Бізді біріктіретін не қалды?
2013 ж. 28 қаңтар
1507
1
...Астанада жүр едім шаруаммен. Қоңырау шалынды. Сәлемдестік. Амандық-саулықтан соң өзін «мен Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің заңгерімін» деп таныстырған азамат:
– Сіз өзіңіздің «Қазақ үні» газетіндегі «Біздің бүгінгі діни бөлшектенуміздің себебі неде?» деген тақырыпты мақалаңызды теріске шығарасыз ба, жоқ, әлде сот алдында кездесеміз бе? – деп сұрақ қойды. Мен:
– Ертең Алматыда боламын, ауызба-ауыз сөйлесейік, арғы жағын сосын көрерміз – деп жауап бердім.
Опырмай, қит етсе, сотқа сүйреу деген жаман әдет біздің діни бірлестікке де жеткені ме?
Прокуротура болса басқа әңгіме, ал өзіміздің діни бірлестікпен қалай соттасамыз? Прокуротура дейтін себебіміз осыдан үш жыл бұрын редакциямызға телефон қоңырауы шалынды. Өзін Бас прокуратурадан Пәленшемін деп таныстырған азамат Тараншиев, Арон Атабек секілді ұлтшыл азаматтардың түрмеден жіберген хатын газетке неге тексермей жариялағанымды сұрады.
Оған мен: – Түрмені тексере алмаймыз ғой, тексеру нағыз сіздердің құзырларыңыздағы тірлік емес пе? Егер тексеріп, бұл хат жалған болып шықса, біз сіздің жауабыңызды міндетті түрде жариялаймыз, – деп жауап бердім.
– Жоқ тексермей басқандарыңыз үшін біз сіздің газеттті сотқа береміз, – деді прокуротура қызметкері.
– Тіпті жақсы, – деп жауап бердім мен. Бас прокуратурамен соттасу деген газет үшін таптырмайтын әрі тегін, керемет жарнама. Тезірек беріңіз! – дедім. Осы кезде прокуратура қызметкері телефон тұтқасын тастай салды.
Жұма намаздан соң заңгермен кездестік, сөйлестік. Бірақ, бір-бірімізді түсінісе алмадық. Дәлірегі, орысша айтқанда «на разных языках» сөйлестік. Заңгер айтады: «Сіздер неге осы бар нәрсені көрмейсіздер? Қыруар жұмыс істеліп жатыр, неге соны айтпайсыздар? Неге барға қанағат тұтпайсыздар, неге мүфтиге жала жабасыздар?» дейді.
Мен: «Айналайын-ау, мен жала жауып отырғаным жоқ» деймін.
Заңгер: «Жоқ, сіздікі жала, мен оны сотта оп-оңай дәлелдеп беремін. Дәл осындай бір азаматтың жазғанын екі жыл соттасып жүріп дәлелдеп шықтым» дейді.
Жарайды, әңгіме менде емес. Соттасқан жала жауып отырмағанымды мен де дәлелдей аламын деп ойлаймын. Өйткені, сүйенетін сондай негіздерім болмаса мақала жазбаймын да ғой. Бірақ, менің жаныма батқаны – менің айтпақ ойымды бірлестіктің атынан келіп отырған азаматтың түсінгісі келмегені. Демек, бірлестік басшыларының да көзқарастары толық сондай болғандығы.
Менің мүфтимен араласым, алты аласы, бес бересім тағы жоқ. Істеп жатқан ісін де толық жоққа шығарудан аулақпын, өйткені ондай біржақты сынау Әлихан Байменов айтқандай "соқырдың ісі". Ал, кемшілікті айтпау, тағы да сол Әлихан бауырымызша айтсақ "жаны ашымас адамның тірлігі". Мен ойымды ұқпағандарға немесе ұққысы келмегендерге арнап тағы айтамын – қолдағы барға қанағат ету бүгінгі әр күні бұрынғы жылға тең заман талабына сай емес. Мен мүфтиді шығыстанушы ғалым ретінде төбеме көтеруге дайынмын. Бірақ, біз тыңнан жол салған керемет зерттеуші ғалымнан айрылдық, оның да, халықтың да обалына қалдық. Ол сол қызметінде отыра бергенде, қазаққа әкелер пайдасы ұшан-теңіз болар еді ғой! Өйткені, біздің пайымдауымызда ол кісінің о бастағы табиғатының өзі ғалым, зерттеуші, өзімен-өзі болғанды, бір мәселені шұқшиып, қажымай-талмай ізденгенді, тіпті сол іздену үдерісінің өзінен жаны рахат, ләззат тауып жұмыс істегенге, қазақша бір сөзбен айтқанда «инемен құдық қазғандай» адам айтқысыз ауыр іске жаратылған жан. Міне, біз сондай өмірдегі өз орнында мық шегедей мығым отырған адамды тамырымен қопара суырып алдық та, басқа жерге апарып отырғыза салдық. Ол іске араласқан азаматтар да (арасында марқұм болып кеткендері де бар) игі жұмыс атқарып жатырмыз деп ойлағанына күмән жоқ. Бірақ, киелі кітаптың бірінде жазылған жоқ па: «благими намерениями вымощена дорога в ад» деп. Жаңа жерге келген оқымысты тағы да өмірден өз орнын таба алды ма, міне, біздің осыған үлкен күмәніміз бар. Егер, ғалымның жайғасқан қызметі тек бір адамның өміріне, тағдырына ғана қатысты болса, мұншама сөздің айтылмайтыны өз-өзінен түсінікті. Себебі, тағы да бір рет қайталауға мәжбүрміз, кез келген басшының – ол неғұрлым жоғарылаған сайын соғұрлым – кез келген нұсқауы, бұйрығы, жәй ғана пікірінің өзі де бір, көлдің ортасына түскен тас та бір – толқын барлық жаққа бірдей тарайды. Мемлекет басшысының жарлығы, қол қойылған заңының бүкіл қоғамда әсер етпейтін қуысы қалмайды. Бас мүфти де дәл сондай. Тіпті оның қызметі президенттің қызметінен де жауапты, өйткені оның жұмысы президенттікі секілді адамның санасына қатысты емес, сол сананы билеп-төстейтін түпсанаға қатысты. Ақыл-ой санаға байланса, сенім-наным түпсанаға байланады.
Сол себепті біз бейтарап қала алмайтын, намаздан кейінгі батасында құлағымызбен естіген аталарымыздың жолымен өзінен бұрын "еліме тыныштық, бейбітшілік бер, патшаға сабыр, нысап бер, қазағыма ауызбіршілік бер" деп барып, сосын ғана өзіне сұрайтын көп азаматтың бірі ретінде ғана жеке пікірімізді білдірген болатынбыз. Осыған байланысты ғаламторда жазылған көптеген пікірлер де біздікімен үндесіп жатыр деуімізге болады. Солардың бірнешеуінен ғана үзінді келтірейік.
«Бірде менің салаф досым "дін адамдарды біріктірмейді" деп айтқан болатын. Ол да бұрын "мен алдымен мұсылманмын, содан кейін қазақпын" деп айтып жүрген. Кейін шешендермен араласты, арабтарды көрді. Ақыл жинады, сөйтіп біз, қазақтар, өз қазақилығымыздан ажырамауымыз керек екенін түсінді.
Ана күні онымен әдейі хабарласып "сен осы ұлтшылдыққа қалай қарайсын" деп сұрадым. Қойған сұрағыма ол "ұлтшылдық қазіргі таңда қазақтарды біріктіретін жалғыз күш, дін, өкінішке орай, бұл тапсырманы орындай алмай отыр" деп айтты».
Бұл енді, діннің қазақтың басын біріктіре алмай отырғаны менің, сіздің, бәріміздің арқамызға аяздай бата ма, батпай ма?! Абай Мауқарұлы атты Моңғолиядан келген мықты журналист досымыз «тіл қазақтың басын біріктіре алмайтынына көзім жетті, біріктірсе тек дін ғана біріктіре алады» деп сол жаққа ауысып кетіп еді. Демек, оның да еңбегі – еш, тұзы – сор болып жатқаны да...
Қазақтың екінші атына айналған Абай атамыздан кейінгі өлең жолдары ең көп мақалға, нақылға, қанатты сөздерге айналған Қадыр ағамыз: «Ел сынаса құлақ сал, ал, мақтаса – керең бол!» деп еді. Бізге осы «керең болу» бұйырмай-ақ кете ме деп қорқамыз.
«Дін ойыншық нәрсе емес, біздегі кешегі дінсіз қоғамнан шыққан басшылар өздері білмегесін немқұрайлы қарап еді, енді өздері қорқа бастады. Сондықтан билік ойланулары керек, дін басына білікті, ата-баба жолындағы нағыз ұлт қамын ойлайтын адам керек».
«Еліміздің Ата заңын және діни бірлестіктер хақындағы заңын алып, бір қарап шығыңыз. Ол заңдар бойынша ҚМДБ деген Қазақстандағы пәленбай мыңдаған қоғамдық ұйымдардың біреуі ғана. Құқықтық тараптарына келетін болсақ қатарында ары кетсе 10 мың сенушілері бар христиан-баптистер сияқты діни бірлестіктермен дәрежесі тепе-тең. Бұл солай. Әбсаттар қажы Елбасына қайта-қайта жазып жүріп, әйтеуір барша мешіттерді әзер дегенде ғана қолтығының астына жиып алды».
Дін бөлек, мемлекет бөлек деу, шынына келгенде – берісін айтсақ адасқандық, арысын айтсақ нағыз екіжүзділік. Өйткені, мемлекет адамдардан тұрады, ал, сіз сол адамнан оның наным-сенімін, етінен терісін қалай ажыратып тастайсыз? Сол себепті әлемнің көп елінің ата заңында әлгіндей жазу жоқ. Тіпті біз үлгі тұтатын Батыстың ұлы елдерінде керісінше. Мысалы, өздерін дүниежүзілік демократияның атасы санайтын ағылшын елінде Ұлыбритания патшайымы ресми түрде ағылшын шіркеуінің басшысы да болып саналады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Ал, мүфтидің барлық мешіт атаулыны өзінің қанатының астына алғанын өз басымыз қол соғып қолдаймыз. «Мешітті өз қаржыма салдырдым ба, ол енді менің қарауымда болады, өзім қаржыландырамын» деген мүлде дұрыс емес. Мешіт салып бердіңіз бе, атаңызға мың рахмет, бұрылып қана өз ісіңізге кете беріңіз, ол қараусыз қалмайды. Тіпті ол ғимаратты сіз салғаныңызды да ешкім білмей-ақ қойсын. Төбеде Құдай көріп тұр ғой, ол сіздің игі ісіңізді еселеп қайтарады өзіңізге. Пайғамбарымыз да «жақсылықты жасырып жасаңыздар» деген жоқ па еді.
«Жалпы біздегі муфтият жүйесі мұсылманшылық талаптарына онша сай келмейтін, орыс отаршылары басымызға зорлап, байлап берген жүйе. Бірақ оны қиратып тастап, алаңсыз баспанасыз қалғаннан бұл да болса дұрыс. Сондықтан уақыты келіп, ірі реформалар жасалғанша, барды базар еткеннен басқа амал жоқ. Біздің ата-бабаларымыз мүфтисіз де күн көрген».
«Адамзаттың басына келетін бәленің бәрі – әр адамның өз орнын тауып отырмауынан» деп, кім айтса да дұрыс айтылған екен! Осы уақытқа дейін муфтияттан "біздің ата-бабаларымыздың ұстанған жолы осындай еді, біз осындай жолдармен жүріп келген едік" деген сөздерін естігендеріңіз бар ма? Бүкіл адасқан ағымдарды ішке жинап алып, ауызбіршілікпен сыртқы жаудан қорғануымыз керек деп жар салғанымыз қалай? Бүгінде басқа дінге өтіп кеткен бес жүз мыңдай қандастарымызды былай қойғанда, өз мұсылман дініміздің ішіндегі теріс догмаларға ұрынған бауырларларымызды қайда жібермекпіз? Осыларды ойласаң, жаның түршігіп, Пайғамбарымыздың хадистеріндегі: «Атылған оқ қайтып келсе де, олар қайтып келмейді" деген жолдары есіңе түседі».
Ана жылы президент Путин митрополит, патриарх Алексийдің иіліп қолын сүйді.. Бізде осы суретті көзге елестете аласыз ба?.. «Қазақ үні» газетіндегі мақала мүфтилеріміз сондай дәрежеге ертерек жетсе екен деген тілекпен жазылған болатын.
«Мүфтиатта да кемшіндер бар. Мүфти бар, бірақ мүфтиат жоқ деген сияқты. Оны жеңуге болады, қашан бір-бірімізді аңдуды тоқтатып, барды базарлай білсек. Дін біздің бүгінгі заманымызда екі оттың ортасында қалып отыр. Біріншіден дін саясатқа, екіншіден бизнеске айналды. Бұл жағдайда Әбсаттар қажының орнына басы алтын, арты күміс періштені әкеліп мүфти қойсаңыз да, одан еш өзгеріс болмайды.»
«Қайсыбір сайттарға кірсең қырғын айтыстар. Тақырыбы "Аруақ бар ма, жоқ па?" Бұл деген мұрты енді тебіндеген жас балалардың "махаббат бар ма, жоқ па" дегені сияқты айтыс-тартыстар ғой. Өйткені біз дін дегенді дау мен жанжал деп түсінетін дәрежеде жүрміз. Осыдан аман болсақ еді. Ол үшін Алланың бізге нәсіп еткендеріне мың қайтара шүкіршіліктер айтып, Алладан бас мүфтиіміз бен имамдарымызға Хидаят, Тауфық тілейік».
«...Сол егемендік алдық деген кезеңнен билік дін мәселесінде үлкен қателік жіберді. Меніңше сол саналы түрде жасалды. 70 жылдық құрсау, діні жоқ мемлекет вакуумына барлық дін атауын кіргізу кесапат екені бесіктегі балаға дейін белгілі. Соның «жемісін», міне, көріп отырмыз. Билікке сол керек болды, қазақтың санасы бөлінсе, бір-бірімен дін төңірегінде қырқысып, елдік мәселе екінші орынға ығысады. Солай тоз-тоз болдық, билік білгенін еркін істеді. Ендігі кезең басқа – қазақтың жігіттері дін төңірегіндегі дауды доғарып, елдік мақсатқа жұмылуымыз керек, әйтпесе ертең кеш болады».
Біз де соңғы екі пікірге қосылғаннан абзалы жоқ деген пікірге тоқтадық. Заңгер мырза, «мақалаңызды теріске шығарыңыз» дейді. Оу, кешегі оң ойымыз бүгін қалай теріске айнала қалады? Кейін теріс деп санайтын болсақ, мақала жазбаймыз да ғой. Бірақ мақаламыздың мүфти бауырымызға шын жүректен, ақ тілекпен жақсылық ойлап жазылғанына, қарғанбай-ақ қоялық, «Адал болсаң, ант ішпе» деген емес пе, бір Алла-Тағала куә. «Артық қыламыз деп тыртық қылып алған» болсақ, мiне осы үшiн де шын көңілімізбен кешірім сұраймыз.
«Дін төңірегіндегі дауды доғарып, елдік мақсатқа жұмылуымыз керек, әйтпесе ертең кеш болады».
Бұдан артық не айтуға болады?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ