайда сахналанған көріністің тақырыбы. Бақыт – иманда. Көрермендерді осындай ойға жетелеген қойылым көпшіліктің көпке дейін айтып жүретін ғибратты көрінісіне айналды. Әсерлі көріністен ғибрат алған адамдар көздеріне ерік беріп, «Алла иманымнан айырмашы» деп іштей дұға жасасты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Дін - насихат», деген. Олай болса, асыл дінімізді насихаттауға тек дін мамандары емес, барша мұсылман баласы да жауапты. Әріп Тәңірбергенұлы бабамыз:

Болмайды насихатшы неге жұмсақ,

Майда тіл әсер қылмақ түбін қусақ.

Ақырып айтқан сөзден көңіл қалар,

Сағынар тәтті сөзге әркім сусап.

Мұсаны перғауынға жіберді Хақ,

Сөз айтсаң, әмір қылма, жұмсақ боп бақ.

Жұмсақ сөзбен тәрбие тез ұғылмақ,

Көзі барлар көрмей ме осыны нақ?! - деген екен. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда айтыскер ақындарымыз да дініміз Ислам жайлы шұрайлы өлеңдерімен халықтың жүрегіне жол тауып, әсерлі сөздерімен ізгіліктің насихатшысына айналды.  

Қарағандылық ақындар – Айтбай Жұмағұлов пен Дидар Қалиевтердің рухани айтысы да салтанаттың көркін қыздырды. Ұтымды ұйқастары да пайғамбар өсиетімен үндесіп, өзінше қабысып жатты. Ат сүрінгенше сөз тапқан мұсылман қазақ үшін айтыс өнерінің жөні бөлек. Талантты ақындардың ғибратты өлеңдеріне тәнті болған жұрт алғыстарын жаудырып, ду-ду шапалақ ұрды.

Алла елшісі адам баласын азғындық пен надандықтан арылту жолында небір қиыншылықтарға тап болды. Алайда Алладан «үмбетім, үмбетім» деп, олардың білмей жасап жатқан істерінің кешірілуін сұрау арқылы, Алланың бұйрығын сабырлықпен жеткізу барысында небәрі 23 жыл ішінде адамзатты нұрға бөледі. Қараңғылықтан жарыққа шығарды. Үмбетінің ненің харам, ненің халал екенін ажыратып алуына, Жаратушыға деген шүкіршіліктің қандай болатындығын кемел түрде үлгісін көрсетті. Үмбетінің дәрежесін көтерді. Немістің әйгілі ақыны Иоганн Гете:

Ұлы кітап – Құранға,

Иландың ба шырағым?

Болмасың оған күмәнің!

Мұхаммед айтқан әрбір сөз,

Бойыма таққан тұмарым, деген екен.

Пайғамбарымыз көркем-мінездің иесі. Ол ешкімнің бетіне келіп немесе артынан айыптап кінә артпайтын. Сөйлесіп тұрған кезде жүзін басқа жаққа бұрып алып кетпейтін. Кез-келген мәжіліске қатысқанда жеке дара бөлініп отырмайтын. Көрші ақысына қатты көңіл бөлетін. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда өзінің көршісіне жамандық жасамасын. Кім де кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қонағын жақсы қарсы алсын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда жақсылықты сөйлесін не болмаса үндемесін» деп те айтқаны бар.

Пайғамбарымыз мейірімді жан еді. Жетімдердің басынан сипап, оларға қамқор болуды бұйыратын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол өнегесін сан ғасыр бойы ұстанып келген қазақ халқы да жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, «Жетім көрсең жебей жүр» деп, асыл дініміз Ислам қағидаларынан ауытқымай, иман беріктігін танытып келгені баршамызға белгілі.

        Бір күні Алла елшісіне (с.ғ.с.) біреу келіп, өз жүрегінің қаттылығын, мейрімсіздігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Жүрегіңнің жұмсарып, арманыңа жетуіңді қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамақтандыр. Сонда жүрегің жұмсарады. Сондай-ақ, арманыңа жетесің», – деген екен.

Сахна төріне шыққан танымал «Жігіттер» тобының орындауындағы «Жетімдер» әні көпшілікке көп ой салғаны анық.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Балғабек Мырзаев билет сатудан түскен қаржыны №1 қалалық сәбилер үйінің басшысы Ембердиева Жазираға, №2 қалалық сәбилер үйінің басшысы Қожамқұлова Ләтипаға табыстады. Осылайша пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті орындалып, халық сауапты іске мұрындық болған Дінбасы мен діни басқарма қызметшілеріне ризашылықтарын жеткізді.

Белгілі әншілер – Роза Әлқожа, Сержанәлі Әлібек, Нұрғанат Рахметов, қырғыздың танымал өнер қайраткері Эмил Балтағұловтардың шырқаған иләһи әндері халықтың құлақ құрышын қандырып қана қоймай, жұрттың жүрегіне имандылық дәнін септі. Халық әртісі Есендір Хасанғалиев те діни әннен шашу шашты.

Академик Сұлтан Сартаевтың имандылық жолда жүрудің артықшылығы туралы айтқан сөздері мен пайғамбар жайлы тұщымды ойлары көпшілікті әсерде қалдырды. Дінтанушы Мұхитдин Исаұлының «Пайғамбарға сағыныш» тақырыбында айтқан үгіт-насихатын, уағызын көрермендер ұйып тыңдады.        

«Лә иләһә Иллалла» деп ұраным,

Қызыл тілді кәлимаға бұрамын.

Мұхаммедтей (с.ғ.с.) мінсіз мінез бере гөр,

Осы менің Жаратқаннан сұрарым».

Мәуліт салтанатын жүргізген белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов сөзін осылайша тәмамдады.

                                                             Мәуліт мерекесі: кім не деді?

 

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик:

 

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өте қарапайым өмір сүрді. Досына да, дұшпанына да жақсылық тілеу – Алла елшісіне (с.ғ.с.) тән асыл қасиеттердің бірі еді. Оның мінезі көркем болды. Адамзаттың абзалы еді. Бүкіл адам баласын қараңғылықтан құтқарды. Тас жүректерді жібітті. Міне, мұсылман қауымы оның өнегесіне мұқтаж. Олай болса, Алланың жіберген пайғамбары жайлы, оның тәлімі теңдессіз өмірі туралы жұртымызды жан-жақты хабардар ету қажет. Осы орайда өткізілген мәуліт мерекесінің рөлі орасан зор. Қойылған көріністерден, ән мен жырлардан үлкен әсер алдық. Пайғамбар жайлы уағыздарға қанықтық. Тіпті көзімізге жас алдық. Діни басқарманың ұйымдастырған бұл игі шарасы Исламның асыл құндылықтарына шөліркіген халқымыздың шөлін басқандай болды. Міне, бұл – үлкен жетістік.

 

Сұлтан САРТАЕВ, академик:

 Біздер, мұсылмандар әрдайым тазалық жолында, имандылық жолында жүруіміз керек. Бес күндік жалғанда жаға жыртысып, бір-біріміздің сыртымыздан ғайбат айтпауымыз керек. Бірлікте өмір сүруге тиіспіз. Егер Абай айтқандай, біріңді қазақ, біріңді дос көрмесек, онда ұлтымыздың ұпайы кемиді. Сондықтан бізге ауызбіршілік керек. Ал тату-тәтті өмір сүру салтын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз амалымен, өмірімен өнеге етіп кетті. Мәуліт мерекесі арқылы Алла елшісінің (с.ғ.с.) біз сөзбен жеткізе алмайтын көркем мінезін халқымызға паш етсек, сонда ғана біз жастарымызды азғындықтан аман алып қаламыз. Осындай тәуелсіз елде бір атаның баласындай өмір сүруіміз – бір Алланың арқасында. Құдай маған еліміздің тәуелсіздігін жариялау бақытын нәсіп етті. Мен тағдырыма ризамын. Алла тәуелсіздігімізді баянды еткей.

Мен халықты жинап, осындай игі шараның ұйымдастыруға мұрындық болған, ізгі істердің басы-қасында жүрген Дінбасымыз, шейх Әбсаттар қажы Дербісәліге алғысымды білдіремін.

 

Алтай АСҚАРОВ, Алматы қаласының тұрғыны:

 Діни басқарманың ұйымдастырып жүрген мәуліт мерекесіне жыл сайын қатысамын. Бағдарламасында жаңашылдық байқаймын. Айтыс, отбасы жайлы қойылымдар маған қатты әсер етті. Көз жасымызды сығып алдық. Алла тағала қызметтеріңізге береке берсін. Жастарымыз жамандықтан алыс болсын. Имансыз қоғамның қандай күйде болатынын көріп жүрміз ғой. Дінге қарсы болған қоғамға Құдайдың қарғысы тиеді екен. Алланың ашуынан сақтасын. Бәріміздің иманымыз артып, игі-жақсылықтарда басымыз қосыла беруді Алла жазсын. Еліміздің ынтымағы мен берекесі артып, абыройлы халықтардың қатарына қосқай. 

 

Жамбыл ДҮЙСЕНОВ, жас ақын:

Осындай үлкен іс-шарада өлең оқу – мен үшін үлкен абырой. Дінбасының, үлкен ғалым ағалардың қолын алып, батасын да алдым. Пайғамбар жайлы өлең шығару кезінде көп уақытымды сарп еттім. Өмірімен таныстым. Оның өнегелі өмірі маған үлкен әсер етті. Мәуліт мерекесінен әсер алып, қуанышты көңіл-күймен шықтым. Мені ескеріп, осы шараға шақырып, сахна төріне шығарған ағаларыма алғысымды білдіремін. Алланың нұры жаусын. 

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы