Бізді біріктіретін не қалды?

1
919

 

…Астанада жүр едім шаруаммен. Қо­ңырау шалынды. Сәлемдестік. Аман­дық-саулықтан соң өзін «мен Қазақстан мұсыл­мандары діни бірлестігінің заң­герімін» деп таныстырған азамат:
– Сіз өзіңіздің «Қазақ үні» газетіндегі «Біздің бүгінгі діни бөлшектенуміздің се­бебі неде?» деген тақырыпты мақалаңызды теріске шығарасыз ба, жоқ, әлде сот ал­дын­да кездесеміз бе? – деп сұрақ қойды. Мен:
– Ертең Алматыда боламын, ауызба-ауыз сөйлесейік, арғы жағын сосын кө­рерміз – деп жауап бердім.
Опырмай, қит етсе, сотқа сүйреу деген жа­ман әдет біздің діни бірлестікке де жет­кені ме?
Прокуротура болса басқа әңгіме, ал өзі­міздің діни бірлестікпен қалай сотта­са­мыз? Прокуротура дейтін себебіміз осыдан үш жыл бұрын редакциямызға телефон қоңырауы шалынды. Өзін Бас прокура­турадан Пәленшемін деп таныстырған азамат Тараншиев, Арон Атабек секілді ұлтшыл азаматтардың түрмеден жіберген хатын газетке неге тексермей жариялаға­нымды сұрады.
Оған мен: – Түрмені тексере алмаймыз ғой, тексеру нағыз сіздердің құзырлары­ңыз­дағы тірлік емес пе? Егер тексеріп, бұл хат жалған болып шықса, біз сіздің жауа­быңызды міндетті түрде жариялаймыз, – деп жауап бердім.
– Жоқ тексермей басқандарыңыз үшін біз сіздің газеттті сотқа береміз, – деді прокуротура қызметкері.
– Тіпті жақсы, – деп жауап бердім мен. Бас прокуратурамен соттасу деген газет үшін таптырмайтын әрі тегін, керемет жарнама. Тезірек беріңіз! – дедім. Осы кез­де прокуратура қызметкері телефон тұт­қасын тастай салды.
Жұма намаздан соң заңгермен кез­­дес­тік, сөйлестік. Бірақ, бір-бірімізді түсінісе алмадық. Дәлірегі, орысша айт­қанда «на разных языках» сөйлестік. Заң­гер айтады: «Сіздер неге осы бар нәрсені көрмейсіздер? Қыруар жұмыс істеліп жа­тыр, неге соны айтпайсыздар? Неге барға қанағат тұтпай­сыздар, неге мүфтиге жала жабасыздар?» дейді.
Мен: «Айналайын-ау, мен жала жауып отырғаным жоқ» деймін.
Заңгер: «Жоқ, сіздікі жала, мен оны сот­та оп-оңай дәлелдеп беремін. Дәл осындай бір азаматтың жазғанын екі жыл соттасып жүріп дәлелдеп шықтым» дейді.
Жарайды, әңгіме менде емес. Соттас­қан жала жауып отырмағанымды мен де дәлелдей аламын деп ойлаймын. Өйткені, сүйенетін сондай негіздерім болмаса ма­қала жазбаймын да ғой. Бірақ, менің жа­ныма батқаны – менің айтпақ ойымды бір­лестіктің атынан келіп отырған аза­мат­тың түсінгісі келмегені. Демек, бірлестік басшыларының да көзқарастары толық сондай болғандығы.
Менің мүфтимен араласым, алты ала­сы, бес бересім тағы жоқ. Істеп жатқан ісін де толық жоққа шығарудан аулақпын, өйткені ондай біржақты сынау Әлихан Байменов айтқандай «соқырдың ісі». Ал, кемшілікті айтпау, тағы да сол Әлихан бауырымызша айтсақ «жаны ашымас адамның тірлігі». Мен ойымды ұқпаған­дар­ға немесе ұққысы келмегендерге арнап тағы айтамын – қолдағы барға қанағат ету бүгінгі әр күні бұрынғы жылға тең заман та­лабына сай емес. Мен мүфтиді шығыс­танушы ғалым ретінде төбеме көтеруге дайынмын. Бірақ, біз тыңнан жол салған керемет зерттеуші ғалымнан айрылдық, оның да, халықтың да обалына қалдық. Ол сол қызметінде отыра бергенде, қазаққа әкелер пайдасы ұшан-теңіз болар еді ғой! Өйткені, біздің пайымдауымызда ол кісінің о бастағы табиғатының өзі ғалым, зерттеуші, өзімен-өзі болғанды, бір мәсе­лені шұқшиып, қажымай-талмай ізден­генді, тіпті сол іздену үдерісінің өзінен жаны рахат, ләззат тауып жұмыс істегенге, қазақша бір сөзбен айтқанда «инемен құ­дық қазғандай» адам айтқысыз ауыр іске жаратылған жан. Міне, біз сондай өмірдегі өз орнында мық шегедей мығым отырған адамды тамырымен қопара суырып алдық та, басқа жерге апарып отырғыза салдық. Ол іске араласқан азаматтар да (арасында марқұм болып кеткендері де бар) игі жұ­мыс атқарып жатырмыз деп ойлағанына күмән жоқ. Бірақ, киелі кітаптың бірінде жа­зыл­ған жоқ па: «благими намерениями вы­мощена дорога в ад» деп. Жаңа жерге кел­ген оқымысты тағы да өмірден өз ор­нын таба алды ма, міне, біздің осыған үл­кен күмәніміз бар. Егер, ғалымның жай­ғас­қан қызметі тек бір адамның өміріне, тағды­рына ғана қатысты болса, мұншама сөздің айтылмайтыны өз-өзінен түсінікті. Себебі, тағы да бір рет қайталауға мәжбүр­міз, кез келген басшының – ол неғұрлым жоғары­лаған сайын соғұрлым – кез келген нұс­қауы, бұйрығы, жәй ғана пікірінің өзі де бір, көлдің ортасына түскен тас та бір – толқын барлық жаққа бірдей тарай­ды. Мемлекет басшысының жарлығы, қол қойылған заңының бүкіл қоғамда әсер етпейтін қуысы қалмайды. Бас мүфти де дәл сондай. Тіпті оның қызметі прези­дент­тің қызметінен де жауапты, өйткені оның жұмысы президенттікі секілді адамның са­насына қатысты емес, сол сананы би­леп-төстейтін түпсанаға қатысты. Ақыл-ой санаға байланса, сенім-наным түпса­наға байланады.
Сол себепті біз бейтарап қала алмай­тын, намаздан кейінгі батасында құлағы­мызбен естіген аталарымыздың жолымен өзінен бұрын «еліме тыныштық, бейбіт­шілік бер, патшаға сабыр, нысап бер, қазағыма ауызбіршілік бер» деп барып, сосын ғана өзіне сұрайтын көп азаматтың бірі ретінде ғана жеке пікірімізді білдірген болатынбыз. Осыған байланысты ғалам­торда жазылған көптеген пікірлер де бізді­кімен үндесіп жатыр деуімізге болады. Солардың бірнешеуінен ғана үзінді келті­рейік.
«Бірде менің салаф досым «дін адам­дарды біріктірмейді» деп айтқан болатын. Ол да бұрын «мен алдымен мұсылманмын, содан кейін қазақпын» деп айтып жүрген. Кейін шешендермен араласты, арабтарды көрді. Ақыл жинады, сөйтіп біз, қазақтар, өз қазақилығымыздан ажырамауымыз ке­рек екенін түсінді.
Ана күні онымен әдейі хабарласып «сен осы ұлтшылдыққа қалай қарайсын» деп сұрадым. Қойған сұрағыма ол «ұлт­шылдық қазіргі таңда қазақтарды бірік­тіретін жалғыз күш, дін, өкінішке орай, бұл тапсырманы орындай алмай отыр» деп айтты».
Бұл енді, діннің қазақтың басын бі­ріктіре алмай отырғаны менің, сіздің, бә­рі­міздің арқамызға аяздай бата ма, батпай ма?! Абай Мауқарұлы атты Моңғолиядан келген мықты журналист досымыз «тіл қазақтың басын біріктіре алмайтынына көзім жетті, біріктірсе тек дін ғана біріктіре алады» деп сол жаққа ауысып кетіп еді. Де­мек, оның да еңбегі – еш, тұзы – сор бо­лып жатқаны да…
Қазақтың екінші атына айналған Абай атамыздан кейінгі өлең жолдары ең көп мақалға, нақылға, қанатты сөздерге айнал­ған Қадыр ағамыз: «Ел сынаса құлақ сал, ал, мақтаса – керең бол!» деп еді. Бізге осы «керең болу» бұйырмай-ақ кете ме деп қор­қамыз.
«Дін ойыншық нәрсе емес, біздегі ке­шегі дінсіз қоғамнан шыққан басшылар өздері білмегесін немқұрайлы қарап еді, енді өздері қорқа бастады. Сондықтан билік ойланулары керек, дін басына бі­лікті, ата-баба жолындағы нағыз ұлт қамын ойлайтын адам керек».
«Еліміздің Ата заңын және діни бірлес­тіктер хақындағы заңын алып, бір қарап шығыңыз. Ол заңдар бойынша ҚМДБ деген Қазақстандағы пәленбай мыңдаған қоғамдық ұйымдардың біреуі ғана. Құқық­тық тараптарына келетін болсақ қатарында ары кетсе 10 мың сенушілері бар христиан-баптистер сияқты діни бірлестіктермен дәрежесі тепе-тең. Бұл солай. Әбсаттар қажы Елбасына қайта-қайта жазып жүріп, әйтеуір барша мешіттерді әзер дегенде ғана қолтығының астына жиып алды».
Дін бөлек, мемлекет бөлек деу, шынына келгенде – берісін айтсақ адасқандық, ары­сын айтсақ нағыз екіжүзділік. Өйткені, мемлекет адамдардан тұрады, ал, сіз сол адамнан оның наным-сенімін, етінен тері­сін қалай ажыратып тастайсыз? Сол се­беп­ті әлемнің көп елінің ата заңында әлгіндей жазу жоқ. Тіпті біз үлгі тұтатын Батыстың ұлы елдерінде керісінше. Мысалы, өздерін дүниежүзілік демократияның атасы санай­тын ағылшын елінде Ұлыбритания пат­шайымы ресми түрде ағылшын шіркеуінің басшысы да болып саналады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Ал, мүфтидің барлық мешіт атаулыны өзінің қанатының астына алғанын өз ба­сымыз қол соғып қолдаймыз. «Мешітті өз қаржыма салдырдым ба, ол енді менің қарауымда болады, өзім қаржыланды­ра­мын» деген мүлде дұрыс емес. Мешіт са­лып бердіңіз бе, атаңызға мың рахмет, бұрылып қана өз ісіңізге кете беріңіз, ол қараусыз қалмайды. Тіпті ол ғимаратты сіз салғаныңызды да ешкім білмей-ақ қой­сын. Төбеде Құдай көріп тұр ғой, ол сіздің игі ісіңізді еселеп қайтарады өзіңізге. Пай­ғамбарымыз да «жақсылықты жасырып жасаңыздар» деген жоқ па еді.
«Жалпы біздегі муфтият жүйесі мұсыл­маншылық талаптарына онша сай кел­мей­тін, орыс отаршылары басымызға зорлап, байлап берген жүйе. Бірақ оны қиратып тастап, алаңсыз баспанасыз қалғаннан бұл да болса дұрыс. Сондықтан уақыты келіп, ірі реформалар жасалғанша, барды базар еткеннен басқа амал жоқ. Біздің ата-баба­ларымыз мүфтисіз де күн көрген».
«Адамзаттың басына келетін бәленің бәрі – әр адамның өз орнын тауып отыр­мауынан» деп, кім айтса да дұрыс айтылған екен! Осы уақытқа дейін муфтияттан «біз­дің ата-бабаларымыздың ұстанған жолы осындай еді, біз осындай жолдармен жүріп келген едік» деген сөздерін естігендеріңіз бар ма? Бүкіл адасқан ағымдарды ішке жинап алып, ауызбіршілікпен сыртқы жау­дан қорғануымыз керек деп жар сал­ғанымыз қалай? Бүгінде басқа дінге өтіп кеткен бес жүз мыңдай қандастары­мызды былай қойғанда, өз мұсылман дініміздің ішіндегі теріс догмаларға ұрынған бауыр­ларларымызды қайда жібермекпіз? Осы­ларды ойласаң, жаның түршігіп, Пайғам­барымыздың хадистеріндегі: «Атылған оқ қайтып келсе де, олар қайтып келмейді» деген жолдары есіңе түседі».
Ана жылы президент Путин митро­полит, патриарх Алексийдің иіліп қолын сүйді.. Бізде осы суретті көзге елестете аласыз ба?.. «Қазақ үні» газетіндегі мақала мүфтилеріміз сондай дәрежеге ертерек жетсе екен деген тілекпен жазылған бола­тын.
«Мүфтиатта да кемшіндер бар. Мүфти бар, бірақ мүфтиат жоқ деген сияқты. Оны жеңуге болады, қашан бір-бірімізді аңдуды тоқтатып, барды базарлай білсек. Дін біздің бүгінгі заманымызда екі оттың орта­сында қалып отыр. Біріншіден дін саясат­қа, екіншіден бизнеске айналды. Бұл жағ­дайда Әбсаттар қажының орнына басы алтын, арты күміс періштені әкеліп мүфти қойсаңыз да, одан еш өзгеріс болмайды.»
«Қайсыбір сайттарға кірсең қырғын айтыстар. Тақырыбы «Аруақ бар ма, жоқ па?» Бұл деген мұрты енді тебіндеген жас балалардың «махаббат бар ма, жоқ па» дегені сияқты айтыс-тартыстар ғой. Өйт­кені біз дін дегенді дау мен жанжал деп түсінетін дәрежеде жүрміз. Осыдан аман болсақ еді. Ол үшін Алланың бізге нәсіп еткендеріне мың қайтара шүкіршіліктер айтып, Алладан бас мүфтиіміз бен имам­дарымызға Хидаят, Тауфық тілейік».
«…Сол егемендік алдық деген кезеңнен билік дін мәселесінде үлкен қателік жі­берді. Меніңше сол саналы түрде жасалды. 70 жылдық құрсау, діні жоқ мемлекет ва­куумына барлық дін атауын кіргізу кесапат екені бесіктегі балаға дейін белгілі. Соның «жемісін», міне, көріп отырмыз. Билікке сол керек болды, қазақтың санасы бөлінсе, бір-бірімен дін төңірегінде қырқысып, ел­дік мәселе екінші орынға ығысады. Солай тоз-тоз болдық, билік білгенін еркін істеді. Ендігі кезең басқа – қазақтың жігіттері дін төңірегіндегі дауды доғарып, елдік мақ­сатқа жұмылуымыз керек, әйтпесе ертең кеш болады».
Біз де соңғы екі пікірге қосылғаннан абзалы жоқ деген пікірге тоқтадық. Заңгер мырза, «мақалаңызды теріске шығарыңыз» дейді. Оу, кешегі оң ойымыз бүгін қалай теріске айнала қалады? Кейін теріс деп санайтын болсақ, мақала жазбаймыз да ғой. Бірақ мақа­ламыздың мүфти бауыры­мызға шын жү­ректен, ақ тілекпен жақ­сы­лық ойлап жа­зылғанына, қарғанбай-ақ қоя­лық, «Адал болсаң, ант ішпе» деген емес пе, бір Алла-Тағала куә. «Артық қы­ла­мыз деп тыртық қылып алған» болсақ, мiне осы үшiн де шын көңілімізбен кеші­рім сұ­раймыз.
«Дін төңірегіндегі дауды доғарып, елдік мақсатқа жұмылуымыз керек, әйтпесе ертең кеш болады».
Бұдан артық не айтуға болады?..

                                                                          Өмірзақ АҚЖІГІТ 

1 Пікір

  1. Мен мүфтиді шығыс­танушы ғалым ретінде төбеме көтеруге дайынмын. Бірақ, біз тыңнан жол салған керемет зерттеуші ғалымнан айрылдық, оның да, халықтың да обалына қалдық. Ол сол қызметінде отыра бергенде, қазаққа әкелер пайдасы ұшан-теңіз болар еді ғой!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз