БІЗДІҢ ДІНИ БӨЛШЕКТЕНУІМІЗДІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Елімізде діни ахуал күн санап күрделеніп бара жатқан сияқты. Мүмкін, біздің бұл пікірімізбен көп адам келіспес те. Олар дәлел ретінде кейінгі кезеңде қабыл­дан­ған дін туралы жаңа заңды, Дін істері жөнінде агенттіктің құрылғанын алға тартар. Әрине, қолға алынып жатқан істерді жоқ­­­қа шығаруға болмайды, бі­рақ, қандай заң, қандай жаңа мем­лекеттік құрылым болғанда да мәселе оның сыртқы пошым-пішімінде емес, ішкі мазмұнында ғой. Біз бүгін еліміздегі Мұсыл­мандардың діни басқармасының жұмысы жайлы бір-екі ауыз пікір білдірсек дейміз. Биік лауазымды орынға оты­рар адамға қашанда қойылар ең бірінші талап – әлгі адамның өзі басқарар саланың үлкенді-кішілі мәселесінің бәрін білетін, тео­риялық білімі мен тәжірибелік біліктілігі қатар ұштасқан білгір маман болуы. Тіпті бар ғұмырын соған арнаған болса тіпті жақсы, Рас, кейде қауіпсіздік комитеті, қорғаныс министрлігі секілді ар­найы күштік ұйымдарға бұл са­лада бұрын жұмыс істемеген, аза­­маттық саланың маманын апа­рып отырғызатын жағдайлар да кездесіп жатады. Бірақ, бұл әдетте экономикасы мен мемле­кеттік ұйымдарының жұмысы әбден қалыптасқан, министр тұр­мақ министрлер кабинеті Ита­лиядағыдай жыл сайын дер­лік ауысса да, тіпті Бельгияда­ғы­дай екі-үш жылдап үкіметті та­ғайындаудың реті келмесе де ел экономикасы мен қоғамдық ахуал­ға оның бәрі соншалықты әсері бола қоймайтын батыс ел­дерінде кездесетін үрдіс. Басқа жағ­дайдың бәрінде ондай әрекет оң нәтиже бере қоймайды. Со­ның айқын бір дәлелі – Ресейдегі қорғаныс министрлігін соңғы бес жылға таяу уақыт салық сала­сы­ның маманы Сердюковтің басқа­руының салдарынан әлемдегі қару-жарағы ең мықты дамыған, орыс елі мен халқының шын мә­нінде көкірек қаға мақтан тұтуы­на тұрарлық жалғыз саланың күй­­­реуге жақын қалуы. Біздің елі­мізде де ішкі істер министр­лігін З.Тұрысбеков басқарған ке­зең әскерилер киімінің жаңа формаға көшуімен ғана есте қал­ды. Бұның бәрін айтып отырған­дағы мақсатымыз – он жылдан астам уақыт бойы Қазақстан­да­- ғы мүфтиятті филолог-ғалымның бас­қарып отыруы. Жоғарғы би­лік­тің таңдауы өз кезінде неге нақ сол адамға түсу себебін біз анық біл­мейміз, тек Ақордаға сондай адам керек болған ғой деген жо­ра­мал ғана көңілге қонымдырақ көрі­неді. Бүгінгі мүфти билік тара­пы­нан ұсыныс жасалған жан­дардың ішінде аталған орын­ға баруға қар­­сы болған жалғыз адам деген де әңгіме айтылады. Қарсы бол­ға­ны – адамгершілік, қарсы тұра алмағаны – пендешілік болған. Аяз бидей әлін білуін біл­генмен, Мұқағали жырға қос­қан, қам сүт емген пенденің бәріне тән осал­дық жеңіп кеткен ғой. «Нә­тижесі» бүгін бәріміздің көз алдымызда. Кез келген басшының – ол не­ғұрлым жоғарылаған сайын со­ғұрлым – кез келген нұсқауы, бұй­рығы, жәй ғана пікірінің өзі де бір, көлдің ортасына түскен тас та бір – толқын барлық жаққа бірдей тарайды. Мемлекет бас­шы­сының жарлығы, қол қойыл­ған заңының бүкіл қоғамда әсер етпейтін қуысы қалмайды. Бас мүфти де дәл сондай. Тіпті оның қызметі президенттің қызметінен де жауапты, өйткені оның жұ­мысы президенттікі секілді адам­ның санасына қатысты емес, сол сананы билеп-төстейтін түпса­наға қатысты. Ақыл-ой санаға байланса, сенім-наным түпсанаға байланады. Сондықтан бұл сала­ны басқаратын адам асқан діни білімді болуы тиіс. Бірақ, бүгінгі заманда оның өзі аз. Себебі, өтпелі кезең – өт­кір адамдар кезеңі. Әсіресе, дін секілді идеологияның, мыл­тық­сыз майданның алдыңғы шебінің әрбір имамы білімді болумен қа­тар сөзге шешен, ойы ұтқыр бо­луы міндет. Ал, мүфтидің азуы­ның алты қарыс болуы – екі бас­тан. Осыдан бір-екі жыл бұрын, мүфти сайлануы жақындап, осы мансаптан үміткерлер жан аямай, жан-жаққа жүгірісіп жатқанда үміткерлердің ішіндегі бір аза­матпен сөйлесіп қалғанымыз бар еді. – Мүфтилікке қолыңыз жете қалса, ісіңіздің ең басты бағыты қандай болмақ? – деп сұрақ қой­дық. – Мен ең алдымен мүфти басымен қала әкімі боп тұрған В.Храпуновтың қабылдауына жарты жыл кіре алмаушылық секілді сорақылықтарды жояр едім. Мен Алматының әкіміне «маған пәлен уақытта келіп ке­туіңізді өтінемін» деген болар едім. Келмесе, күштеп алдырар едім! Әлгі азаматтың жауабы біздің қышыған жерімізге тиген несіне жасырайық... Күні кеше бар қа­зақтың ширегіне жуығы мекен­деген ұлттың ұйысы Оңтүстікке барып келгенімізде, облыстың бас имамы облыстың бас әкіміне жарты жылдан бері кіре алмай жүргені жайлы сөзді құлағымыз шалып қалды. Орыс халқында бұн­дай жағдайда айтылатын «ка­ков поп – таков приход» деген мақал бар. Қазақшалар болсақ: «мүфти қандай болса – имамдар да (мүриттер де) сондай». Әрқашан да әркім өзіне ұқсас нәрсені іздейді. Билік басын­да­ғылар да дін басыларын өзіне ұқ­сас адамдардан таңдайды. Қа­зiр елімізде билік халықтан қан­ша­лықты алшақ болса, мүфтият та соншама алшақ. Әрине, діни басқарма қызмет­керлеріне ең алдымен білім же­тіспейді. Екіншіден, білімі барла­рының өзінде күрескерлік қасиет жетіспейді. Бұдан біраз жыл бұ­рын оралмандар жайлы «Жалын» журналының, «Жас Алаш» газеті­нің редакцияларында бірнеше «дөңгелек үстел» өткізген соң, ке­лесі жиынды қайда өткізсек екен деген сұрақ туды. Сол кезде кеңесіп отырған жігіттердің бірі­нің ойына: «мынау Орталық ме­шіт қасымызда тұр ғой, көптің ісі үшін бұдан артық қандай жер ке­рек?» деген идея келе қалғаны. Бәріміз қуанып, алып-ұшып ме­шітке жеттік. Бас имам жоқ, оның орынбасары бар екен. Кел­ген бұйымтайымызды естіген имам­ның ат-тонын ала-қашпасы бар ма: – Ағайындар, біз ондай басқо­суға рұқсат бере алмаймыз! – Оу, неге? Кімнен, неден қор­қасыздар? – Біздің әр қадамымыз ба­қылаулы. Дін тақырыбынан бас­қа жиындарға рұқсат жоқ! – Бауырым-ау, қауіпсіздік комитетінен біз, адам жолында жүргендер қорықсақ болады. Ал, Алла-Тағаланың жолында жүрген сіздер тек қана бір Құдайдан ғана қорқуға тиіс емессіздер ме? – Жо-жоқ, атамаңыз, біз де жеп отырған нанымыздан айрыл­ғымыз келмейді! Міне, сол жігіт қазiр екі-үш жыл­дан бері батыстағы діни ала­уыз­дық барынша өршіп тұрған облыстың бірінің бас имамы... Екінші мысал. Біз өзіміз қаты­сып жүрген астарда, Құдайы та­мақтарда (батыс өлкенің халқы бұндай тамақты «садақа» деп атайды), ораза кезіндегі ауыз­ашар­ларда әрқашан сол жиынға келген, дәлірегі шақырылған, басқосудың басты тұлғасы болуы тиіс молда, имамдардың өздерін қалай ұстайтынын үнемі бақы­лау­мен боламыз. Бірде нағашы­мыз­дың қырық күндігіне бардық. Сол үлкен елдімекеннің имамы білімді жігіт деп сырттай көп ес­ти­тінбіз. Тамақ келгенше бір са­ғаттай уақыт отырғандар «еркек өсекке» ерік берді. Имамда үн жоқ. Тамақ желінді, жиналған жұрт қайтуға ыңғайлана бастады. Сол кезде имамға сұрақ қойдық: – Молдеке, егер артық кетіп жатсақ айыпқа бұйырмайсыз, бірақ сіз өзіңіздің басты кәсіби мін­детіңіз, әсіресе, осындай жиын­­дарға қатысты, не деп бі­ле­сіз? – Түсінбедім? – Біз де соны түсіне алмай отыр­мыз. Міне, сіз келдіңіз. Та­мақ келгенше аузыңызды ашқан жоқсыз. Әңгімеге араласпай бейтарап адам болып отырдыңыз. Біздіңше, осындай жиындарда, алдыңызға осыншама халық жи­на­лып отырғанын пайдала­нып, өтірік-өсекті тоқтата тұрып, бір мезгіл уағыз айту, халықтың көзін аша беру сіздің тікелей қызметтік міндетіңіз емес пе? Тіпті, адам тұр­мақ, әуелі Алла-Тағаланың алдындағы өз еркіңізбен мойны­ңызға артқан міндет сол емес пе? Имам шырт ете қалды: – Жұрт сұраса айтамыз. – Ал, сұрамаса ше? Жұртқа ауылдағы кімнің малын кім ұрла­ғынан бастап, Американың пре­зи­­денті кім болатындығы қызы­ғы­­рақ көрінсе, сонда сіз сол жұм­ған аузыңызды ашпаған күйі қайтып кетесіз бе? Ет жеп, шай ішуге ғана келдіңіз бе? Онда сіз­дің діни қараңғы адамдардан айыр­машы­лығыңыз не болды? – Тыңдаушысы табылмаса – сөз жетім... – Өте дұрыс! Бірақ, ол нақыл сіз жұртты аузыңызға қаратуға ең болмаса бір-екі рет әрекет жасап, оныңыздан нәтиже шықпаған кезде ғана дұрыс. Ал, сіз жарты әре­кет те жасаған жоқсыз ғой. Міне, миссонерлердің, сектант­тардың қазақты дін-исламнан шығарып, жат, жағымсыз ағым­дарға ертіп әкетіп жатқанының себебі – олардың көшедегі елдің алдын орап жүргізбейтін, үйіне барып тыныштық бермейтін ба­рынша белсенділігі мен сіздердің осындай бойкүйез, жайбарақат жатқан бейәрекетсіздіктеріңізде. Қазақ діни бөлінушілікке бой алдырып, бір отбасыдағы жандар бірнеше дінге кіріп кетіп, бақыт­сыздыққа ұшырап жатса, соған ең алдымен мына сіздер кінәлі­сіздер! Имамға осыдан соң барып «жан бітті». Көсіліп сөйледі. Ше­шіліп сөйледі. Шынында да бі­лімді екен. Тыныш жерде дау туғанын көріп қайтқысы келмей қалған көпшіліктің талай сұрағы­на уәжбен, нақты, салмақты жа­уап беріп жатты. Бұл не деген сөз? Бұл жоғарыда айтылған екі имам да зияткерлік айтыс-тартыстарға түсіп шынық­паған, шыңдалмаған, өзінің діни, адами ұстанымы берік қалыптас­паған жандар деген сөз. Олар іс жүзінде бір күндік тамағы үшін жүрген, Алла Тағаланың хақ діні – ислам үшін аянбай тер төгіп беріп, керек болса, жанын қимақ тұрғай, тұяғының ұшын артық қимылдатпайтын жандар деген сөз. Енді өздеріңіз ойлап көріңіздер, көлеңкесінен қорқа­тын, жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтін осы секілді имамдар халықты қалай өз бау­рына тарта алмақ? Сектанттар­мен, миссионерлермен олар қа­лай күресе алмақ? Қайрат Лама Шариф мырза «Дінде экстремизм жоқ» деп ма­қала жазады. Дәстүрлі діндер­дің ұстаным-қағидаларында экстре­мизм жоқ та шығар, бірақ, дінді тарататын адамдар ғой. Адами фак­тор әрқашан өз рөлін ойна­май тұра алмайды. Дәстүрлі хрис­тиан діні де, оның ағымдары да, шын мәнінде тасада тұрып бәрін билеп-төстеп отырған иудаизм өкілдері оларды да, өз дінін де әлемге тарату, насихаттау, салта­нат құруына қол жеткізу үшін қар­жыны да аямай шашып, өзге­лердің қолымен от көсеп, ең бі­рінші кезекте ислам дінін іштен іріту үшін небір қулық-сұмдыққа баруда. Олардың бұл бағытта жиған тәжірибесінің теңдесі жоқ. Ислам оған дәл өзіндей ептілік­пен, амал-айламен жауап бере ал­мауда. Батыста шіркеу қызмет­керлері қайта-қайта Құран өр­тей­ді, пайғамбарымызды мазақ­таған мақала, фильмдер жарық кө­руде. Мұсылмандар болса, ел­ші­ліктерге шабуыл жасаудан, дү­кендерді өртеуді ғана біледі. Хил­лари Клинтон секілді беделді сая­саткердің өзі «кинофильмдер қандай жағымсыз түрде жасалға­нымен, олар бұзақылыққа, экс­тре­мисттікке негіз бола алмайды» деп, бәленің бәрін мұсылмандарға аударып, олар әлем алдында кі­нәлі болып көрініп қалып жатыр. Ньютон ашқан табиғаттың заңы бойынша «әрбір әрекет қарсы әре­кет ту­дырмай тұра алмайды». Бірақ, сол қарсы әрекет сауатты, қамырдан қыл суырғандай болуы тиіс. Біз қой терісін жамылып, ағы­лып келіп жатқан, ұлтымызды іштей іріту жоспарын табанды­лық­пен, тұрақты, жүйелі түрде асқан шеберлікпен жүзеге асы­рып жатқан нағыз экстремистерге қалай тойтарыс бере аламыз? Бүгінгі дін басымыздың, мүфти бастаған имамдарымыздың ол талапқа сай емесі бесенеден бел­гілі. Не істеу керек? Ойланайық. Әлі де кеш емес. Бірақ, уақыт біз­ге қарсы екенін де ұмытпайық. Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ