ШЫҒЫС МЕШІТІ ШҰҒЫЛАҒА БӨЛЕЙДІ

  Жақында Шығыс жұрты көптен бері асыға күткен Өскемендегі Ертіс­тің сол жағалауында салынған жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Жаңа мешітте бір мезетте үш мың адам құлшылық жасай алады. Әйелдер намаз оқып, құлшылық ететін жеке бөлме де қарастырылған. Сонымен қатар қатымхана, кітапхана, неке залы мен сүндеттеу бөлмесі де бар. Мешітке келушілердің көліктерін қоятын авто­тұрақ та жоспардан тыс қалмаған. Ме­шіт құрылысына 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. 11-ден астам мердігер компания құрылыс жұ­мысына қатысты. – Бұл имандылық үйін еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі дегеніміз дұрыс шығар. Ғимараттың жалпы биіктігі – 20 метр, мұнараларының биіктігі – 63 метр (бұл биіктіктің де өзіндік астары мен мән-мағынасы бар. 63 – бұл Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбары­мыздың өмірден озған жасын көрсетсе, мұнараның жанындағы бес күмбез мұсылманның бес парызын әйгілеп тұратын көрінеді – А.Қ). Ауданының жалпы көлемі 800 гектарды құрайды. Ғимараттың бірінші қабатында үш қатымхана орналасқан. Біріншісі, ең үлкені – 300 адамдық, қалған екеуі – 70 орындық. Оған қоса ас бөлмесі бар. Ал екінші қабатта Құран-кәрімді үйренетін және оқитын екі сынып бөл­месімен қатар дәрет алу орны қарас­тырылған. Сондай-ақ, мың жарым адамға арналған шағын зал жұмыс істейді. Ғимараттың үшінші қабатында балконымен қосқанда сыйымдылығы 2500 орынды құрайтын намазхана болады. Ер-азаматтар негізгі залда намаз оқыса, әйел адамдар балконда ғибадат-құлшылықтарын жасайды, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы Нұрлан қажы Асанов. Айта кетейік, көлемі жөнінен Ас­тана қаласындағы «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешітінен кейінгі орынды иеленетін имандылық үйінің ашылу салтанатына Мемлекеттік хат­шы Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Дін іс­тері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф және зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл мешіттің ашылар сәтін Шығыс жұрты ғана емес, жүрегіне иман нұры ұялаған еліміздің көптеген азамат­тары­ның тағатсыздана күткені анық. Күтетіндей-ақ жөні бар. Өйткені, ғимарат құрылысы 2009 жылы бастал­ған-ды. Қаржы жетіспеушілігіне бай­ланысты құрылысы үш жылға созылған имандылық үйінің еңсе тіктеуіне Шығыс жұрты жұдырықтай жұмылды, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай еңбек етті. Әсіресе, бұл тарапта Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың еңбегін бөле-жара айтуға тиіспіз. Мешіт құ­рылысының сағызша созылғанына жаны ауырған ел жанашыры биылғы көктемде өңірдегі кәсіпкерлер мен өзге де азаматтардың басын қосып, үлкен бастама көтерді. Жұртты иман­дылық үйінің құрылысына бір кісідей атсалысуға шақырды. Нәтижесінде соңғы үш айда ғимарат құрылысы қар­қын алып, 20 мыңға жуық адам сауапты іске өз үлестерін қосты. – Бүгін – біздің өлке үшін тарихи күн. Дінімізді, дәстүрімізді сақтау үшін осындай зәулім, салтанатты мешіт бұ­рыннан қажет еді. «Ештен кеш жақсы», осындай қуанышты күнге жетіп отыр­мыз, – деген-ді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапар­баев мешіттің ашылу салтанатында сөйле­ген сөзінде.   Мұхтар Құл-Мұхамед, мем­ле­кет­тік хатшы: – Тек қазаққа ғана емес, бүкіл түр­кі халықтарына алтын бесік болған қасиетті мекен Алтайда елі­міздегі ең үлкен мешіттердің бірі ашы­лып отыр. Осы құтханаларыңыз құтты, қайырлы болсын. Біз Тәуелсіздік ал­ған­ға дейін бүкіл елімізде алпысқа жуық қана ме­шіт болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз әрбір аза­матқа өзінің ғазиз дінін, мүбәрәк дінін ұстануына жағдай жасады. Соның арқасында, елімізде бүгінге дейін 2500 мыңға жуық мешіт ашылды. Осының барлы­ғы еліміздің береке-бірлігін арттыра­тын жағдай. Сондықтан барлы­ғы­ңызды бүгінгі болып жатқан қа­сиетті шарамен шын жүректен құт­тықтай­мын. Шығыс Қазақстанның азаматы ретінде Шы­ғысқа қазақи рух берген, облыс орта­лы­ғына Абай ата­мыздың ескерткішін орнатқан, енді, міне елі­міздегі ең үлкен мешіттің бірін сал­ғыз­ған облыс әкімі Бердібек Маш­бекұлы Сапарбаевқа үлкен рахметімді айта­мын. Еліміз руханиятын дамытып жат­қан бүгінгі сәтте бұл мешіт бүкіл елді береке-бірлікке шақыратын иман­ды­лық үйі, тамаша құтқана болсын деп тілеймін. Қуаныштарың құтты болсын, ағайын.   Бошай Кітапбаев, Ұлы Отан со­ғысының ардагері, Социалистiк Еңбек ерi: – Өскемен қаласында мұндай үл­кен мешіттің ашылуы өңіріміздегі ру­ханиятымыздың бүгінгі бет-бейнесін көрсетеді деп ойлаймын. Бұл мешіттің шығыс елінің береке-бірлігімен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың арқа­сында салынғанын айрықша атай кет­кен жөн. Маусым айынан бері барлық ау­дан­дар мен басқармалар, иманды аза­маттар білек түріп, белсене жұмыс жасағанын көрдік. Тіпті, өзге ұлт өкіл­дері де жатырқамай келіп жабыла ат­салысты. Бұл да болса біздің елдің айрандай ұйыған береке-бірлігін көр­сетсе керек. Дулат Исабеков, жазушы, драма­тург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: – Бүгін, міне, Шығыста анау Иеру­са­лимдегі «Аль-Ақсаға» ұқсайтын, мынау өзіміздің Астанамыздағы «Әзі­рет Сұлтан» мешітіне ұқсайтын сәу­летті де көрікті мешіт бой көтеріп отыр. Әрине, елімізде басқа мешіттер де салынып жатыр, алайда бұл ғима­раттың орны бөлек. Мұның бәрі тәуел­сіздігіміздің арқасы, әйтпесе, баяғы заман болса, мұндай құрылысты сала­мыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмес еді ғой. Енді, міне, егемен­діктің арқасында осының бәрі көз алдымызда болып жатыр. Бұған қарап бәрі бірте-бірте болатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Біткен істің басына, жақсы келер қасына» демекші, бүгін осы салтанатты шараны өздері­ңізбен қатар бөлісуге еліміздің игі жақсылары, зиялылары келіп отыр. Бұл күн мемлекетіміздің тарихында қалатын маңызды күн болмақ. Елімізде мешіт көбейе берсін, мешіт көбейсе, бесік те көбеймек. Азамат Әбілұлы, Өскемен қаласы